Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде интернет желісінде тұрақты түрде заңсыз мазмұндағы сайттарға мониторинг жүргізеді. Заңсыз мазмұн деп отырғанымыз – суицидке итермелеу, порнографиялық материалдарды тарату, қатыгездік пен зорлық-зомбылық, экстремизм мен есірткі туралы ақпараттар. «Заң талаптарын бұзған сайттарға және әлеуметтік желі қолданушыларына қандай шаралар қолданылады?» деген сауалға келсек, заңда онлайн-платформалар мен блогерлердің құқықтары мен міндеттері белгіленген. Атап айтқанда, қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар желіде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Онлайн-платформалардың қарапайым пайдаланушылары үшін айыппұл 20 АЕК болса, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 40 АЕК. Заң бұзушылық орын алған сайттар шетелде тіркелген жағдайда, олар туралы ақпарат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің уәкілетті органына шара қабылдау, яғни Қазақстан азаматтарына қолжетімділікті шектеу-бұғаттау үшін жіберіледі.
Жалпы, интернеттегі жалған хабар тарату, ар-намысқа тию, экстремизм мен терроризмді насихаттау секілді құқыққа қайшы іс-әрекеттер бойынша шара қабылдау – тек Ішкі істер министрлігінің міндетіндегі жұмыс емес. Бұл бағыттағы жұмыстарды басқа да мемлекеттік органдар атқарады. Мәселен, Ішкі істер министрлігіне АҚДМ мен Бас прокуратурадан тұрақты түрде хаттар келіп тұрады. ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы өз бағыты бойынша жұмыс істейді. Біз көбіне интернеттегі алаяқтық қылмыстарына қатысты әрекет етеміз. Ал есірткі немесе экстремистік сипаттағы қылмыстар бойынша министрлік құрамында жұмыс істейтін арнайы департаменттер бар.
Жандос СҮЙІНБАЙ,
ІІМ Криминалдық полиция департаменті,
Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы