Қоғам • 25 Шілде, 2023

Егінге орақ түсті

328 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шаруаның жайын егінге орақ түскенде білеміз. Биылғы міндет – былтырғыдан да артық өнім алу. Әйтсе де жаздың басы салқын, аяғы ыстық болды. Оның үстіне жаңбырдың аздығы диқаншыларды біраз әуре-сарсаңға салды. Өңірде су желілерінің де ескіргенін ескерсек, фермерлердің алаңы заңды. Осыны ойлаған Үкімет қаржы бөлді, ендігі мәселе жоспарды орындау.

Егінге орақ түсті

Еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық даму мәселелері жө­нінде 19 сәуір күні өткен кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыты азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ету екендігін атап өткен еді. Осы бағытта биыл еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісіне қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ жер және су ресурстары жеткілікті, агро­субъек­тілерге жан-жақты мем­ле­кеттік қолдау шараларын көр­се­туде.

 Мәселен, Жетісудың ауыл шаруашылығын дамытуға 46 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде өндірісті субси­дия­лауға 23,2 млрд теңге қарас­тырылған. Жалпы, аймақ­тағы ауыл шаруашылығы өндірі­сін­де өсім бар, дегенмен, өнім­ді­лікті арттыру бағытында ат­қа­рылуға тиіс жұмыстар да жет­кілікті.

Әрине, ауыл шаруашы­лы­ғын өркендету үшін дәнді-майлы дақылдарды егуде ауыс­­палы егіс көлемін сақтау, тұқымды сапаландыру, минералды тыңайтқыштарды жет­кі­лікті мөлшерде дайындау керек. Жоғары өнім алу үшін әр­бір дақылды өсірудің арнайы тех­но­логиялық карталарын әзір­леудің де маңыздылығы басым.

Биыл ауа райы аумалы-төкпелі болып тұр. Көктемгі күн райының қолайсыздау жағ­дайы ауыл шаруашылығы еңбек­керлерін алаңдатып тас­тағаны да жасырын емес. Оның үстіне күннің бірде суып, бірде ысып кетуі, күндіз-түні үздіксіз соққан желдің де сала мамандарының жоғары өнім­ді­лікке деген күдік-кү­мәнін кө­бейте түсті.

Аймақтағы дәнді дақылдар­дың егіс көлемі 315,3 мың гек­тарды құрады. Бүгінде егін орағы Ақсу, Қаратал, Кер­бұ­лақ, Сарқан аудандарында басталып, жұмыс қызу жүріп жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 11 шілде күнгі ақпаратына сүйен­сек, 3,8 мың гектар ма­сақты-дәнді дақыл алқабы орылып, 6,8 мың тонна астық бастырылған. Қазіргі гектар бе­рекелігі 18,0 центнерді құ­ра­ды. Бірақ егін орағы енді ғана басталып жатқанын ескерсек, нақты көрсеткіш 315,3 мың гектар алқап толық орылып, қамбаланған кезде белгілі болады.

Бірақ дәнді дақылдардың өнім көлемі төмен болмайты­нына осы саланы қадағалап оты­рған мамандар се­німді. Дегенмен күннің ысты­ғы мен жауын-шашынның аздығы шаруаларды алаңдатып отыр. Жақында егінге орақты алғаш болып Кербұлақ ауданының диқандары салды. Биыл олар 113 мың гектардан аса жерге дәнді дақыл егіпті.

«Масақты дәнді дақылдың көлемі 263 мың гектарды құрайды. Оның ішінде күздік дақылдар – 68 мың гектар. Бүгінгі күнге дейін Кербұлақ ауданында алғашқы 250 гектар шабылды. 500 тоннаға де­йін өнім алынды. Ал Қаратал
ауданы бойынша күздік бидай – 150 га, алынған өнім – 225 тонна, әр гектардан 15 центнерден ай­налып отыр. Жаздық бидай көлемі – 511 га, 250 гектары орылып, 375,8 тонна өнім алынып, әр гектарынан 15,5 центнерден айналуда. Жаз­дық арпа көлемі – 2 574 га, орылғаны – 400 га, алынғаны – 640 тонна немесе 16 центнерден өнім түсуде. Егін орағына 8 комбайн, 12 тасығыш техника қатысуда», дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиков.

Оның айтуынша, 2023-2024 жылғы мал қыстату нау­қа­нына 35 бригада, 18 шөп шабатын, 25 шөп тайлағыш, 35 тасығыш жұмыс істеуде. Қазіргі таңда (17 шілдеге де­йін­гі мәлімет бойынша) шөп жинау жоспары 89 мың тонна болса, дайындалған шөп 22 мың тонна. Бұл – жоспардың 25 пайызы ғана. Пішендеме 9,8 мың тонна жиналу қажет, әйткенмен әзірге 2,5 мың тонна бар. Ал сабан мен жем 500 тонна дайындалған. Жетісулық диқандар биыл 861 мың тонна өнім жинап, ел ырыздығын еселеуге үлес қосуды жоспарлап отыр.

Шыны керек, биылғы көк­тем құбылмалы мінез көр­сетіп, көк бірден көтеріл­мей, маусым айында жауын-шашынның жиілігінен шабындыққа шалғы салынбады. Түн салқындығы бүгінге дейін жалғасып келеді.

Әдетте түндегі жылудан нәр алып, өсіп-өнетін көкшал­ғын­ның шығымы кей өңірде көз қуантарлықтай емес. Соған қарамастан, қысқы мал азы­ғын артығымен дайындау­ды жоспарлаған бірқатар шаруашылық біржылдық, көп­жылдық шөп егіп, шабын­ды­ғын екі-үш мәрте шауып алуға қам жасауда.

 Мысалы, Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, алғаш рет шалғы түскен көпжылдық шөп жиынтығы – 47 238 тонна, шабылған табиғи шөп – 22 105 тонна. Бұл – бастапқы нәтиже. Шабындықтағы қызу еңбектің енді қарқын ала түскенін шаруашылықтардан алынған көрсеткіштер айғақтайды.

Қарабөгет ауылының фер­мерлері жаз басындағы ыс­­тықтан көтеріле алмаған ша­бын­­дықтың есесін егістік алқа­бы­нан алуға ынталы. Сон­дық­тан да бұл өңірде арпа, май­бұршақ сабандарын орап, түктеп дайындау қауырт жү­зеге асуда. Сонымен қатар ал­ғаш­қы шабылған 282 гектар жоңышқа алқабынан 600 тонна орам түк дайындалған.

«Табиғатқа қояр кінә жоқ.Жылдағыдай болмаса да ерте қамдансақ, алты ай қысқа жететін жемшөп қорын да­йын­дап алуға мүмкіндік бар», дейді «Абылқасымов» шаруа қожалығының басшысы Балтабек Абылқасымов.

Жаз айы ертең-ақ өте шы­ғады. Жазда қапысыз қам­дан­­ғанның қыстан қысыл­май шығатынын жақсы білетін шаруалардың еселі еңбегі ырысын арттыра түсері анық. Жалпы, Жетісу облысындағы негізгі салалық бағыт – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Аталған сала – аймақ экономикасы үшін үлкен маңызға ие.

Мәселен, «Sairanbek Agro» ЖШС 2020 жылдан бастап ауыл шаруашылығымен айналысады. Серіктестіктің негізгі қыз­меті – өсімдік шаруа­шы­лығы мен күздік бидай және арпа өсіру. Компания Сарқан ауданы бойынша ірі шаруа­шылықтардың бірі са­налады. Шаруашылықта жал­пы алаңы 1 871 шаршы метрді құрайтын база бар. Өсім­дік шаруашылығының жұ­мысын жандандыруға мүм­кіндік бере­тін ауыл шаруа­шылығы тех­ника­ларымен де қамтамасыз етіл­ген.

Мемлекеттік қолдау алу үшін «Даму» қорына жүгінген компания «Forte bank» АҚ-дан жылдық 21,75 пайыз несие алды, оның 7 пайызын кәсіпкердің өзі төлейді. Ал қалған бөлігін мемлекет субсидиялайды. Сондай-ақ «Даму» қорының кепілдігі бар. Несие негізгі құралдарды толық­тыруға берілді. Бүгінде шаруа­шы­лықта 20-дан аса адам еңбек етеді. Олардың 10-ы тұрақты жұмыспен қам­тыл­ған. Қалғаны маусым ке­зінде келеді. Шаруашылық биыл жоғары өнім аламыз деп отыр.

Ауа-райы әр шаруаға әр­түрлі әсер еткенімен мамандар жоспарға сай қарекет етуде. Ауыл шаруашылық өнімдерінің қай­та қымбаттауына жол бе­ріл­мейтініне сенімді. Өнім мол болса, халықтың көңілі де жай болатыны анық.