Қоғам • 26 Шілде, 2023

Орманшының құзыреті неге төмен?

177 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шілденің басындағы төрт күн демалыс кезінде орман алқабындағы бейбастақ әрекеттердің куәсі болдық. Толықтырып айтар болсақ, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесінің Қаратау бөлімшесінің аумағына екі көлікпен кірген адамдардың Шоқпарлы ата бейіті тұсындағы Үшөзен аңғарынан тыйым салынған әдіспен балық аулап жатқаны туралы мәлімет түсті.

Орманшының құзыреті  неге төмен?

Расымен, жол талғамайтын жүйрік көліктерімен тау ішіне дендей еніп, балапан басып жатқан құстарын шошытып, аңдарын бездіріп жіберіп, токпен балық ұстайтын браконьерлер саны азаймай тұр. Олар «Орман шаруашылығы» және «Экологиялық кодекстегі» осал тұстарын жақсы біледі. Ор­маншылар мен қорық­шы­лар­дың қазіргі таңда қолында қаруы да жоғын, күдікті машинаның ішін ақтарып тексеруге де құқығы жоғын, ес­кер­ту жасап, тек қана түсін­дірме парақшаларын таратумен ғана шектелетінін бес саусағындай біледі. Мәселен,  электр тогымен балық аулап жатқан жанды сол мезетте тап басып ұстап алмаса, орманшы амалсыз кері шегінеді.

Қазіргі таңда осы «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» КММ Қара­тау бөлімшесіндегі орман алқа­бы­ның аумағы 66 мың 145 гектар жер. Оны бар жоғы 17 орманшы күзетеді. Қалың жыныс­ты орманы 3 817 гектар. Ең қа­уіп­ті­сі де осы маңай. Аста­рын­да Ресей зауы­тынан шық­қан «Пат­риот» жол тал­ға­майтын кө­лігі бар қорық­шы­лар күндіз-түні көз ілмей, қориды. Орман алқа­бын­да төрт жүз басқа жуық тау тағысы – арқарлар жөңкіліп жүреді. Браконьерлердің көзінің құртына айналғандар да осылар. Қаратауды жағалап, Жаңақорған, Шиелінің тұсына дейін барып қалғандарын қасқырлар мен адамның көкжалдары қынадай қырып салады. Оған салынатын айыппұл да бес МРП, яғни 17 250 теңге көлемінде ғана. Ол қал­талыларға түскі асты ішкен­мен бірдей сома.

Орман ішінде демалып жат­қан­дардың қайтар уақыты бол­ды-ау деген шамада, кешкі 8-дер кезінде «артынып–тартынып» тау-тасқа жарамды көлікпен жолға шықтық. Төрт орманшы. Рульде орман шебері Төрехан Оразбақов, орман күтушілер – Нұрлан Сәрсенбеков пен Бағдат Бектасов. Орман басшысының кө­мекшісі Қайыпберген Әбдуа­пов. «Артынып-тарты­нып­ты» тырнақшаға алуымның себе­бі ешқайсысында қару жоқ. Ең арғысы электрошокер, дубинка атаулыдан жұрдай. Папкі­ле­рінде «Орманды қорғау шаралары» туралы түсіндірме па­рақ­ша мен акт жасауға арнал­ған қызметтік блокноттары бар. Көнелеу бинокльі мен жа­рық беретін Қытай фонаригі қолдарында. Бұларды жол талғамайтын «Джип» көліктері бар, бақайшағына дейін қару­лан­ған, ақ-құсты өздерінің жеке иелігіндегі малдары секілді кө­ре­тін дөкейлердің туыстары не өз­дерінен құтқаратын екі-ақ нәрсесі бар. Ол орманшының ар­найы киімі мен қалтасындағы орманшы екенін растайтын жұмыс куәлігі ғана...

Сонымен Абай су қойма­сынан шыға берісте қызыл­ор­далық «Джип» көлігіне мін­ген демалушылар жолықты. Кө­лі­гінің нөмірі «Лексус 470 маркалы, номері «KZ 352 XDZ 11». Бетегеден биік, қойдан жуас, «момақан» жандар. Тауға барып, токпен балық аулап жат­қандардың бірі осылар бол­са керек. Алайда күдікті ре­тінде көліктерін тексеруге орман­шылардың құзыреті жоқ. Өткізіп жіберген бойда, учаскелік инс­пек­торға хабарласып, жолдан ұстап тексеруін өтіндік. Себебі учаскелік инс­пек­тордың күдікті көлікті тексе­ру­ге құзыреті бар екен.

Әрі қарай асып, тау ішіндегі өзеннің бойымен жоғары қарай су сағасын өрлей түстік. Үш­өзен­нің тұсынан Шоқпарлы атаның маңын айналып шопан­дар­дың жайлауларын жағалай жүргенімізде, түнгі 12-лер шамасында алдымыздан Амантай есімді малшының тұрағы мен машина көрінді. Маңында қараңдаған жандарға жолықтық. Формадағы орманшыларды көргенде, бастапқыда үрпиісіп қалғанымен, тез естерін жинап, қарсы шабуылға көшті. Олардың іс-әрекетіне қарағанда, орман ішінде беймарал демалып, қалың ұйқы құшағында жатқан кісілердің шырт ұйқыларын бұзып жіберген қорықшылар кінәлі секілді. Көліктері есік алдында қаңтарулы. Бұл да «Лексус -300» маркалы, номері «KZ858 AAC13». Маши­на іші­нен шыққан кісінің қо­лында қорапсыз қаруы болып шықты. Айтуына қарағанда, Сыр бойындағы орман, су шаруашылықтарының бәрін адақтап шыққан жан болса керек. Машина ішін тексеруге орманшыларды жібермеді. Жаз­дың күні масасы маза бер­мей­тін орман ішіндегі вагон тұрақта түннің жарымында дені сау адам түнемейді. Вагоннан шыққан ұзын бойлы, егде тарт­қан кісі өзін Аби, толық атым Абидолла деп орманшыларды ықтырып алғысы келген болса керек. «Мен облыс әкімі Дархан Сатыбалдының көршісімін. МПС-тан зейнетке шыққанмын. Маған ештеңе істей алмайсыңдар. Өздеріңе проблема тауып аласыңдар», деген күйі суретке де, бейнетаспаға да түсіруге рұқсат етпеді.

Орманшылар Үшөзеннің осы тұсында судың тоған болып келетін, тереңдеу тұсы екенін жақсы біледі екен. Мұн­да тек токпен балық аулаушылар келеді. Алайда токпен балық аулап жатқан кезінде үстінен түспесеңіз, ешкім де мо­йын­да­майды. Екі жақ жоғары кі­шілі деңгейдегі лауазым ие­ле­рінің есімдерін алға тартып, туыстығын білдіріп, өзара тіл табыса келе орманшылар түсін­дір­ме парақшаларын таратумен шектелді. Басқа қолдан келер дәрмен жоқ. Өздерінің құзырының тым шектеліп қалғанына ызаланған орман қорғаушылары, түнгі 1-лер шамасында учаскелік инс­пек­тордан көмек сұрады. Олар кешкі сағат 9-дан кейін «102» нөміріне хабарласуы керегін айтты. «102» арқылы хабарласқан кезде Сауран ауданында жалғыз қызметтік машинасы бар екені ондағы Александр деген жігіт Ойық ауылында жүргенін айтып, жол бойынан браконьерлерді күтіп алуға үлгермейтінін жет­кізді. Осылайша, астында жүйрік көлігі бар аң-құсты өз аула­сын­дағыдай көретін адамдар құ­рықтан сытылып кетті.

Рейд барысында түйге­ні­міз, Сауран ауданының құқық қор­ғау­шылары Қостанай облы­сындағы, Абай ауданын­дағы орман өрттерінен сабақ алма­ған­­ы байқалды. Жұрт төрт күн қатарынан демалысқа шық­қан кезде орманшылар ғана емес, ауданның ішкі істер бө­лімі, төтенше жағдайлар бас­қа­р­масы еріктілерді қосып, кү­шейтілген режімде тәулік бойы кезекшілікпен қыз­метін бір­­лесе атқармаса, қыл­мыс­кер­­лердің көзіміздің қара­шы­ғын­дай қорғауға тиісті орман-тоғайларымызда аң-құстарды үркітіп, қолға түскендерін қы­на­дай қырып, еркін алауын өртеп, тамақ қалдықтарын жинамай тастап, құрықтан тып-тыныш сытылып кетуіне мүм­кін­дігі мол екенін көзімізбен көрдік.

 

Ескендір ЕРТАЙ,

журналист