Қажетті шара
Мемлекеттік реттеуді енгізу және сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасын тежеу нәтижесінде былтыр ішкі нарықтағы тұтыну 2021 жылмен салыстырғанда 400 000 тоннаға немесе 28%-ға өсті. Осы уақыт ішінде инвестицияның болмауына байланысты республикада сұйытылған газ өндірісі 400 000 тоннаға немесе жылдық мәнде 10%-ға қысқарды.
Өндірістің төмендеуінің негізгі себептерінің бірі ‒ инвестициялық тартымдылықтың болмауы. Нәтижесінде, өндіруші зауыттар сұйытылған мұнай газын өзіндік құнынан төмен бағада саудалады. Бұл ретте нарықтық баға белгілеу жағдайында мотор отыны ретінде сұйытылған газдың құны АИ-92 маркалы бензин бағасының 70%-ын құрауға тиіс. Яғни ішкі нарықтағы тапшылықты болдырмау және сұйытылған мұнай газын өндіруді ұлғайту үшін отынның осы түріне бағаны АИ-92 маркалы бензин бағасының 70% деңгейіне дейін кезең-кезеңімен ұлғайту қажет.
Өнімді өндіруді ынталандыру және зауыттардың шығындарын ішінара азайту мақсатында Энергетика министрлігі өндіруші зауыттардан шекті бағаны ҚҚС-сыз тоннасына
33 600-ден 40 320 теңгеге дейін ұлғайтты, ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі биылғы шілдеден бастап өңірлерге байланысты бөлшек бағаны литріне 4-6 теңгеге ұлғайтты.
Ішкі нарықты көлік құралдары үшін газбен қамтамасыз етудің тағы бір шарасы ‒ сығылған немесе сұйытылған табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды дамыту. Табиғи газды көлік құралдары үшін отын ретінде пайдалану сұйытылған мұнай газын пайдаланудан гөрі ұтымды шешім. Өйткені соңғысы мұнай-газ химиясын дамыту үшін көмірсутек шикізатының құнды фракцияларына ие. Басқаша айтқанда, қазіргі уақытта біз автокөлік құралдарының қозғалтқыштарында мұнай-газ химиясы саласы үшін құнды шикізатты литріне 54-76 теңгеге жағамыз, ал басқа елдерде одан құны тоннасына 500-700 мың теңге өнім өндіріледі.
Осыған байланысты мемлекет сығылған немесе сұйытылған табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды дамыту, сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалану және сұйытылған мұнай газына бағаны кезең-кезеңімен ұлғайту қажеттілігін алға тартып отыр.
Сәлім НАҒЫМ,
мұнай-газ саласының сарапшысы
Нарық пен сұраныс шарты
Елімізде сұйытылған газдың негізгі бағасы 50-70 теңгенің арасында болса, көрші елдерде екі есе жоғары. Мәселен, Тәжікстанда – 167 теңге, Қырғызстан мен Ресейде – 160 теңге, Әзербайжанда – тіпті, 177 теңге. Бұған қоса республикамызда газбен жүретін автокөліктер саны көбейіп барады. 2021 жылы 313 мың көлік болса, 2022 жылы олардың саны 57 пайызға артып, 490 мыңға жетті. Көлік саны осылай арта беретін болса, елде сұйық газдың тапшылығы пайда болып, бұл өнімді сырттан сатып алуға мәжбүр боламыз. Ал енді сырттан 160 теңгеге алып, ішкі нарықта 50-70 теңгеден сату – тиімсіз. Тағы бір маңызды мәселе ‒ халықтың сұйық газды тұтыну деңгейі. Мәселен, 2021 жылы 1 млн 400 мың тонна газ тұтынылса, былтыр бұл көрсеткіш 1 млн 800 мыңға жетіп, 28 пайызға өскен. Осы ретте елімізде сұйытылған газдың өңделуі 400 мың тоннаға дейін қысқарды. Бұл – өндірушілердің шығынға ұшырауына әкелуі мүмкін үрдіс. Қала берді, енгізілген шектеулерге байланысты олар өнімді экспортқа да шығара алмайды. Сондықтан сұйытылған газ бағасының өсуін заңды нарық айқындаған шара деп қабылдаған жөн.
Абзал НАРЫМБЕТОВ,
EnergyAnalytics телеграмм-каналының авторы, мұнай-газ сарапшысы