Өңірде он аудан бар болса, оның алтауындағы жағдай мәз емес. Ал шаруаның мұңы аз емес. Әсіресе Қордай, Меркі, Байзақ, Талас, Жамбыл ауданындағы ағайын биыл қатты қамығып отыр. Ал өңірдегі қант қызылшасының локомотивіне айналған Меркі ауданында мың гектарға жетеқабыл алқап қурап қалған.
Ағын судың мәселесі жылда көтерілгенімен, кейінгі кезде шаруалар дәл биылғыдай дабыл қақпаған болатын. Ал биыл шығынға батқан жұрттың шыдамы таусылды. Меркілік азаматтар орталық стадионға жиналып, мәселені шешу үшін бармаған жер, баспаған тауы қалмағанын айтып, көкейкесті проблеманы жайып салды. Құрғақшылық қыспаққа алғанын айтқан олар сусыз солған қант қызылшасын өздерімен ала келген.
Расында да биылғы құрғақшылық жамбылдық диқандарды тығырыққа тіреді. Әйтсе де сол құрғақшылықтан құтылудың төте жолын іздеген меркілік шаруалар қол қусырып қарап отырмаған. Барынша қамданып баққан. Тіпті қылша түбірін бір емес, үш мәрте егіп көріпті. Тіршілік нәрі тапшы болғандықтан бұл әрекеттерінен де түк өнбеген.
Көктемде үсікпен, жазда зиянкеспен күрескен олар кешіккен субсидия да тіршілікті тіктеуге кері әсерін тигізгенін күйіне айтып отыр. Қысқасы, қара жерге үмітпен қараған қарапайым халық табыс табамыз деп, тақырға отыруға шақ тұрғандарына қатты күйінеді. Әрине, несиеге кіріп, тәуекелге бел байлаған азаматтардың ашынатын жөні бар.
«Шынын айтқанда, өңірде төтенше жағдай жариялануы керек деп есептейміз. Өйткені еңсесін тіктеу, тіршілігін дұрыстау үшін несие алғандар баршылық. Төтенше жағдай жарияланса, қолға алған ісімізге қолдау болар еді. Өйткені қаржы мәселесі қай-қайсымызға да оңай тиіп тұрған жоқ. Жағдай қиын», дейді диқандардың бірі Арнұр Сәбит мәселенің ушығып тұрғанын меңзеп.
Жалпы, жамбылдық шаруалардың күні Алатаудың ар жағын қоныс еткен құдайы көршіміз қырғыз ағайынға қарап тұрғаны жасырын емес. Ағын судың тапшылығын алға тартқан көршілердің бізге жаны аши қоюы да екіталай. Өз қотырыңды өзің қасы деп отырғаны белгілі. Салдарынан өңірдегі қуаңшылық шаруалардың шымбайына батып-ақ тұр.
«Анығырақ айтсақ, бізге ек дегеннен кейін қара жерге өнім орналастырдық. Ол жұмыстарға қомақты қаражат салғанымыз да белгілі. Онымыз үшін біз арзу айтып, артық қаражат сұрап отырғанымыз жоқ. Үкімет жағдайға ден қойып, шаруаларға субсидияны бере ме? Осы жағы қалай болады деп алаңдап отырған жайымыз бар», дейді меркілік диқан Сансызбай Иманбетов әріптестерінің жағдайын түсіндіріп.
Расында да шығынға батудың алдында тұрған шаруалардың шырылдайтындай жөні бар. Салған қаржы мен еккен өнім қатар желге ұшқалы тұр. Олар үшін бұдан асқан трагедия жоқ екені әлімсақтан аян. Ал бұл мәселе дер кезінде шешімін таба ма?
Аудан әкімі Жорабек Баубеков Қырғыз тауындағы мұздықтардың ерімей жатқанын алға тартып отыр. Ағын судан тарыққан барлық аудандағы шаруалардың жайы мәз емес екенін тілге тиек еткен ол кемедегінің жаны бір екенін біледі. Ал бірер күн бұрын өңірге келген жауапты министрліктің мамандары жағдайды қал-қадірінше зерделеп көрген. Шаруаның жайына қаныққан олар шығын көлемін ауқымды деп тани ма? Ол жағы әзірге белгісіз. Комиссия мүшелері шаруалардың жанайқайын Үкіметке дұрыстап жеткізсе ғана төтенше жағдай жариялануы ықтимал.
«Ағын су қырғыздар жағынан келуі тиіс. Шарт бойынша олар 1,5 куб су беруі керек. Бүгінгі таңда ол жақтан бір тамшы су жоқ. Жұт, құрғақшылық, тапшылық жылы деген бар ғой. Сондай жылдың бірі болғалы тұр. Үкімет тарапынан шешім қабылданып, төтенше жағдай жарияланса ғана жағдай дұрысталады», дейді Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков.
Керек дерекке көз жүгіртсек, аудан бойынша егілген қант қызылшасының көлемі үш мың гектарға жуықтайды. Қант қызылшасы алқабының жартысына ғана су берілген. «Шаруалардың жартысы «Қазсушар» мекемесімен шарт жасаспай, өз бетінше егіп тастаған» дейді аудан билігі. Шығынға баттық деп шыр-пыр болған диқандар енді үзілуге шақ қалған үмітті Үкімет жалғайды деп сеніп отыр.