«Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінің өзі құпия негізде жүзеге асырылатындықтан, халыққа тұрақты түрде әрі толыққанды ақпарат беру мүмкін емес. Комитет өткен жылдан бері бірқатар күрделі қарсы барлау операциясын сәтті жүзеге асырды. Соның ішінде құпияларды қорғау бағытында мемлекеттік органдарда 334 тексеру жүргізіліп, 3 мыңнан аса заң бұзушылықты анықтадық. Нәтижесінде, 9 адам қылмыстық, 320 адам әкімшілік және 372 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды», деді Ермек Сағымбаев.
Сонымен бірге кейінгі 5 жыл ішінде халық көп жиналатын жерлерде және билік органдарына қарсы дайындалған 18 террористік актінің жолы кесілді. ҰҚК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп шетелдік экстремистердің арбауына тап болған адамдарды райынан қайтаруға, яғни дерадикализациялау жұмыстарына белсенді түрде атсалысқан. Өңірлерде радикалды идеялардың таралуына ықпал ететін факторларды анықтаумен және жоюмен айналысатын 205 терроризмге қарсы комиссия қызмет етеді екен.
«Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ҰҚК жұмысының басым бағыттарының бірі. Еркін айналымдағы ақпараттың ел қауіпсіздігіне, оның саяси, экономикалық, қорғаныс және басқа да салаларына ықпалының артуына байланысты бұл бағыттағы жұмыстар уақыт өткен сайын өзекті бола түсті. Автоматтандыру үдерістерінің қарқынды дамуы, ақпараттық технологиялардың қазіргі өмірдің барлық саласына енуі ресурстар мен деректерге рұқсатсыз қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Әсіресе хакерлер мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарына ерекше «қызығушылық» танытады. Тек осы жылдың басынан бері қарай 95,4 миллионнан астам кибершабуыл мен 3000 DDoS-шабуылдың беті қайтарылғанын айтсам жеткілікті шығар. Олар интернет желісінің отандық сегментіндегі қорғалған мемлекеттік және өзге де ресурстарға заңсыз қол сұғуды көздеген болатын», дейді ҰҚК төрағасы
Сонымен қатар Ермек Сағымбаев қол жеткізген табыстарымыздың қатарында халықаралық терроризм мен экстремизмге қатысы бар адамдардың шетелден елге ену жағдайлары тоқтатылғанын атап өтті. Тек осы алғашқы жарты жылда ҰҚК Шекара қызметінің күштері 11 000-нан астам шекара бұзушы ұстап, 100 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, 7,5 млрд теңгеге бағаланған 1 тоннаға жуық түрлі есірткі заттары, сондай-ақ декларацияланбаған тауарлар мен жүктер тәркіленген.