Өнер • 01 Тамыз, 2023

Алғыр ұрпақ және ұтымды креатив

259 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазір креатив кез келген салада табысты, жемісті нәтиже береді. Елімізде осы шығармашылық әлеуетті қолданып, қоғамдағы түрлі әлеуметтік, өзекті мәселелерді қозғап, халықтың санасын оятып жүрген жастар бар. Олар ән мен әуенді, би мен өнерді поэзиямен ұштастырған «Тäuel[dı]sız» арт-жобасының мүшелері. Еркін ойлы топ жөнінде жоба продюсері әрі авторы Руслан Жұбаныш кеңінен әңгімелейді.

Алғыр ұрпақ және ұтымды креатив

– Руслан, алдымен заманауи өнер ортасының құрылу тарихы, арт-жобаның өзіне жүктеген мақсат-міндетімен таныссақ.

– Тäuel[dı]sız жобасы 2019 жылы құрылды. Ол кезде мен Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факуль­­тетінің 4-курсында оқимын. Мектеп жасымнан­ поэ­зияға қатты қызығамын. Әдеби кеш­­­терге жиі қатысатынмын. Студент кезім­де­ де одан жырақтамадым. Осындай іс-шаралардың ұйымдастырылуында басы-қасында жүрдім. Бірақ поэзияның дәріп­телуіне, жалпы өту формасына қатты көңілім тола бермейтін. Сөйтіп, маған алғаш 2018 жылы «Неге поэ­зия арқылы шоу жасамасқа?!» деген идея келді. Қазақ ақындарының, қазақ поэзиясының әлеуеті кең. Өте биік. Ғаламдық, адамзаттық тақырыпты, экологияны, жасанды сананы, саясатты қозғай алады. Мен тек ізденуім керек екенін сезетінмін. Содан 2019 жылы осы арт-жобаның сәті түсті. Бірге оқыған бірнеше адамға идеямды айтып, ұсыныс тастадым. Келіскені 7-8 адам ғана. Команда құрылып, кеш өткізу қамына кірістік. Алғашқы кеште тәжірибе жоқ, аңғалдықтан, біраз кемшілік кетті. Анонсты кеш өтуге бір күн қалғанда бердік. Соның өзінде 100-ге жуық адам жиылды. Бір айта кетерлігі, 2019 жыл елдегі ауқымды саяси оқиғалармен тұспа-тұс келді. Мәселен, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отс­тавкасы, Астана қаласы атауының өзгертілуі. Бірінші концертіміздің сценарийін осы тақырыптарға сай бейімдедік. Осылайша, біз алғаш рет Астана қаласы атауының өзгертілуіне өлеңмен арт протест жасадық. Сонда ақын Саян Есжанның: «Бояуы осы боямасыз күндердің, Кеше кім ем? Бүгін енді кім болдым? Баспанасыз босып жүрген кезімде. Астанасыз қаларымды білген кім?», – деген тармақтарын сахнаға алып шыққанбыз. Бұдан бөлек, қоғамдағы басқа да күлбілтелі мәселелерді көтердік. Кешті өткізуге жалға алатын орын сұрау үшін Астанадағы Жастар театрына бардық. Студентте қайдан ақша болсын? Жағдайымызды театр­ басшылығына түсіндірген едік, олар бізге қазір халықтың театрға онша келмей жүргенін, егер олардың қойылымына 300 билет сатып бере алатын болсақ, бір кешке театр залын тегін беретіндерін айтты. Ол кезде командада жеті адам едік. Келістік. Сонымен не керек, әлгі билеттерді түгелдей сатып, есесіне концерт өткізуге тегін орын таптық. Мұндағы біздің басты мақсатымыз – қоғамдағы түрлі әлеуметтік, өзекті мәселені өнер арқылы көпшілікке жеткізу. Былайша айтқанда, өнер арқылы шер тарқату. Өйткені біздің кештерде экология, Жер-ананың жан айқайы, саясат, адамның жан күзелісі болсын әртүрлі тақырып қозғалады, соған көңілі босаған адамдар болды. Сондай-ақ заманауи поэзия өкілдері – жас авторлар мен олардың шығармашылығын таныту, насихаттау­ды көздейміз.

– Міне, арт-жобаның өз аудиториясын жинағанына 5 жыл толыпты. Осы уақытқа дейін қандай іс-шараларды өткіздіңіздер? Халық кештеріңізді қалай бағалап жатыр?

– Біз 6 кеш бердік. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Соңғысы биыл сәуірде Алматы шаһарында «Hïkaya» атауымен өтті. Одан кейінгісі «Betperde», ал алғашқы кешіміздің аты болмады. Біздің ерекшелігіміз сол театрлар секілді айына бірнеше қойылым, жоспарлы түрде күнде спектакль өткізбейміз. Жылына 1-2-уі ғана болады. Сондықтан театр дегеннен гөрі, арт-жоба деген жөн болар. Бір жағынан театрға концепциямыз ұқсамайды. Бізде әр нөмірге үлкен еңбек кетеді. Әр поэзияның әлеуеті бөлек. Оны алып шығатын әртістің, сахнаның, тіпті фондағы әуен барлығы маңызды рөл атқарады. Айтпағым, кез келген нөмірдің артында қажырлы еңбек тұрады. Арт-жобада негізінен бес адам. Олар: digital директор – Айдана Жүніс, музыкалық продюсер – Ғазәлі Орман, кастинг директор – Әсем Құлманова және бас редактор – Нұржауған Мұқанова. Әрқайсымыз ақындарды бөліп аламыз. Өзіміздің тақырыбымызға келеді-ау деген өлеңдерін дайындап, ортаға салып талқылаймыз. Ол кей кездері дау-дамайға ұласады: «Неге біз ол өлеңді алуымыз керек, неге мынаны алмауымыз керек?» деп дауласып жатамыз. Ол үдеріс маған ұнайды. Өйткені әділ әрі шынайы өтеді. Біз ұйымдастырушы ретінде осы өнерді жасаушы ретінде өз пікірімізді көрерменге таңғымыз келмейді. Ең соңғы шешімді көрерменге қалдырамыз. Сондықтан үнемі поэзияны кез келген нөмірді бекіткен кезде оның нейтралды болғанына аса қатты мән береміз. Егер обьективтілік сақтамасақ, онда бұл көрерменге, өнерге деген қиянатымыз болар еді. Кеш өткізетін кезде қалған адамдар кастинг арқылы таңдап алынады. Құрам жаңарып отырады. Бұл біздің ұстанымымыз. Осылай өзімізге жаңа мүмкіндіктер аша түсеміз. Әр өнерпаз өзінше ерекше, әдемі һәм талантты. Негізгі, әлеуметтік тақырыптарды еркін көтеретін жоба болғандықтан, кешті ұйымдастырудан бөлек, қосымша сынақтар да болып жатады. Мәселен, кезекті өнер кешіне ең соңғы репетициямызды жасап жатқанымызда, іштегі қызметкерлер біздің кейбір қойылымдарымызды суретке, видеоға түсіріп, басшыларына жолдап, кей нөмірлерімізді біржола алып тастағысы келді. Ойлаңызшы, концерттің басталуына 2-3 сағат қалды. LED экраннан көрсетілетін бір бейнежазбамызды солай алып тастады. Әйтпеген күнде концерт өтіп жатқан кез келген сәтте микрофонды немесе жарықты өшіріп тастайтындарын айтты. Біздің елімізде цензураға тыйым салынғанымен, өз көлеңкесінен қорқатын осындай адамдардың кесірінен цензураға тап болып жатамыз. Бірақ көрермен бізді сол үшін жақсы көріп, кештерімізді бағалайтын шығар деп ойлаймын. Өйткені біз әрқашан шындықты айтуға тырысамыз. Шындық бар жерде өнер бар, өнер бар жерде шындық болуы керек. Бұған қоса мейлінше халықтың көкейіндегі, жүрегіндегі нәрселерді дөп басып айтуға тырысып, бағып жүрміз. Әрине, қанша адам болса, сонша пікір болады. Біреудің көңілі толады, біреудің көңілі толмайды деген секілді. Дегенмен сыздауық жара сияқты, өте маңызды, нәзік, тақы­рып­­­тарды қаузаған соң, көрер­менге жақын шығармыз.

– Өнер кешінің тақырыптарын, негізгі идеясын қалай таңдайсыздар?

– Кештің сценарийін жазар алдында, біз әуелі қандай тақырыптарды қамтитынын, әлемде қандай өзгерістер, қандай нәрселер жүзеге асып жатқанын қарап, қоғамның былайша айтқанда тамырын басып аламыз. Кейін негізгі тақырыпты бекітіп, сценарийге отырамыз. Біздің пандемиядан кейінгі кешіміз постпандемия кезеңі болғандықтан, символикалық мән-мағынаға ие «Betperde» деп аталды. Ол да тегін таңдалған жоқ. Әдейі екіұдайы мағына беретін сөзді таңдадық. Бекіткен тақырып аясына бірнеше тақырыпшаларды қарастырдық. Мысалы, біздің соңғы концертіміз «Hïkaya» сөзі әлеуметтік желілердегі Stories ұғымын білдіреді. Яғни біз хикаяларда өтіп жатқан өмір деумен осы тақырыпты алдық. Жоба былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевт­ың Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты негізінде жүзеге асты. Биліктен грант алсақ та тәуелсізбіз. Жалпы, «Hïkaya» Internews гран­тының және халықаралық ARTIF Awards байқауының жеңімпазы. Өнер кешін­де ақындар Тұрсынбек Башар, Ислам Қабылұлы, Мақпал Жұмабай, Қуаныш Өмірбек, Әсел Кәрібай, Баянғали Әлім­жанов, Жұлдыз Молдағалиева, Фай­зулла Төлтай, Әсел Құлмановалардың экология, жер, Қаңтар оқиғасы, Ресейдің Украинаға басқыншылығы тәрізді тақырыптардағы туындыларын кәсіби емес жастар сахналап көрсетті. Жалпы, біз барлығын осы хикаяда күні-түні көріп жатырмыз деп бір концепцияға сыйдырдық.

– Байқағаным, көрермендеріңіздің басым бөлігі – жастар. Аудиторияны мұқият зерделейтіндеріңізді де, аңғар­дық. Осы орайда қоғам алдындағы жауап­­кершілігіңізді ескере отырып, қазіргі 16 мен 35 жас аралығындағы азамат­тарды алаңдататын түйіткілді мәселе­лерге қатысты пікіріңізбен бөліс­се­ңіз. Олардың менталды саулы­ғы туралы не дейсіз?

– Біз осы турасында «Beimalim» атты медиажобамда психологпен мисаулық деп менталды саулықты қазақшалап, оффлайн кездесу өткізгенбіз. Жүздесуде тақырыпты жан-жақты талқыладық. Жалпы, қазір тек жастардың ғана емес, кез келген адамның мисаулығы сыр беріп жатыр. Өйткені қазір қоғам постпандемиялы кезеңде өмір сүріп жатыр. Негізі оған аса мән бермесек те, оның салдары өте ауыр болды. Осы кезге дейін бізде мұндай тәжірибе болмады. Өйткені айлап-жылдап төрт қабырғада қамалу, бір-бірімізбен сөйлеспей, қарым-қатынас жасамау, шынымен адамзат үшін бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Адам – әлеуметтік жануар. Бізге өзара қарым-қатынас құру өте маңызды. Осы тұста пандемияның салдарын қалыс қалдырмай зерттеуіміз керек. Бұл туралы бірнеше сарапшы, ғалымдар да айтып жүр. Бұдан бөлек, біз жарық жылдамдығымен дамыған заманда, мейірімді сырттан іздейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бұл виртуалды әлемнің салдары болуы керек. Яғни social media, әсіресе жастарға үлкен қысым жасайтын. Әлеуметтік желілерде жасы түгілі кәрісі де адасып қалуы өте оңай. Біз «Hïkaya» кешінде сол мәселені зерттеуге тырыстық. Шынында кез келген мәселені хикаяда байқап, бақылап отырамыз. Және оған әбден етіміз үйреніп кетті. Ақпараттың көптігі және оның рас-өтірігін білу қиын. Бұған қоса, әлеуметтік желідегі бәрінің өмірі мінсіз, әдемі көрінеді. Сондықтан жастар психикалық тұрғыда жетілмеген, қалыптаспаған, өздерін басқалармен салыстыруға бейім болады. Міне, осы бейімділігі де, өздерінің мисаулықтарын одан әрі әлсіретуге әкеледі деп ойлаймын. Сондай-ақ жастардың категориясы да әртүрлі ғой. Оларды көбіне болашағы алаңдатады. Есті жұртқа даусын естірте алмай қиналуы мүмкін. Меніңше, жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуді өздеріне берген дұрыс. Өйткені кез келген адам сырқаттанған кезде, оның қай жері ауы­рып тұрғанын жақсы бағамдай алатын өзінен асқан ешкім болмайды. Бұл жерде сөз кезегін жастарға берген ұтымды. Әрі ол саяси жүйенің ықпалындағы дүние. Яғни саяси жігерсіз, саяси ықпалсыз мұндай мәселелерді жүйелі түрде шешу қиын. Мысалы, бізде қазір Парламентте жастарға және әйелдерге 30% квота бөлінген. Бірақ бұл заң керағар қайшылық тудырады. Өйткені 30% жастарға да, әйелдерге де ортақ. Екіге бөліп тас­тап тұр. Негізінде 30% әйелдерге де, жастарға да бөлек берілсе, Парламенттегі жастардың да, әйелдердің даусын ести алатын мүмкіндік алар едік. Парламентте жастардың үнін жеткізетін өз өкілдерінің болмауынан немесе болғанның өзінде аз болғандықтан жастардың әлеуметтік мәселелері жүйелі шешілмей отыр. Жалпы, саясатқа белсене араласқысы келетін, көзі ашық, көкірегі ояу, азаматтық қоғам арасында прогрессивті көзқарастағы жастар өте көп. Осындай азаматтардың жолдарын бөгемей, мейлінше әділ сайлау, әділ жүйе арқылы саясатта орын беру керек. Мысалы, мен жуырда өткен сайлауды бақыладым. Бізде бірінші рет мажоритарлы, пропорционалды форматта өтті. Сол кезде біразы қатысуға белсенділік танытып, ниет білдірді. Бірақ сайып келгенде олардың көбісі мандатқа іліге алмады. Қорыта айтсам, жастардың балшыққа батып жатқан мәселелерін шешу үшін де саяси жүйенің өзгеруі өте маңызды. Саяси жүйеде осы жастар өкілдерінің болуы одан да маңызды.

– «Beimalim» жоба­­сына тоқтала өтсеңіз.

– Бұл жобаны «Тäuel[dı]sız»-бен қатар бастаған болатынмын. Менің дипломдық жұмысым storytelling туралы. Одан тек теориялық негізде емес, практикалық тұрғыда жоба жасағым келді. Жетекшім Айнұр Ташмакова да ұсынысымды қолдай кетті. Жалпы, идея 3-курста «Бүгінгінің батырлары» мақалалар байқауына қатысқанмын. Сол кезде бір кейіпкер туралы сұхбат алып, шағын мақала жазып шықтым. Әңгімеден кейін қатты шабыттанып, бүгінде тасада қалатын, біз біле бермейтін, бірақ көп нәрсенің өзгеруіне, қоғамның алға жылжуы­на атсалысып жүрген беймәлім жандардың барына көзім жетті. Осылайша, жоба дүниеге келген. Қазір аямызды кеңейтіп жатырмыз. Шағын медиаға айналдырғымыз келеді. You tube-қа ауыстық. Одан бөлек, рухани кездесулер өткізіп жүрміз. Жобаның концепциясын өзгертеміз. Мына Украинадағы соғыстан кейін әлемде көп нәрсе өзгерді. Қазақстанда жалпы посткеңестік елдерде отарсыздану туралы көп айтыла бастады ғой. Отарсыздану ол бәріміз іштей ойлап келген, бірақ ешқашан сыртқа шығарып айтпаған дүние. Сондықтан форматты сақтап, өз аудиториямызға, отарсыздану үдерісінің тезірек жүруіне үлес қоса аламыз деп үміттенеміз. Қос жобаның бір ұстап тұратыны, қаржыға тәуелдіміз. Оларды ешкім қаржыландырмайтындықтан, гранттармен ғана күнелтетініміз қынжылтады.

– Ашық әңгімеңізге мың алғыс!

 

Әңгімелескен

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»