Алдымен өңірдің континенттігі, тым басым климаты кері әсерін тигізеді. Екіншіден, жыл сайын қар мен жаңбырдың аздығынан ылғал жетіспейді. Үшіншіден, аңқаны қаптырар аңызақ пен үф еткен желмен аспанға көтерілетін ала шаңның зардабы көп. Төртіншіден, 11863,1 мың гектар жер қорының 58,7 пайызы аталған саланы өркендетуге қолайсыз екені анықталып отыр. Мәселен, 1,6 млн гектар жердің тұзды соры шығып жатыр. Ал 782,7 мың гектарды су, 166,4 мың гектарды құм басқан.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Салауат Өтеғұловтың мәліметінше, саладағы 340 құрылымда 170 трактор, 90 арнайы техника мен сусорғы бар. Көктемде 91 шаруашылықтан жеңілдетілген бағамен 800 тонна дизель отынына сұраныс берілген. Өйткені шаруалар 2 945,2 гектардан көкөніс, 1 345 гектардан бақша, 1 941 гектардан картоп, 4 106 гектардан мал азықтық дақылдар алу жоспарлаған.
«Биыл жергілікті бюджеттен тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 75,1 млн теңге, пестицидтер шығыны үшін 5,4 млн теңге, тұқым шаруашылығын дамытуға 19,9 млн теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізу шығынын өтеуге 345,6 млн теңге субсидия қарастырылды. Өңірде жылыжайлар көлемі 30 гектарға, су үнемдейтін технологиялар орнатылған алқап 4,8 мың гектарға ұлғайды», дейді Салауат Өтеғұлов.
Соңғы жылдары әлеуметтік маңызы бар тауарлардың, оның ішінде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынған. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша Атыраудың тұрақтандыру қорына 3,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 2,9 млрд теңгесі кәсіпкерлерге айналым схемасымен және форвардтық келісімшарттар арқылы берілген.
«Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1,8 млрд теңге беріліп отыр. Бұл бөлінген қаржының 62 пайызын құрайды. Қаражатқа 9,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі сатып алынды. Әлеуметтік маңызы бар өнімдер тұтынушыға нарықтағы құнынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды. Қазір тұрақтандыру қорының қалған қаражатына Қазақстанның басқа өңірлерінен және шетелден оңтайлы бағамен көкөніс өнімдерін жеткізуге келісімшарттар пысықталып жатыр», дейді Серік Шәпкенов.
Әкімнің айтуына қарағанда, қазір Атырау облысында 26 көкөніс қоймасы бар. Биыл жылыжайлардың жұмысына зерделеу жүргізілді. Климаттық бақылау жүйелерімен жабдықталған 10 қойма іріктеліп, есепке алынды. Енді жалпы сыйымдылығы 19 мың тоннаны құрайтын екі көкөніс қоймасын салуға қатысты екі инвестициялық жоба қарастырылып отыр. Бұл жобаларды іске асыру қоймалар сыйымдылығын 62,6 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Көкөніс, бақша дақылдарын өсіретін шаруашылықтардың дені Махамбет ауданының аумағында орналасқан. Мәселен, «Айдана Агро» шаруа қожалығында 2020 жылдан бері 5,6 гектарлық жылыжай кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қожалық жетекшісі Сатыбалды Мағзомовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Жылыжай іске қосылған соң жылына 735 тонна қияр мен 588 тонна қызанақ өнімін алу жоспарланған. Мұнда жатақхана, кеңсе, асхана мен үш көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталыпты. Енді 60 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Қожалық жетекшісі нысандар құрылысын өз қаражатының есебінен жүргізіп отыр.
Ал «А-Дана» шаруа қожалығының жетекшісі Ернұр Жамалов тауарлы балық және шабақ өсіру шаруашылығын құру жобасын іске асыруды бастады. Осы мақсатқа «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 7 пайыздық үстемемен 450 млн теңге көлемінде несие алған. Тауарлы бекіре шабақтарын өсіру үшін ұрықтандырылған уылдырық сатып алу, кейін оны инкубациялау іске асырылады.
Бұл ауданда тамшылатып суару әдісін қолдануға талпыныс жасап отырған шаруалар аз емес. Мәселен, «Қызанақ Агро» ЖШС жетекшісі Енисей Юн тамшылатып суару әдісімен 314 гектар жерге сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша, қызанақ, баклажан, бұрыш, картоп секілді көкөніс өнімдерін еккен. «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов осындай әдіспен 144 гектарға көкөніс пен бақша дақылдарының 12 түрін өсіріп отыр. Қазір дастандықтар өнімнің 11 түрін жинай бастаған. Ал Магомед Магомедов жетекшілік ететін «Дибдиева З» шаруа қожалығының ұжымы 131,5 гектарда өсірілген көкөніс дақылдарын жинап жатыр.
Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері Владимир Розметов жетекшілік ететін «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығында алма бағы жайқалып тұр. Көкөніс, бақша дақылдарына қоса лимон өсіріледі. Қожалықта еділбай тұқымды қой мен ешкі саны өз төлі есебінен көбейтіледі. Ешкі сүтінен бірнеше өнім дайындалады.
«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізгі локомотивтерінің бірі. Саланы дамыту үшін ең алдымен кедергі келтіретін мәселелерді анықтауымыз қажет. Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге баса мән беріліп отыр. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалармен берілетін қаржылай көмекті ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалануға, саладағы өңдеу ісін дамытуға бағыттауға болады. Осы мақсат іске асырылса ғана ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып, азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастыру мәселесі оң шешімін табады», дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.