Қазіргі кезде әлем ғалымдары адам тәрбиесі мен оны рухани жетілдіруді жан-жақты зерттеп-зерделеу үстінде. Осы уақытқа дейін батыс ғалымдары ана құрсағында шарананың тек физиологиялық қалыбы ғана қалыптасады деп келген еді. Бұл пікірді канадалық эмбриолог ғалым Мур Кейт жоққа шығарды. Ол жатырдағы шарана дамуының кезеңдерін ғылым жүзінде зерттеп, ана құрсағында адамның тек физиологиялық қалыбы ғана емес, рухани жан дүниесі, ақыл, иманы, зейіні қалыптасатынын кеш болса да батыс әлеміне дәлелдеді. Сөйтіп, ол қаншама ғасырлардан бері түркі жұртының тұрмыста қолданып келе жатқан құрсақ тәрбиесінің әдебі мен мәдениетінің айна қатесіздігіне көз жеткізді.
Иә, қазақ халқы ежелден баланың өмірде жақсы адам болып қалыптасуын ананың құрсағына ұйыған қан болып біткен кезінен бастаған. Медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Советхан Ғаббас: «Құрсаққа біткен баланың жан-жақты рухани мықты дамуы үшін ананың ұйып жасаған құлшылығынан артық тәрбие жоқ. Қазақ халқы оны ақыл, жүрек, зейін тәрбиесі дейді», деді. Құран кітабының бес сүресінде Алла Тағала адамды бір тамшы судан жараттым деп аян берген. Құранның «Зумар» сүресінің 6-аятында «Ана құрсағында сендерді бір түрден екінші түрге (тұлғаға) ауыстырып, соның бәрін үш қараңғылық (құрсақ, жатыр, қағанақ) ішінде жетілдірді» деп жазылған. Профессор Советхан Ғаббастың меңзеп отырғаны осы құрсаққа біткен шарана мен Алла Тағала арасындағы байланысы ғой. Ал эмбриолог ғалым Мур Кейт жатырдағы шарананың даму кезеңдері туралы жазған ғылыми зерттеуі үшін Нобель сыйлығын алған екен. Ол өз сөзінде: «Мен Құран кітабын 20 жыл бұрын оқығанда 20 жыл бұрын Нобель сыйлығын алған болар едім», деп ағынан жарылған екен.
Сонымен, құрсақтағы бала жолдасының биологиялық қызметі – қырық бір апта бойы шарананы вирустардан қорғайды. Оған қан, ауа жеткізіп, қоректендіріп тұрады. Баланың жолдасы шарана жарық дүниеге шыр етіп келгеннен кейін бөлініп түседі. Қазіргі медицина тілімен айтқанда, баланың жолдасы – генетикалық қан тасымалдаушы орган. Яғни бабадан бабаға, одан балаға берілетін атаның бір тамшы қаны, оның рухын жеткізуші. Осы тақырыпта «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған мақаланы оқып хабарласқан жазушы Әділбек Ыбырайымұлы мынадай пікір білдірді: «Ертеде, бала кезімде ата-әжемнің аузынан бала жолдасының оңы мен терісі болатынын естіген едім. Бала жолдасын көмген кезде оң-терісін ажыратып көмген дұрыс. Теріс жағымен көміп қойса, әйел екінші рет бала көтермей қалады екен».
Баланың жолдасы туралы дәйек іздеп жүрген маған бұл өте құнды әңгіме еді. Қазақтың құрсақ тәрбиесі салтындағы ұлттық құндылықтың медициналық-биологиялық сәйкестігін салыстыру ниетімен акушер-гинекологқа хабарласып, бала жолдасының оң-терісі деген не, оны қалай білуге болады деп сұрадым. 25 жылдан бері қаншама ананы босандырып, шарана кіндігін кесіп жүрген тәжірибелі акушер-гинеколог Ғалия Әнетбек: «Бала жолдасының екі жағы болады. Соның ана жатырына жалғасқан ұшын «қауызы» дейді. Ал екінші ұшын, ұрықтық жағын «бүркеншік» дейді. Осы бүркеншік үлдіреген су секілді шарананың бетіне қарап, кіндікке жалғасады. Бала жолдасының оң жағы осы», деп жазушының сөзін растай түсті.
Сондай-ақ бала жолдасының жасушаларынан қант диабеті мен жаман ауруды емдейтін дәрі жасайтынын дәрігер жасырмады. Сонау замандардан құрсақ рәсімінде қолданған қазақы ұлттық құндылықтарымыздың қазіргі медицинамен сәйкестігіне таңғалмасқа болмады. Салт-дәстүрімізге тамсанатын тағы бір дәйек – егіз сәбилердің жолдасын бірге көмуге болмайтынын білгендігі.
Мынадай оқиға болған екен. Гүлжәмилә есімді апа осыдан 50 жылдай бұрын сіңлісінің егіз туғанын естіп, оған қарай құстай ұшады. Сөйтіп, көміп қойған егіздің жолдастарын қайта қазып алып, екі бөлек көмдіреді. Арада екі-үш ай өткенде егіздің бір сыңары Асан шетінеп кетеді де, екінші сыңары Зәуре аман-есен өседі. Енді Гүлжәмилә апа неге бұлай істеді дейсіз бе? Себебі апа егіз қыз туған. Егізінің сыңары шетінейді. Содан жеті-сегіз айдан кейін екінші сыңары да шетінеп кеткен. Сол кезде баланың жолдасын екі бөлек көму керек екенін қариялардан естіген екен. Гүлжәмилә апа өзі жіберген қателікке сіңлісі ұрынбасын деп жаңа туған сәбилердің жолдасын қаздырып алып, екі бөлек көмдіргені содан екен. Қазіргі кезде сол егіздің сыңары Зәуре аман-есен, үлкен әулеттің анасы болып отырған жайы бар дейді. Бала жолдасының бір сыры, егіздің сыңарының тағдырына әсер етеді.
Жалпы, бала жолдасына қатысты ел аузынан жеткен сөздер көп. Мысалы, журналист Айбын Шағалақ та: «Анам үйге тоқтамайтындар туралы осы баланың жолдасын жылқының жалына байлап жіберген бе, үйде отырмайды дейтін еді», дейді.
Кеңес үкіметі тұсында ұзақ жылдар Қызылорда облысы Арал ауданының перзентханасында тазалықшы болып істеген Нәзипа Молдабекова: «Аналар босанғаннан кейін түсетін баланың жолдасын сыртқа шығарып шұңқырға тастайтын едік. Ашық қалған затты ит талап, құстар шұқып тастайтын. Бала иесі, жолдасының қасиеті туралы естіп өскен біз бұл әрекетке қатты шошитынбыз. Кейбіреулері ақшасын төлеп баланың иесін алып кететін. Осы күні жасым жетпістен асты. Ойлап отырсам, бұл әрекет әдейі жасалғандай көрінеді. Қазір балалар денсаулығының әлсіздігі, мінез-құлықтарының өзгеруі осы баланың жолдасын аяқасты етуіміздің кесірінен», деп ойлаймын деді.
Нәзипа әженің ойын әйгілі Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні, көргені мен білгенін көңілге тоқыған Зейеп Ахметова дәлелдей түседі.
«Ертеде қазақ халқы ер баланың жолдасын ақ матаға орап, алты қырды асырып көмген. Бұл – елін, жерін, алты қырдан қорғайтын азамат болсын дегені. Кіндігін шаңырақтың табалдырығына көмген. Бұл ұлдың шаңыраққа ие болсын дегені екен. Қазақта «Табалдырықты баспа» деген сөз осыдан шыққан. Қыз баланың жолдасын ошақтың басына көмген. Ол қыз шырақты, ошақты болсын дегені екен. Ошақтың мәні мен сәні, берекесі қыз ғой. «Оттың басын баспа», «Оттың басына түкірме» деуіміз содан екен. Өмірде өзгермейтін құндылық бар. Ол – жер-ана, адам мен жер-ана арасындағы байланыс. Өкінішке қарай, қазір қазақ халқының кіндігі жерден ажырап қалды. Баланың жолдасы мен кіндігі жерге көмілуге тиіс. Кеңес үкіметінің қазақты осы табиғатпен байланыс заңынан ажыратуы – олардың қазаққа ғылыми тұрғыдан жасаған қастандығы», дейді Зейнеп Ахметова.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қаншама мыңдаған жылдан бері ата-бабаның қаны мен рухы деп қасиетін танып, аяқасты етпей жерге көмген баланың жолдасын әр перзентхана ата салтымен әкесінің қолына ұстатса дейміз. Бұған сәйкес заңға толықтыру енгізетін уақыт келді деп ойлаймыз.
Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,
журналист