Тарихи жадты жаңғыртып, жаңа буынның санасын серпілтуге орасан зор ықпал ететін әлеуметтік-гуманитарлық идеялар, түйінді пайымдаулар, әдіснамалық ұстанымдар, тың тұжырымдамалар күн тәртібіне шықты. Әділетті Қазақстан ұлттық сананы жаңғырту шараларын замана талабына сай бейімдеуді мемлекеттік маңызды міндеттер қатарына жатқызды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау мен Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайларда жүйелі түсіндіріп айтты.
Қазір қоғамды мемлекетшілдік бағытта жаңғыртуда пәнаралық байланыстың, атап айтқанда әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар түйісіндегі зерттеулердің маңызы ерекше. Тарих пен әдебиеттанудың сабақтастығы аясында деректер мен әдеби мұралардың көпқырлы мазмұнын, олардың күрделі кезең шындығын ашатын астарын, стратегиялық мазмұндағы идеологиялық ұғымдарды халыққа жеткізу мен насихаттау – бүгінгі ғылымның басты талабы.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін тарихымыздың «ақтаңдақ беттерін» қайтадан қарау мүмкіндігі туды. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері гуманитарлық ғылымның жаңа талабымен елтану, тұлғатану, мұратану аясында саяси элита қызметін, ұлттық өркендеу істерін зерттейтін бастамашыл ғалымдар тобы қалыптаса бастады.
Гуманитарлық ғылым өкілдері, соның ішінде тарихшылар мен әдебиеттанушылар (әдебиет тарихы) осы мәселелерді зерттеп, талай құнды деректерді, мәтіндерді ғылыми айналымға енгізіп, тың тұжырымдамалар ұсынды. Осы ізденіс ғылыми мектептің іргесін қалауға негіз болды. Сондай бастамашыл ғалымдар қатарында отандық алаштану мектебінің көрнекті өкілі, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, әйгілі әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбай, Тарихшылар ұлттық конгресінің төрағасы, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, тарих пен әдебиетті зерттеу бағдарында елеулі жұмыстар тындырды. Аталған ғалымдардың ұзақ жылғы ғылыми зерттеуінің нәтижесі бір-бірімен тарихи сабақтастықта өрбіген және ғылым кеңістігінде өзара байланысты. Ол – «Ұлттық санадағы мемлекетшілдік пен бірегейлік: тарихи және әдеби зерттеулер» циклі. Атап айтсақ, академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы. 1-кітап» (Зерттеу. Толықтырылған екінші басылымы. Алматы: «Мектеп» баспасы, 2021. – 480 б.), «Алаш қозғалысы. 2-кітап» (Зерттеу. Алматы: «Мектеп», 2017. – 656 б.), «Қорғансыздың күнін кешкендер» (Монография. Алматы. «Арыс», 2019. – 304 б.), «Қиянат анатомиясы» (Зерттеу. Алматы: «Арыс», 2020. – 360 б.), профессор Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді аяла!..» (Зерттеу. Астана: «Фолиант», 2023. – 505 б.), «Уақытсыздық. Жетісудағы көтеріліс трагедиясы» (Зерттеу. Астана: Ұлттық академиялық кітапхана, 2019. – 286 б.), «Дәрілқарап [Абайдың сыртқы әлемі: әдеби-салыстырмалы талдау]» (Нұр-Сұлтан: «БиКа», 2021. – 315 б.), академик Ерлан Сыдықовтың «Российско-казахстанские отношения на этапе становления тоталитарной суперэтнической державы» (Монография. Семей, 2010. – 298 с.), «Жамбыл» (Исследование. Москва: «Художественная литература», 2015. – 368 с.), «Құнанбай әулетінің тарихы» (Зерттеу. Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2021. – 400 б.), «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» (Исследование. Москва: «Художественная литература», 2022. – 192 с.), академик Дихан Қамзабекұлының «Алаштың рухани тұғыры» (Зерттеу. Астана: «Ел-шежіре», 2008. – 360 б.), «Алаш арқауы» (Зерттеу. Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017. – 408 б.), «Түркі алқасы» (Зерттеу. Нұр-Сұлтан: «Алашорда» қоғамдық қоры, 2021. – 392 б.) еңбектері.
Бәрі де – мәдени-рухани, ғылыми-зияткер қауым жиі пайдаланатын кітаптар. Аталған авторлар монографиялары мен зерттеулерінің басты арқауы – төл тарихымыздан бастау алатын мемлекетшілдік құндылықтарды ұлттық санада қайта жаңғырту, оны қазіргі елдің рухани даму үдерісіне үйлестіру. Сонымен бірге ХІХ-ХХ ғасырдағы тұлғалардың, мемлекетшіл қозғалыстардың бүгінгі ұлттық бірегейлікті сақтауға әсер-ықпалын байыптау. Бұл құндылықтың екі қыры бар. Бірінші – ұлттық сана-сезімнің тереңдігі мен ауқымын кеңейту. Екінші – ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, замана ағысына қарай елге пайдасы тиер сипаттарын дамыту.
Алаштанушы-академик Мәмбет Қойгелдиевті ғылыми орта өте жақсы біледі. Оның екі кітаптан тұратын монографиясы – ұлт-азаттық Алаш қозғалысын кешенді зерттеген іргелі ғылыми еңбек. Алаш қозғалысы – советтік идеология қарастыруға тыйым салып, жетпіс жыл бойы қозғаусыз күйде қалған тақырып. Мәмбет Құлжабайұлы – кезінде (1991 жыл, қараша) Жоғарғы кеңес жанынан құрылған «Советтік реформалық өзерістер мен саяси репрессияға баға беру комиссиясының» мүшесі ретінде Қазақстан, Ресей архив қорларындағы «аса құпия» деген белгі соғылған құжаттық материалдарын қарастырған ғалым.
«Алаш қозғалысы» еңбегінде тарихилық зерттеу әдісіне сүйеніп, алғашқы ұлт зиялыларының қалыптасу кезеңін, дербес саяси-әлеуметтік күш ретіндегі қызметін, отарлаушы жүйе алдында ұлт мүддесін қорғап, мемлекеттілікті жаңғырту ісіне дейін көтерілгенін алғаш рет егжей-тегжейлі зерделеді. Монографияның өзекті ұстанымы: алғашқы зиялылар буынының қалыптасуын қазақ өмірімен тұтас бірлікте қарау қажет.
Академик М.Қойгелдиевтің ұсынған еңбектерінде XX ғасыр басындағы отарлық езгідегі Қазақстанның азаттығы үшін тарих сахнасына көтерілген ұлттық идеология мен зиялылық әлеуеті қазақ жерін отарлаушы күштердің меншігіне біржола өтіп кетуден, қоғам мен жас ұрпақты ұлттық негізден қол үзуден сақтап қалды. Ғалым ұлттың XVIII-XX ғасырларда жүріп өткен жолына талдау жасап, еркін даму жолына түсе алмау себебін қарастырады. Алаштың ұлт өмірі ішкі сұраныстарын қанағаттандыра алатын өзгерістер жасауға даяр реформаторлық әлеуетін дәлелдейді.
М.Қойгелдиев ұлтшылдық ұстаным жалпы қазақ қоғамдық ойына тән ағым болғанына тоқталып, ол А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов шығармашылығында концептуалды сипат алғанын саралайды. Алаш буыны ұстанған ұлтшылдық ұстанымның күрделілігін де, өміршеңдігін де көрсеткен «Алқа» және ҚазАПП, Әуезов пен Мүсірепов, Әуезов пен Мұқанов ұстанымдары байыпталады. Автор үшін «Қиянат анатомиясы» – ұлттық дамуды тоқыратқан «эмиссарлар институты», «вайнштейн синдромы». Ол нақты тарихи фактілерге сүйеніп, бұл басқару институты мен теориясымақ ұстанымның Қазақ елінің өміріне қаншалықты зардапты болғанын көрсетеді.
Циклді жұмыста осының бәрі бүгінгі мемлекетшілдік пен ұлттық бірегейлік ізденістерге сабақ болатыны байыпталған. Әуезовтану, абайтану, құнанбайтану саласында жемісті еңбек етіп жүрген Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді аяла!» атты монография-эссесі ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық психологиясын зерделеуге арналған. «Уақытсыздық. Жетісудағы көтеріліс трагедиясы» зерттеуінде М.Әуезовтің «Қилы заман» шығармасы аясында көркем мәтін архив материалдарымен, эпистолярлық және өмірбаяндық мәліметтермен салыстырыла талданған. 1916 жылғы дүрбелең бұрынғы мемлекеттілік туралы идеяны халық жадында жаңғыртқан жарқын кезең болғанын дәлелдейді.
Автордың «Дәрілқарап (Абайдың сыртқы әлемі: әдеби-салыстырмалы талдау)» атты зерттеуі де – тарих және тұлға туралы азат ойдың көрінісі. Мұнда ғалым ақынның «дар-ул харб» сөзіне салған мағынасын қара сөзінде жазылған тарихи кезең тұрғысынан жан-жақты саралайды. Патшалық Ресейдің қазақ жерін толық жаулап отарлауы «дар-ул харб» сөзінің мағынасына сыйдырылған. Осы тарихи кезеңде қазақ этносының жеке ұлт, жеке бірегейлік ретінде өмір сүруінің өзі өзекті мәселеге айналған-ды. Автор тұжырымынша, Абай қазақ халқын мұсылман дәстүрін сақтау мен нығайту арқылы, әлемдік өркениетпен белсенді ықпалдасу арқылы тәуелді және құқықсыз жағдайдан шығаруға болатынын тұспалдаған.
Академик Ерлан Сыдықов Семейдің Алаш кезеңін, Абайдың тұлғалық айналасын зерттеп, Шәкәрім туралы дара энциклопедияға бас редактор болғанын, Мәскеудің «ЖЗЛ» сериясымен Шәкәрім, Құнанбай туралы кітаптар шығарғанын ғылым әлемі едәуір біледі. «Российско-казахстанские отношения на этапе становления тоталитарной суперэтнической державы» атты монографиясы ХХ ғасырдың ІІ ширегіндегі қазақ-орыс қарым-қатынасы тұрғысынан қазақ тарихындағы ең қайғылы кезең қарастырылады. Тоталитарлық кеңестік жүйені нығаюы мен дамуына тән үрдістер жаңаша зерделенген. Біртұтас империялық держава шеңберінде этностарды біріздендіру экспериментінің себеп-салдары байыпталған. Алашты жойған большевиктік билік жүйесі тұсындағы экстремалды жағдайда этностық санаттағы өмір сүру мен сақталып қалудың әрекеті – мұсылман ұлттық коммунизм құбылысы болғаны зерттелінген. Бірақ коммунистік көзқарасына қарамастан, ұлт қайраткерлері тап жауы деп жарияланып, Алаш зиялыларымен қабат жойылды. Е.Сыдықов осы трагедияның астарына үңіледі.
Осы автордың «Жамбыл» атты ғылыми-танымдық еңбегі – мұрағаттық деректер негізінде жазылған құнды туынды. Еңбекте Жамбылдың жеке тағдырын, кеңестік дәуір мен шығармашылық ізденіс, дағдарыс сабақтастығын ашатын мәліметтер де бар. Халықтың да, биліктің де аузынан түспеген Жамбыл Жабаев өмірі құнды тарихи деректер, түрлі сипаттағы тарихи материалдар негізінде қарастырылған. Еңбекте ақын трагедиясы да айтылады, оның айналасындағы тұлғалар мен қайшылықты оқиғалар да сөз болады.
Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай әулетінің тарихы» атты кітабы қазақ халқының тарихында терең із қалдырған елеулі тұлғаның өмірін зерттеуге арналған. Құнанбай мен оның ұрпақтарының өмірі мен қызметі, ең қиын кезеңдегі тағдыр талқысы көрсетілген. Тарихи-өмірбаяндық зерттеуде ғалым жеке тұлғаның проекциясы арқылы уақытты және тарихи оқиғалар тізбегін аңғартып отырады. Құнанбайдың талабы, қайраткерлігі, тегеуріні, дипломатиясы, ізгілігі Құдайға деген терең сенімінен және халқына қызмет етуге деген парызынан туындағаны айқындалады. Құнанбай – үлкен әулеттің иесі, Абайдың әкесі, Шәкәрімнің атасы, ендеше олардың қалыптасуына үлкен әсер берген тәлімгер. Ол өз ұрпағына ағартушылық сипаттағы исламды ғана сіңірмеді, сонымен бірге ұлы Халиолладан бастап еуропалық білім де берді. Осылайша, дәстүрлі тәрбие мен білімде қалыптасқан канондар жүйесін өзгерткені зерттеуде жан-жақты дәлелденеді.
Тарихшы Е.Сыдықовтың «Ахмет Байтурсынов – учитель нации» атты кітабы ұлт ұстазының жаңаша сипаттағы ғұмырнамасы мен оның патшалық Ресей, Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі, кеңес өкіметі тұсындағы өмірі мен қызметінің кейбір тұстарын жаңа қырынан ашуға құрылған. Зерттеуде Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен тағдыры ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас ширегіндегі ұлт зиялыларының азаттық күресі аясында қарастырылады.
Ортақ ғылыми цикльдегі академик Дихан Қамзабекұлының еңбектері – «Алаштың рухани тұғыры», «Алаш арқауы», «Түркі алқасы» алаштанушыларға танымал кітаптар. Автор ХХ ғасырдың басындағы әдеби-тарихи үдерістің негiзгi бағыты сол кезең шындығы мен сұранымынан туындағанын дәлелдейді. Бұл шақта отарланған елдi серпiлтуге жұмылған ұлттық қоғамдық-саяси қозғалыс пен әдеби-рухани әлеуеттi күштiң бiртұтасқаны байқалғанын байыптайды. Алаштың рухани тұғырын тарихи-әдеби үдерістегі Ағартушылық кезең айқындағанын зерделеп, оның ауқымын «ХIХ ғасырдың 60-жылдарынан ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейiн жетпiс жылға жуық созылады» деп есептейді. Мұны бiр-бiрiмен байланыстағы үш кезеңін дәлелдеп, әдеби мәтіндерден мысал келтіреді.
«Алаш арқауы» кітабында алаштанудың тарихи-танымдық бағытын (тың мәліметтерді, дерек көздерін табу, жүйелеу және кешенді зерделеу; ХХ ғасыр басындағы ұлт оянуын әлемдік саяси үдерістер аясында қарау), тілдік-әдеби зерттеулер бағытын (көркемөнері мен тіл-әдебиет зерттеулерін ғылым зәруліктері тұрғысынан зерделеу; түркі дүниесі рухани дамуындағы ұлт тілі, ұлт әдебиеті ерекшелігін қарастыру), дүниетаным, діни ұстаным, мәдениеттану бағытын (философия, психология, дінтану мәселелерін жәдитшілдік, түрікшілдік, ортақ тарихи-мәдени кеңістік аясында зерттеу) байыптайды.
«Түркі алқасы» зерттеуінде автор ХХ ғасыр басындағы қазақ тұлғаларының мұрасына сілтеме жасай отырып, олардың Ресей империясы аясында түркілік серпіліске үлес қосқанын, дүмді қайраткерлер тұжырымын кең насихаттағанын дәлелдейді. Еңбекте жәдитшiлердiң бастауы ретiнде әл-Маржани, И.Гаспринскийдің қоғамдық-саяси қызметі, тұжырымдамалары, мұрасы талданады. Д.Қамзабекұлы Исмаилдың «Орыс мұсылмандығы», «Орыс - Шығыс келісімі» еңбектерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, мұсылмандық Шығыс пен Түркі дүниесінің қорғаныс үшiн соққан имандылық қамалына жалғасқан Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ қайраткерлері қамалының мән-мазмұнын саралайды.
Тұтастай алғанда, аталған төрт ғалымның бір бағыттағы өзекті зерттеулер топтамасы әділетті Қазақстанның мемлекетшілдік пен ұлттық бірегейлік бастауларын терең байыптауды көздеген қазіргі мәдениет, білім-ғылым бағытындағы жобаларына мол септігін тигізері сөзсіз.
Жоғарыдағы дәлелдерді алға тарта отырып, «Ұлттық санадағы мемлекетшілдік пен бірегейлік: тарихи және әдеби зерттеулер» атты ғылыми жұмыстарының циклі үшін елімізге белгілі ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Тұрсын Жұртбай, Ерлан Сыдықов, Дихан Қамзабекұлы Қазақстан Республикасының А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығын алуға лайықты деп санаймыз.
Алтынбек Нухұлы,
ҰҒА корреспондент-мүшесі