Қоғам • 28 Шілде, 2023

Киберқылмыспен күрес күн тәртібінен түспейді

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар жаһандық сипатқа ие болып, өмірдің барлық саласының ажырамас бөлігіне айналып жатыр. Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімділік пен дамудың көрсеткіші екені айқын. Дегенмен жоғары технологиялардың пайдасымен қатар, оның қауіп-қатері де жоқ емес. Кейінгі жылдары мемлекеттік ақпараттық жүйелерде, банк және өнеркәсіп секторларында ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің күрт өскені байқалады.

Киберқылмыспен күрес күн тәртібінен түспейді

«Касперский зертханасы» маман­да­рының деректеріне сәйкес біздің еліміз кибершабуылдар саны бойынша әлемде жетінші орында тұр. Интернет пайдаланушының іс-әрекетін бақылауға, жеке деректерді қолды қылуға мүмкіндігі бар шпиондық бағдарламалардың, фи­шин­г­­тік және бизнеске жасалған шабуыл­д­ар­дың саны артқан. Сондықтан цифр­лық­ технологияларды пайдалану – құқық бұзу­шылықтардың алдын алудың ең тиім­ді тетіктерінің бірі, сондай-ақ қыл­мыс­тарды жедел ашудың маңызды құралы.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігі алқасының кеңей­­тілген отырысы өтті. Осы іс-шара­да министр М.Ахметжанов салада атқарылып жатқан оң істерді тізбе­лей­ келе, киберқылмыстармен күресу үшін «Киберпол» полиция­сы­ның әр аймақта 11 қыз­мет­ке­­рінен тұратын маман­дан­дырылған топ құрылғанын айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа полиция қыз­ме­тінде қолданылатын цифрлық жоба­лар­ таныстырылды. Атап айтқанда, оған киберқылмыспен және есірткі қыл­мысымен күрес сияқ­ты­ маңызды мін­деттерді шешуді оңтай­­­лан­дыруға арналған цифрлық техно­ло­гияларды енгізу туралы баян­дал­ды. Мемлекет бас­шысы цифрланды­ру­ бағытындағы жұмыс­тарды жал­ғас­тыру туралы тапсырма беріп, мемле­кеттік басқару жүйесінде Ішкі істер министрлігіне ерекше міндет жүктелетінін еске салды.

Кейінгі жылдары киберқылмыс, интернет-алаяқтық тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны баршаға мәлім. Осы қылмыс­тық әрекеттерге тиімді қарсы тұру қажеттілігін ескере отырып, жаңа білім беру бағдарламаларын ашу туралы шешім қабылданды. Киберқылмыстарға қарсы күрестің негізгі проблемала­ры­ мен қауіптері «Қазақстанның кибер­қал­қаны» тұжырымдамасында шешімін тапты. Осы тұжырымдамаға сәйкес 2019 жылы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының базасында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі мамандарды даярлау орталығы ашылды. Оқу орталығының басты мақсаттарының бірі – полицейлердің кәсіби біліктілігін арттыру. Орталық құрылған сәттен бас­тап қазіргі уақытқа дейін орта басшы құрамның 730 қызметкері біліктілігін көтерді. Бұл орталықтың негізгі міндеті – ақпа­раттық базаны толықтыру мақса­­­тында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл­­ға­ тартылған ұйымдармен және ведомст­волармен белгіленген тәртіппен ынтымақ­тастықты ұйымдастыру, сондай-ақ орталықта оқу үдерісін жетілдіруде осы ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдалану.

Күнделікті полиция қызметінде заманауи технологиялық мүмкіндіктерді кеңінен қолдану, цифрландыру әлеуетін барынша пайдалану – ІІО алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Криминалист мамандардың қызметіне цифрлық технологиялар, компьютерлік зерттеу түрлері белсенді енгізілуде. IT бағытында білім беру бағдарламалары негізінде криминалист мамандарды даярлау – жедел-криминалистикалық қыз­метті тиімді кадрлық қамтамасыз ету үшін өзекті міндет. Осыған орай, бакалавр­ларға арналған жаңа білім беру бағдар­ламаларын ашу туралы шешім қабыл­дан­ды. Олар – «Киберқауіпсіздікті қам­та­масыз ету»; «ІІО қызметін ІТ-крими­налистикалық қамтамасыз ету»; «Ақпа­раттық жүйелер» бағдарламалары. Бұл жерде оқытылған мамандар кибер­қыл­мыс­ты ашумен және тергеумен айналысатын жаңадан құрылған «Киберпол» бөлімшелерін толтыруы керек.

Сонымен қатар академияда 2021 жылдан бастап интернет-алаяқтықтарды және киберқылмыстардың басқа да түрлерін ашуды үйрететін киберзертхана жұмыс істейді. Ол заманауи компьютерлік техникамен және ақпараттық жүйелермен жабдықталған. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі М.Ахметжановтың тапсырмасымен өткен жылы академияда киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі киберполигон ашылды. Мұнда жедел іздестіру шараларын жүргізу мен биллингті талдау, кибералаяқтардың ІР-мекенжайларын анықтау, криптовалютаны қолдану арқылы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашу мен тергеу үшін оқыту бағдарламалары қолданылады. Ғылыми-педагогикалық магистратура мен бейіндік магистра­тура­ның, PhD докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша білім алу­шыларға осы тақырып негізінде дис­сер­та­циялық зерттеулер бекітіледі.

Шетелдердің озық технологиялары­мен және тәжірибесімен танысу мақ­са­тында Алматы академиясының қыз­мет­кер­лері ЕҚЫҰ және басқа да ғаламтор кеңіс­тігіндегі қылмысқа қарсы күрес мәселе­лерімен айналысатын халықаралық ұйымдар базасында тұрақты негізде біліктілігін арттыру курстарынан өтіп тұрады. Сонымен қатар Өзбекстан, Оңтүс­тік Корея, Ресей, Беларусь мемле­­кет­терінің киберқауіпсіздікті қамта­ма­сыз ететін ұйымдарымен өзара ынты­мақ­тастық және тәжірибе алмасу туралы мемо­ран­думдарға қол қойылды. Одан басқа, Алматы академиясы мен Корея Респуб­ликасы Шинхан университеті арасында курсанттармен алмасу бойынша келісім жүргізілуде. Бұл келісім негізінде акаде­мияға әлемдік деңгейдегі жетекші ғалым­дар мен практиктер дәріс оқуға шақы­рылады.

 

Айдар САЙТБЕКОВ,

ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының басшысы