Күншығыс еліндегі жарыста еліміздің спортшылары да өнер көрсетіп жатыр. Әлем чемпионатының кезекті күнінде жарыс жолына отандасымыз Эдуард Ким шығып, ел қоржынына әлем біріншіліктері тарихындағы алғашқы жүлдені салды. Артистік жүзу бәсекесінде бақ сынаған Ким техникалық бағдарламада 216.000 ұпай жинап, әлем чемпионатының қола медалін иеленді. Бұл сында бас жүлдені испаниялық Диас дель Рио Сол Фернандо (224.555) олжаласа, күміс жүлде америкалық Годе Кеннетке (216.800) бұйырды.
Айта кету керек, ерлер арасындағы артистік жүзу биыл алғаш рет əлем чемпионатының бағдарламасына қосылып отыр. Жапониядағы айтулы бəсекенің финалында 10 спортшы алғашқы жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бұл спорт түрінен атлеттер енді 22 шілдеде еркін бағдарламада бақ сынайды. Бұған қоса Қазақстан құрамасы суда жүзу, су добы (ерлер, әйелдер) және ашық суда жүзу жарыстарында өнер көрсетеді. Дода 30 шілдеде аяқталады.