Театр • 31 Шілде, 2023

Театр фестивальдеріне түбегейлі төңкеріс қажет: Еркін Жуасбек

348 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Театр әлемі – сырттай сұлу көрінгенімен, ішіне үңілген сайын қатталған мәселе мен түйіні шешілмеген түйткілі мол сала және әрдайым түрлі пікірталас пен қызу талқыға арқау болып жататын шым-шытырық қайшылықтар алаңы. Актерлік өнер мен режиссура, драматургия мен талғам һәм сахнадағы түрлі тәжірибе – мұның барлығы әсерлі әңгіменің негізіне айналар тартымды тақырыптар. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург, театр сыншысы, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбектің айтары мол. Өнерді өз ішінен танитын тұлға театр туралы толғамдарын ортаға салды.

Театр фестивальдеріне түбегейлі төңкеріс қажет: Еркін Жуасбек

Еркін Тілеуқұлұлы, ел алдында жүргеніңізбен көп ашыла бермейсіз. Сұхбатқа да сирек келісесіз. Мұның сыры неде? Әйтпесе, сіз тек еліміздегі бас театрдың директоры ғана емес, кәсі­би театр сыншысы әрі драматургсіз. Өнер туралы ойларыңыз әлбетте көп болар...

Ой әркімде бар ғой. Пікір де дәл солай. Бірақ сөз берілді екен деп орынды-орынсыз көпсөзділікке салынуды құп­тамаймын. Сөзім емес, ісім озса – ұт­қаным. Өйткені қазіргі қызметім соны міндеттейді. Әрине, басшы болған соң «мына шаруаны тындырдым, мүмкін еместі мүмкін қылдым» деп жылтылдатып жарнама жасатып, әр қадамымды атой­латып отыруға да болады ғой, егер қала­сам. Оның қалай жасалатынын да жақсы білемін. Бірақ менің мақсатым ол емес және әсіре медиабелсенділіктің жұмысыма кедергісінен басқа тигізер еш пайдасы жоқ. Сондықтан да театрдағы барлық мәселеге іштей мониторинг жа­сап, әр салаға өз маманы жауап берсе деп жұмысты соған қарай бағыттап отырамын. Өйткені сахнада тер төккен актер мен режиссер еңбегін олардан асырып айту мүмкін емес. Сол сияқты драматургия мәселесіне сол бөлімнің мамандары жауап берсе, жауап та маз­мұн­ды һәм маңыздырақ болады деп ой­лаймын. Ал менің жұмысым – ұйым­дастыру. Сондықтан да театрдың шығар­машылық үрдісінің барынша сапалы, қиындықсыз жүруіне жол салып, соны сәтті ұйымдастыра алсам – жеңіс сол.

Десек те, сіз тек театр директоры ғана емес, кәсіби сыншысыз ғой. Дра­ма­тургтігіңіз және бар. Осы өнері­ңіз­дің барлығы басшылық қызметіңіз­дің тасасында қалып қойды деп ойла­майсыз ба?

Әлбетте ойландырады. Бірақ мені ешкім мәжбүрлеген жоқ қой. Қызмет жүктеген жауапкершілікті абыроймен атқару, маған артылған ұжымымның сенімін ақтау – бұл менің азаматтық парызым. Ал шығармашылық – жүрек қалауы. Ақсатпай, бәрін де қатар алып жүргім келеді. Бірақ көп жағдайда уақыт жар бермей жатады. Соған қарамастан шамам келгенше қаламды да тастамауға тырысамын. Мәселен, жақында қазіргі қоғамның өзекті, көкейкесті мәселелерін қозғайтын бір пьесамды аяқтадым. Театры­мыздың жас актерлері оқып, қы­зығу­шылық танытты. Режиссерімен де келісім жасалған болатын. Алайда кейін араларынан Мағжан Асаубай бастаған сөзі өтетін, өзіндік ойы бар өткірлеу бір-екеуі келіп, Мәскеуден оқу бітіріп келген Әлібек Өмірбекұлы деген талантты жас режиссермен жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді. Жастардың қалауы сол болса, мен қарсылық танытпадым. Содан аяқасты жоспарымыз өзгеріп, Әлібекпен жаңа қойылымға дайындық басталып кетті. Сол Әлібек айтады: «Аға, пьесаңызды маған сеніп тапсырған екенсіз, енді соны ғаламторға ашық оқы­лым­ға салып, мамандармен талқылау жасасам, қалай қарайсыз?», дейді. Ол жүрегімнен шыққан шығарма болатын болса, мен оны біреуден қорқып жаздым ба? Әрине, жоқ! Керісінше, талқылансын! Кемшілігі болса, сынды қабылдауға дайынмын. Сондықтан Әлібектің ұсынысын қуана қолдадым. Бағанағы сіздің «көпшілікке жабықсыз» деген сөзіңізге жауабым болсын, жалпы, мен қызметте жарқ-жұрққа әуес болмағаныммен, шығармашылықта барынша ашық пікірталасты құптайтын­дардың қатарынанмын. Себебі сол арқылы өнер өседі. Осыған дейін қойылған пьесаларымның да ешқайсысын көпшілік талқысынан алып қашқан емеспін. Керісінше, қандай пікір айтылса да, көтеремін һәм санасамын.

– Театртану деген тағы бір үлкен сала бар. Аталған ғылымның да кәсіби өкі­лісіз. Айтыңызшы, бүгінгі театр сы­нын қалай бағалайсыз? Мұхтар Әуезов айтпақшы, сынымыз шын ба?

Жалпы театртанушылар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ өз басым шақырған жерлерден қалмай, әу бастағы кәсіби мамандығымды да ұмытпай ара-тұра театр фестивальдеріне қатысып, пікірімді айтып тұруға тырысамын. Жүрегімде, санамда жүрген білетін мәселелерді ортаға салып, спектакль туралы айтып отырудан ешқашан қашқан емеспін. Оның өзінде де «біздің театрда былай, сендерде неге бұлай емес?» деп көлгірсуден, ақыл айтудан аулақпын. Қандай жағдайда да қолымнан келгенше бейтарап, әділетті болуға тырысып келемін. Себебі өнердің жібі жіңішке. Үзіліп кетуі мүмкін. Сон­дықтан да «сын айту осы екен» деп қойып қалып, театрдың немесе шығар­машылық иелерінің жылт еткен жалы­нын сөндіруден әсте аулақпын. Себебі сахнаға шыққан әр спектакльдің артында қаншама маңдай тер еңбек пен қажырлы қайрат жатқанын мен жақсы білемін. Сол еңбекті барынша бағалағым келеді. Сыншымын деп қойылымның тек мінін теруге қарсымын. Өйткені өнер – шартты үдеріс. Театрға қатысты пікірдің бар­лығы жанашырлықпен айтылуы керек, меніңше. Ал өзімнің толғамымның төңірегінде танымал болу үшін, не болмаса ел білсін деп жұмыс істеген емеспін. Театр туралы кіммен болса да пікір таластыруға әзірмін. Қателесіп жатсам, кешірім сұрауға тіпті дайын адам­мын. Себебі бәрін біліп тудым деген адамның өзі қателеседі. Менің ойымша, біз шығармашылықтың ішінде жүрген адамдар, әсіресе осыған абай болуымыз керек. Сахналық шығарма, сахналық бейне бұл өте осал әлем, жіңішкенің үзі­ліп кететіндей тұсында тұрған дүние. Сондықтан өнер туралы әңгіме айтқан кезде де, оған баға берген кезде де барынша абай болған жөн. Жеке басқа өту, жауласу – кәсібиліктің белгісі емес.

– Елімізде өтіп жатқан театр фес­тивальдеріне көңіліңіз тола ма? Фести­валь өнерге өлшем бола алып жүр ме?

– Бірден айтайын, фестиваль керек. Себебі фестиваль арқылы театрлар өседі, шығармашылық шеберліктерімен алмасады, өнер иелері кәсіби білікті­ліктерін шыңдайды. Ал сол мақсатты толыққанды жүзеге асыру үшін фести­валь­ді қалай өткізу керек? Міне, бұл – үлкен мәселе. Қазіргі таңда театр фестивальдерінің өз деңгейінде өтуіне кедергісін келтіріп тұрған дүние – қажетті қаржының бөлінбеуі. Мұны неге айтып отырмын? Жыл сайын елімізде бірнеше театр фестивалі өтеді. Бірақ бөлінген ақшаның мардымсыздығы сондай, іріктеуден өткен театрларды фестивальдің басынан аяғына дейін қатыстыруға жағдай қарастырылмаған. Еліміздің түкпір-түкпірінен шығар­машылық ұжым­дар артынып-тартынып келеді де, қойылымын ойнап, бірден кері қайтуға мәжбүр. Неге? Себебі фестивальге қатысу мәртебесіне ие болған ұжымның сол думанды толық тамашалап, шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттыруына мүм­кіндік берілмеген. Оған артық қаражат қарастырылмаған. Сонда фестиваль өткізудегі мақсат не? Оны кім үшін ұйым­дастырамыз? Меніңше, фестиваль әу бастағы мақсатынан айнымағаны абзал. Фестиваль дегеніміздің өзі грек тілінен тәржімалағанда «мереке» деген мағынаны береді. Өкінішке қарай, біздегі фестивальдер сол мақсатты толық орындай алмай келеді. Есесіне жүлде бөлісуде алдымызға жан салмаймыз. Әлемдік театрлар тәжірибесіне сүйенсек, театр өнері дамыған елдерде өтетін ауқымды фестивальдердің ешбірінде жүлде тағайындалмаған. Басты мақсат – тәжірибе алмасу. Сарапшылар болады, спектакльдер талқыланады, артық тұсы мақталып, кемшіліктері аталады. Бірақ ешбірі жүлде алу үшін ақ тер, көк тер болмайды. Тек қана шығармашылық сапаға жұмыс істейді. Ал бізде қалай? Жүлде қорына бөлінген бір-екі миллион ақшаны қатысқан театрлардың бәріне шүлен таратқандай бөліп береміз. Сонда әр аталымға бөлінетін ақша 100-200 мың теңгенің төңірегінде. Демек 100 мың теңгені алған актер немесе режиссердің айлап, тіпті жылдап төккен еңбегін біз осылай бағалап тұрмыз. Меніңше, бұл өнерді қорлау. Әйтпесе, сахнада күндіз-түні жан аямай тер төгетін әртістердің еңбегі спорттағы батырларымыздың же­ңісінен титтей де кем емес. Бірақ баға­лануға келгенде бәсіміз төмен. Сондықтан да фестиваль өткізсек, жүлдеге бөлінген мардымсыз қаржыны теңдей бөліп алмай, керісінше сол ақшаға іріктеуден өткен театрлардың бастан-аяқ қатысуы мен тәжірибе алмасуына жағдай жасасақ, өнер көп нәрсе ұтар еді. Бұл 100 мың теңгені жеңіп алдым деп желпініп (бәлкім жер болып) еліне қайтқаннан әлдеқайда пайдалы болар еді деп ойлаймын. Жалпы, фестиваль туралы ұзақ сөйлеп, толассыз толғануға болады. Себебі бұл салада қордаланған мәселе өте көп. Бірақ оған уақытымыз да, газетіңіздің беті де тапшы (күлді). Ал тоқетерін түйгенде, елімізде өтетін театр фестивальдеріне түбегейлі төңкеріс қажет.

Қалай ойлайсыз, өз міндетін толық атқаруы үшін өнер өткір болуы керек пе, әлде көркем бе?

– Бірін екіншісінен бөле-жармай, драматургтеріміз бен режиссерлеріміз екеуін сахнада қатар өре білсе, ғаламат емес пе? Театр болған соң сантараптылық керек. Бір ғана ұлттық драматургиямен шектелу немесе Шекспир мен Чеховқа айналып соға беру де өнердің шыңы емес. Рас, классика театрларды өсіреді. Бірақ бір бағыт пен түсінікке байланып өнер тудыру және мүмкін емес. Театрға келетін көрермен қандай алуан болса, театр репертуарындағы қойылымдар да сондай түрлі болуы қажет. Келген әрбір көрермен өзіне керегін сахнадан таба алып кетсе, театрдың басты міндетінің орындалғаны. Көрермен сахнадан барлығын да көруі керек – сұлулықты да, қатыгездікті де, өткірлікті де. Ең бастысы, шынайылық қажет. Мәселен, мен жас драматургтердің шығармаларын көп оқимын. Сырттай қарасаң, барлығы да әп-әдемі мөлдіреген өрімдей жастар. Бірақ жазғандарын оқысаң, кейіпкерлерінің барлығы өмірден өз орнын таба алмаған, адасқан адамдар. Барлығы сабылып бірдеңені іздеп жүр. Бірақ нақты мақсаты жоқ. Мәселен, сондай пьесаның біріне арқау болған базардағы арба сүйрейтін кейіпкерді алайық. Бір қарасаң жұмысы бар адам сияқты. Бірақ ол адамның ойында жүктелген міндетін атқарып, күнделікті жоспарын орындаудан, соған төленген нәпақасын алудан басқа түк жоқ. Себебі ол мына өмірде өзінің мақсатына жетпеген адам. Оның арманы сол жерде, яғни тұрмыс тауқыметі титықтатқан жерде қалып қойған. Сол сияқты шығар­ма­дағы басын тауға да, тасқа да ұрып аһ ұрып адасып жүрген кейіпкер де бүгінгі пәтерден-пәтерге көшіп, несиесін әрең жауып итшілеп өмір кешіп жүрген адамдардың шынай бейнесі емес пе екен деген ойға қаласың. Демек бүгінгі қоғамның тынысы сондай. Сол көрініс жастардың шығармашылығында шынайы көрініс тапқан. Әрине, мұндай мысал өте көп. Сол кейіпкерлердің әрқайсысының басындағы проблемасы арқылы бүгінгі қоғамның мозайкасы түзілмей ме? Ал өзекте сондай өкініш тұрғанда көркемдік деп қалай көлгірсиміз? Демек театрға барлық бағыт, барлық жанр қажет.

– Қазір театр айналасында жүрген кім-кімнен де: «Бүгінгі театрдың мақ­са­ты не?» деп сұрасаң, барлығы бірдей «Әлемдік деңгейге ұмтылу» деп жауап береді? Жалпы, әлемдік дең­гейге ұмтылу дегеннің өлшемі бар ма? Ол қаншалықты қазаққа пайдалы?

Әлем қазақты өнері, өнерлі жастары арқылы танып жатса, әрине, ол үлкен бақыт. Ал әлемдік деңгейге жетемін деп қол жеткенге де, жетпеске де көзсіз ұмтыла беру – ақымақтық. Біз жалпы ұлттың атынан сөйлеуге әуес халықпыз. Ол дұрыс та шығар. Ал соған лайықпыз ба? Ол басқа мәселе. Мысалы, «Қарагөзді» шетелге апарып қойып, қазақты әлемге тынытып қайттым деу қисынсыз. Себебі «Қарагөзде» айтылатын жеті ата, ру, тағы да басқа мәселелер шетелдік көрерменді толғандырады дегенге өз басым сенбеймін. Себебі менталитет, таным, түсінік деген басқа. Сондықтан да қисынды-қисынсыз ұлттық дүние­лерімізді тықпалай беру талғам мен танымның көрсеткіші емес, меніңше. Керісінше, қазақ өнерінің деңгейі дара дарыны шартарапты бас игізген Димаш секілді, күні кеше «Орталық Азияның» үздік актері атанған Дулыға Ақмолда, Азат Сейтметов, Канн фестивалінде жаһан назарын өзіне бұрғызған Самал Еслямова сияқты жастарымыздың, дүлдүл таланттарымыздың өнері арқылы бағаланып жатса, сол арқылы қазақты әлем танып жатса, міне деңгей деген сол, меніңше. Кезінде Әзірбайжан Мәмбетов әлемдік театр кеңістігін дүр сілкінтсе, бүгінде сол тағылымды жолды жалғайтын талантты театр режиссерлері шығып, әлем сахналарын үздік қойылымдарымен бағындырса, жаһандық жетістіктің жемісі де, жеңісі де осы емес пе? Ал енді тоз-тозы шыққан қазақ ауылын көрсетіп, болмаса керісінше шектен шыққан сахналық тәжірибелермен көрерменді ұлтымыздың танымы мен табиғаты туралы қайшылыққа толы қисынсыз пікірге ұрындыру, меніңше, әлемдік деңгей емес, ол – дүбәралық.

Алда М.Әуезов театрының ғасыр тойы келе жатыр. Мерейтойға дайын­дық­ жұмыстары басталып та кеткен болар...

– Осыдан бірер жыл бұрын Мәскеуге Вахтангов театрының мерейтойына барып қайттым. Сондағы мені таңғалдырғаны – театр ұжымының аста-төк дастарқан жайып, келген қонақтарды табақ-табақ аспен емес, тамаша қойылымымен қарсы алуы болды. Театрдың көрерменге жасаған тартуы – Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» шығармасының сахнаға шығуы еді. Әлемге әйгілі литвалық режиссер Римас Туминастың қолтаңбасында қойылған спектакль, шын мәнінде, санаға сілкініс жасаған үздік қойылым болды. Залдан 5 сағатқа созылған спектакльді ортасынан үзіп тастап кеткен адам көрмедік. Сілтідей тынған тыныштық түрлі ойға жетеледі. Себебі ондағы айтылған, көтерілген ойдың барлығы күллі адамзаттың проблемасы, адамзаттың көксегені еді. Осы арқылы театрдың өткені мен бүгініне байыпты да айқын баға берілді ғой деп есептеймін. Меніңше, театр тойы солай тойлануы керек. Бұл бастамадан айрықша әсерленіп қайтқанымды жасырмаймын. Алла жазса, театрымыздың атаулы тойына аман жетіп жатсақ, дәл сол «Соғыс және бейбітшіліктей» сананы сілкінтіп, танымымызға төңкеріс жа­сайтын жақсы бір қойылыммен театр­дың ғасыр тойын қарсы алсақ деген жоспар бар. Бұл біріншіден, алғашқы кәсіби қазақ театрының отауы болған қарашаңырақ – театрымызға олжа болса, екіншіден, ондағы қызмет еткен барша аға-апаларымыздың рухына құрмет, үшіншіден, сахнада тер төгіп жүрген бүгінгі әріптестеріміздің бар мүмкіндігін көрсететін ауқымды қойылым, бастысы, көрермендеріміз үшін тамаша тарту болады ғой деп ойлаймын. Ал дәл қазір театр күрделі жөндеуге жабылды. 40 жылдан аса жүйелі жөндеу көрмеген театр толықтай жаңартылады. Әсіресе сахна жабдықтары мен құрылғылары заманауи театр талаптарына сай қайта жасақталатын болады. Мұның барлығы алдағы уақытта сапалы қойылымдарды сахнаға шығаруға керемет мүмкіндік сыйлайтыны сөзсіз. Ұлттық мәртебеге ие ұлт театрының ғасыр тойы театр әлеміндегі үлкен жаңалыққа айналса деген тілегіміз бар.

Жөндеу жұмыстары ғимараттың тарихи келбетіне қалай әсер етеді? Театр жаңартылады деп бастапқы көрінісін жоғалтып алмай ма? Олай деуімізге себеп – жөндеуге жабылып, кейін сырты адам танымастай өзгер­ген, яғни тарихи тұрпатын жойған ғимараттар Алматыда көп қой...

Сөзіңіздің төркінін түсіндім. Театры­мыз­ға күрделі жөндеу жасалғаны­мен, ол жаңару ғимарат келбетіне, жалпы, сыртқы құрылысына еш әсер етпейді. Тарихи нысан толығымен өз қалыбын сақтайды. Негізінен техникалық жағынан жасақталу мен жаңару басты назарда.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»