Кешегі жарыс күнінде жерлестеріміз ел қоржынын күміс медальмен толықтырды. Атап айтқанда, жуырда ғана VI жазғы Спартакиадада күміс медаль олжалап, бірнеше ай бұрын Джакартада өткен Әлем кубогінде топ жарған Арина Алтухова жасөспірімдер арасындағы жаһандық доданың үздіктер қатарынан көрінді.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, отандасымыз кіші калибрлі винтовкамен 50 метрден 3 позицияда (тік тұрып, жатып, тізерлеп тұрып) оқ атып, 455,7 ұпаймен күміс медаль иеленді. Бұл жаттығуда Вивьен Джой Джегги (Швейцария) әлем чемпионы атанды. Ол біздің Аринадан 1,6 балл артық жинады. Қола медаль тағы бір швейцариялық спортшы Эмели Джеггиге бұйырды. Мұның алдында ұлттық құрама үздігі Никита Чирюкин кіші калибрлі тапаншамен 25 метрден оқ атуда топ жарған еді. Медаль кестесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміспен 10-орынға тұрақтады. Көш басында Қытай спортшылары тұр. Олардың еншісінде 6 алтын, 8 күміс, 4 қола бар.