Ең қысқа әңгіме • 23 Шілде, 2023

Қарахан халқының құтты тұрағы

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тасын түртсең, тарихы сайрап қоя беретін Әулиеата топы­рағында кейінгі үш айда екінші көне қаланың орны табылды. Бұған дейін мамандар Жамбыл ауданына қарасты Құмтиын ауылының маңынан байырғы Қаракемер қалашығының орнын анықтаса, енді, міне, Қаратаудың теріскей тұсынан тағы бір ежелгі шаһардың орны нақтыланды.

Қарахан халқының құтты тұрағы

Археологтер келтірген дерек­терге зер салсақ, мыңжыл­дық­тармен сабақтасып жатқан көне тарихтың куәсіне айналған қа­лашық Қарахан мемлекетінің тұрағы болған екен. Ал қалашық­тың қалыптасқан уақыты шамамен X-XII ғасырларға жатады.

Деректерге сенсек, қалашық өз уақытында сауда керуендеріне қы­змет көрсеткен көрінеді. То­ғыз жолдың торабында орна­лас­­қандықтан, байырғы шаһар алыс-беріс пен барыс-келістің орта­лығына айналған.

Мамандар қалашық орнын нақты анықтау мақсатында он ай шамасында қазба жұмыстарын тұрақты түрде жүргізген. Ат­қа­­рылған жұмыстардың нәти­же­­сінде қыш ыдыстар мен төрт түліктің сүйектері табылған. Көне дәуір адамдарының керамика бұйымдарына өсімдік ­бояуын сіңіріп, құты, құмыра секілді зат­тарды жасағаны ғалымдарды таңғалдырып отыр.

«Қазба жұмыстары барысында қалашық орнынан қыш ыдыстардың сынығы мен тұр­мыстық қажеттілікке арнал­ған бұйымдар жиі кездесті. Қолға түскен қазандардың ішін­де тұт­қасы үшбұрыш тәрізді болып жасалғандары да бар.

Жалпы, Талас өңіріндегі төрт­күлдер соңғы бірнеше жылдың бедерінде үздіксіз зерттеліп жатыр. Тарихы тереңнен тамыр тартқан мұндай мәдени мұралар тек Талас өңіріндегі санаулы ес­керткіште ғана кездесетінін айта кеткен ләзім. Көне дәуір адам­дарының ізденістің ізіне түскені, өркениет көшіне ұмтылғаны, жаңашылдыққа бет бұрғаны біз­ді шынында да тәнті етіп отыр», дейді Әлкей Марғұлан атын­да­ғы Археология институтының ғы­лыми қызметкері Нұрғали Несіпбаев.

Ғалымдар келтірген деректерге сенсек, көне қалашықтан бүтін қалпында сақталған ауыз су құбыры табылыпты. Ықы­лым заманда салынған құбыр­дың бүлінбегені – расында да таң­ғаларлық жайт. Мұндағы құ­рылыс негізінен саздан жасал­ған екен. Оның қалыңдығы 50 сантиметрге дейін жетіп отыр. Мамандар тарихи қалашықтың көлік үздіксіз жүретін күре жолға жақын маңнан табылғанын да зор олжаға балап отыр.

«Ілгеріде Нұрлыкент ауы­лы­ның тұсынан осыған ұқсас бірнеше төрткүл анықталған болатын. Соған қарап, осы маңнан тікелей керуен жолдарының өткенін бағамдау қиын емес. Қысқасы, Қарахан мемлекетінің адамдары бізге дейін де мәдениетін, сәулеттік өркендеуге бастайтын идеяны көркейтуге күш салған», дейді археологтер тобының же­текшісі Ералы Ақымбек жүр­гізілген жұмыстардың нәтижесіне сүйеніп.

Жаңа қалашықтан байырғы өркениеттің куәсіне айналған әлі талай жәдігер табылуы ық­тимал. Өйткені мұнда іске кіріс­кен арнайы топ қар түскенге дейін зерттеу жұмыстарын жалғастыруға ниеттеніп отыр.