Елордадағы «Beeline Arena» спорт кешеніндегі білекті балуандар бәсекесінде жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрініп, жалпы саны 23 медаль (6 алтын, 4 күміс және 13 қола) жеңіп алды. Бұл көрсеткішпен отандастарымыз тек Ресей құрамасын алға жіберіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Үздік үштікті Түрікменстанның балуандары түйіндеді.
Елімізде осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған әлем чемпионатында ел намысын 42 спортшы (32 ұл, 10 қыз) қорғады. Жарыстың соңғы күнінде Қазақстан спортшыларынан Қалмұхан Тұрмаханбет (57 кг), Әділет Шалғынбекұлы (62 кг), Ақтөре Сұлтанбекұлы (75 кг), Тоқтарбек Айдарбек (90 кг) және Бекбол Нұрланұлы (100 кг) алтын тұғырдан көрінсе, Данияр Күнкібаев (68 кг) пен Эскерхан Осканов (100 кг) күміс, Айбек Қазақбаев (62 кг), Рахмет Сәпиев (82 кг) және Нұрсұлтан Қожагелдіұлы (+100 кг) жаһандық доданың қола жүлдесіне ие болды.