Президенттің бұл қадамы еліміздегі қоғамдық диалогті нығайта түсу үшін жасалғаны мәлім. Осы маңызды да, қажетті ұсыныстан кейін, халық арасында қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар құрылып, жоғары және орта деңгейдегі үкімет органдарымен халық ортасынан шыққан ұжымдар арасындағы тікелей байланыстар, «алтын көпір» пайда бола бастады. Алдын ала айта кетейік. Біздің Түркістан облысында өткен жылы «Әділ билер» қоғамдық бірлестігі құрылып, жергілікті мемлекеттік органдармен, аудан және ауыл округтерінің әкімдерімен біргелесе ел мен елдегі жер туралы, отбасылық араздықтар мен өзара кикілжіңдер, тұрмыстық-әлеуметтік және де басқа да мәселелерді уақтылы, дер кезінде шешуде ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл дегеніңіз – аудандық құқық қорғау орындарының онсыз да қордаланып қалған жұмыстарына оңды, нәтижелі көмек деген сөз.
Сонымен қатар «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің билері мен алқа мүшелері қалалар мен кенттердегі, елді мекендердегі тазалық, көгаландыру, ауыз сумен, табиғи газ, электржүйесімен қамту, аз қамтылған отбасыларын қолдау, көмек беру мәселелерімен де тікелей айналысуда. Осы бір, ата-бабамыздан, сан ғасырлар бойы келе жатқан «Билер мектебін» жандандырып, қайта құру үрдісі тек қана біздің облыста ғана емес, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және басқа да облыстардағы аудандар мен елді мекендерге үлгі ретінде таратылуда. Президентімізді іс жүзінде қолдау дегеніміздің нақты мысалы деп, «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің жұмысын айтсақ болады.
Ұлттық құрылтайда Президент ел көкейінде жүрген мәселелер бойынша өз ой-пікірін де ортаға салады. Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажеттігі айтылды. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс дей келе, Мемлекет басшысы осы жұмыстардың сегіз бағытын нақтылады.
Бүгінде мемлекетіміз көптеген құнды іс-шара жасауда. Соның маңыздыларының бірі – ғылым академиясын қайта құру. Ұлтымыздың даму жолында және де бір маңызды мәселе, ол мемлекеттік ана тілімізге деген қолдау. Негізі, Ата Заңымызда анық, нақты айтылған: Қазақстан Республикасының әрбір азаматы білім алуға, ғылыми ізденістер, жұмыстар жүргізуге құқылы. Сондықтан да әрбір азаматқа қай жерде де, қалалық не, ауылдық жерде тұрмасын ғылыми жұмыстармен айналысуына толық мүмкіндіктер жасалуға тиіс. Расын айтсақ, қазақ тілінің жан-жақты дамуының бірден-бір жолы ол – қазақ әдебиетінің, соның ішінде филология саласының ауқымын арттыру. Яғни ғылыми жұмыстарын тек қана күндізгі жоғары оқу орындарында ғана емес, негізгі мекенжайы, жұмыс орнынан қол үзбестен, сырттай, осы бір ұлтымызға өте қажетті қазақ әдебиеті – филология ғылымын дамытуға шектеу жасалмастан мүмкіндік беру. Бұл – біздің, әрбір азаматымыздың бірегей ғылыммен айналысуына толық жол ашылады деген сөз.
Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі