Әдебиет • 25 Шілде, 2023

Жазылмаған жыр

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әдебиетте ерте сөнген үміт аз емес. Ардың-күрдің мінезімен кез келген ортаның сәніне айналған талантты ақындардың бірі әрі бірегейі – Өрнек Құлекеев еді. Әрине, Өрнекпен жақын араласқан жігіттердің ол туралы айтары көп. Жиырма төрт жасында бақилық болған жас таланттың тағдыры кімді де болса ойландырмай қоймайды.

Жазылмаған жыр

Ашық-жарқын мінезі оны өзгелерден алабөтен ерекшелеп тұратын. Алғаш көргенде «Мен қазір өлеңімді оқимын, сен қағазға жазып алып, газетке беріп жібер» деп кез келген ақын бейтаныс адамға бұйрық райда үн қата алмайтыны анық. Бірақ бұл сөздің Өрнекке еш қатысы жоқ.

Қабағына мұң қатқан ақынмен алғашқы «таныстық» біртүрлі басталған болатын. Кабинетке кіріп келді де, бірнеше өлеңін сақылдатып оқи жөнелді. Інісін жатсынбаған ақынды біз қалай кеудеден итерейік? Тер деген өлеңін теріп, қағазға түсіріп отырмыз.

«Шеше, сені соңыңнан іздеп барам», «Мерейім – ең соңғы өлеңім» деген жолдар сол кезден есте қалыпты. Жүйкесі сыр бергендей көрінген. Соңғы өлеңдерінің бірін оқығанда қабағы ашылмай тұрған ақынның жанарын жас шайғалы тұрды. Мөлдір моншақты көрсеткісі келмейді. Саусағымен байқатпағандай кейіп танытып, сүртіп тастады. Бірақ онысы айқын көрініп тұрған.

Иә, Өрнекті ілгеріде сырттай білгенімізбен таныспаған едік. Бұл жолы да танысып жарыт­падық. Өз атын айтқанымен, менің кім екенімде шаруасы болмады. Біраз әңгіме айтар ма едік... Бұл екеудің соңғы кездесуі еке­нін, Өрнектің бой жазып жүргенін білсем ғой.­ Осы бір өкініштің оты қазір кеудені қари береді.

Кетер алдында «Жазылмаған жыр» деген өлеңін оқыды. Қайрат Рысқұлбековке шаққан мұңы екенін айтты. Алматыдағы бір республикалық мүшәйраға қатысыпты. Ақын ағасы Маралтай Райымбекұлының қолынан арнайы сыйлық алыпты. Бірді айтып, бірге кеткен ақкөңіл ақынның үзік-үзік әңгімелерінен осы бір дүниелер үзіліп-үзіліп есте сақталған.

«Бүр жармаған бір гүл бар сонау

гүлзар көктемде,

Қауызына қан құйған сонау

жылғы өкпек жел.

Сонау түпсіз дүниеде

жазылмаған бір жыр бар,

Жазылмаған сол жырды

жазбай кеткен қыршын бар.

Жастай кеткен Қайраттың

жазылмаған жыры ол,

Жаздырмады ұлы өлім, ол өлімнің сыры мол.

Сол өлеңді жазсам деп

Қайрат аға-ау мен саған,

О, дүниені ойлантар, бұ дүниелік мұң шағам.

Тілдесейік кел аға, сізге айтар сырым бар,

Қыз қылыққа қызың зар, Ұл мінезге ұлың зар.

Қап-қарамыз – қара емес,

аппағымыз – ақ емес,

Сені өлтірген өліктер, көбеймесе аз емес.

Оң жағымда оң «құдай»,

сол жағымда сол «құдай»,

Төбемізде бір Құдай, төңірегіміз кіл «құдай»

Құдайсынған солардың түйсігіне түкірер,

Сенікіндей бір мінез керек боп тұр бұ күнде», – деп ол соңғы өлеңін оқып, кабинеттен шығып кеткен.

Жай кетпеді, кетерінде: «Мені ұмытпайтын шығарсыңдар» деген. Жиырма жастағы менің миым нені қорытсын? Бар болғаны Өрнектің «біртүрлі» болмысына таңданып, не күлерімді, не жыларымды білмей дел-сал күйде отырдым.

Өрнек «Жазылмаған жыр» деп тақыры­бын айтып, соңғы өлеңін оқығанда нені тұспалдады екен? Осы ой әлі күнге мені мазалай береді. Бірақ жиырма төртінде фәни жалғанмен қош айтысқан ақынның ойында не болғанын тап басып айту қиын шығар.

Бір қызығы, Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында жүрген мен сол кезде Өрнектің мінезіне тәнті болып, «нағыз ақын осындай болады екен» деп ойлап үлгергем. Сол жылдары ауданның аумағынан шықпаған адам басқа не ойласын?!

Өрнек кетті, өлеңі қалды. Бірақ оның шын мәнінде жазылмаған жыры қанша десеңізші? Өзекті өртейтін өкініш те осы. Қазір бізге сол Өрнектің ақкөңіл қалпы, қалыбы, адалдық пен шынайылықтан құралған мінезі жетіспейтін секілді болады да тұрады.