Мәдениет • 31 Шілде, 2023

«Арман қуған Алтынай»

405 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз де «Алтынаймен» бірге арман қуғанбыз. Жете алдық па, жете алмадық па, білмедім, бірақ осы әуеннің ырғағында балауса күніміз бен сәби сезіміміздің силуэті бар. Әннің риясыз достықты насихаттайтынын ол кезде бағамдай алмадық. Бірақ құдды жауапсыз махаббаттың құпиялы сөзі секілді естілетін. Тіпті осы өлең мен жақсы көрген сыныптағы ең сұлу қыз Алтынайға арналғандай көрінетін-ді.

«Арман қуған Алтынай»

Бұл шығармада үлкен достық­тың­ жаңғырығы бар, әсерлі әуен өзгеше күйге бөлеп қана қой­май­ды, жадыңызда мәңгілік мекен­дейді. Міне, қараңызшы, шыққанына 30 жылдан асса да, бұ­рын­ естімеген адамша қайта-қайта қосыла шырқап отырмын. Жұқа қара шашын иығына төгіп тастап, қара-қоңыр гитарасын кеудесіне басып төгілте шырқаған Ұлықпан Жолдасов екі мыңыншы жылдардың басында тойдың көркіне айналды. «Алтынайсыз» кеш өтпейтін, «Алтынайсыз» халық тойдан жібермейтін, сондай бір тәтті музыканың сөзі мен сазы жұрттың жүрегіне қоныстанып алды.

Былтыр Шымкент шаһарына қонаққа барғанымда, туындының авто­ры, ақын Хан­бибі Есенқа­рае­ва­мен дидарласудың жолы түсті. Әңгімені осы «Алтынайдан» бас­­та­­­дық. Ақын апамыз ақтарыла сөй­леді.

«1991 жыл. Ош қаласында қырғыз халқының айтулы тұлғаларының бірі – Құрман­жан датқаның 180 жылдығына арналған үлкен іс-шара өтті. Сол тойға Оңтүстік Қазақстан облысынан екі адам делегат ретінде шақырылдық. Бірі – мен. Екіншісі, облыстық атқару комитетінің хатшысы. Шынын айту керек, бұған дейін Екатерина, Елизавета деген орыстың қатын патшаларын білетінбіз. Ал шығыс халқынан шыққан, оның үстіне қырғыз бауырларымыз ұлықтаған ханшаның тойы көңілімізге ерекше бір мейрам орнатқандай болды. Жан-жақтан қонақтар келгенде белгілі ғой, оларды әрі-бері алып жүретін бір адамды бекітіп қоятыны. Маған бекітілгені Қырғызстанның арақ-шарап зауытының директоры Алтынай Сулайманова деген келіншек екен. Өзі басшылық ететін зауытта 10 мыңдай адамды басқарады. Осыдан-ақ оның мықтылығын байқай беру керек шығар. Алтынай тек шенеунік қана емес, жүрегі жұмсақ, көзінен сағынышы төгілген, мейірімді, ба­уырмал, сондай бір әдемі жан болып көрінді маған. Ошта 3-4 күн болдық. Бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз, қайтатын кез жетіп, қоштасып жатқанда Алтынайдың көзіне мөлтілдеп жас келіп қалды. Жалпы, біздің табиғатымыздағы жоғалтқан нәрсе­міз – біреуді жақсы көру, қоштасарда көзге жас алу. Қазіргі заманда сирек кездесетін адами қасиеттер. Содан Шымкентке дейін 12 сағаттай жол жүрдік маши­намен. Жол бойы Алтынай көз алдымнан кетпеді. Қимас туы­сы­м­мен қоштасқандай сезімде келе жаттым. Ыстық та ізгі сезім­дер­­ге толы қимастық өлең­ жолдарына айналған-ды сол жо­лы», деді қаламгер тебірене еске алып.

Ал сазгер Құралай Сәтмұ­хам­бетова өзінің естелігінде шығар­маның өмірге келуін былайша суреттейді. «Бір жолы іссапармен Созақ ауданына бардық. Арнайы бөлінген автобустан ақын Ханбибі Есенқараева екеуімізге қатар орын тиді. Жолай ол Алтынай деген құрбысы бар екенін, оны сағынып жүргенін айтты. Оған арнап жазған өлеңін де оқып берді. Содан Созақта болған 1-2 күнде белгісіз бір әуен ыңылдап көкейден кетпей қойды. Негізі қыздарға арналған мәтін болған соң ба, әлде табиғатымыз ортақ нәзік жандар болған соң ба, ән тез жазылды. Бір аптаның ішінде өңделіп, әрленіп, да­йын болды. Бірақ, шынын айту керек, ол кезде Ханбибінің суреттеуінде болмаса, қырғыздың Алтынайымен танысқан жоқ болатынмын. Сондықтан да өзім іштей әнші Алтынай Жорабаева, иллюзионист Алтынай Байтоқанова секілді ұлттық рухымызды мықты ұстаған қазақтың Алтынайларын көз алдыма елестете отырып, соларға арнап жаздым. «Алтынай» әнін алғашында Жұбаныш Жексенұлы, Рамазан Стамғазиева, Гүлмайдан Сүн­де­това орындады. Бірақ әннің бағын ашқан Ұлықпан Жолдасов, ал әншінің бағын ашқан «Алтынай» екенін бүгінде біз ғана емес, көпшілік айтып жүр. Іңкәрлікке толы жыр шумақтары мен сазды әуен қазақ пен қырғыз аялаған һәм қастерлеген қыздардың бірі-біріне деген назы, достығы, қимастығы мен іңкәр сезімінің көрінісі іспетті. 1990 жылдардың басында көпшілік қосыла шырқа­ған «Алтынай» осылайша ретро әндердің біріне айналып кете барды».

Шіркін, әннің мәтінімен қабыс­қан сұлу саздың нотадағы биі көңіл масайратады ғой. Ғашық жүректің бір буырқанар сәтіндей көңіл көншітеді. Тыңдаңызшы:

«Алатауды айналып,

Ош аспаны ойланып.

Әлем бір сәт қалғандай,

Кірпігіңе байланып». Иә, мектеп қабырғасындағы бала махаббатым сол Алтынайдың кірпігіне байланып қалғандай бір сағыныш сананы тербейді. Естіген сайын мөп-мөлдір һәм аңғал қимастықты қайта жыр еткім келетіндей…