Бүгінде қалалық архивте 736 қор және 404 458-ден астам сақтау бірлігі бар. Елорда тұрғындарының тарихының шынайы айғағына айналған көрнекті құжаттардың жеке тектік қор есебінде маңызы зор. Мәселен, архив қорына тапсырылған құжаттар Ғабдолла Бәйтенұлының туған өлкесі Қарақойын – Қашырлы өңірінің рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұмат береді. Бұл өз кезегінде сол өлкенің азаматтарына үлкен ақпараттық көмек.
Шара барысында батырдың өмірбаяны мен өшпес мұрасы арқау болған «Қашырлы сыр-сандығы» атты басылымның тұсауы кесілді. Бұл еңбекте қаламгердің өмірден түйген ой-пікірі мен пайымы, қолжазба иесінің шығармалары, өсиет сөздері, ел арасынан жинап-терген шежіре-дастандары топтастырылды. Шығармаларда қазіргі уақытта ұмытылып бара жатқан жер-су атауларының фотосуреттері де көрініс тапқан.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Осы қазыналы қарттардың айтып ұрпаққа қалдырған өнегелі сөздері, үлгі болар тағылымды істері, елінің, өзі туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне арнаған еңбек жолдары, бір сөзбен айтқанда, барлық болмысы – тұнып тұрған аңыз бен тарих», деді Астана қаласы мемлекеттік архиві директорының міндетін атқарушы Жангелді Бимолдин. Сонымен қатар Ғабдолла Бәйтенұлының жазып қалдырған мұрасы көпшілік көрермен назарына көрме арқылы ұсынылды. Оның мақсаты – еліміздің тарихы мен мәдениетіне қатысты сирек кездесетін қолжазбаларды кеңінен насихаттау, әлеуметтік рөлін анықтау.
Жиын соңында қонақтар мен батыр ұрпақтары естелік суретке түсіп, оқушыларға кітап ұсынды.