Әскер • 03 Тамыз, 2023

Армиядағы «Көрінбейтін мемлекет»

201 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғамның барлық саласын цифрландыру – ең алдымен, жұмыстың жеделдігін қамтамасыз етіп, қызмет көрсету сапасын арттырса, екінші жағынан адам факторының алдын алады. Нәтижесінде, сыбайлас жемқорлық секілді жайсыз көріністерді болдырмауға септігін тигізеді. Осы орайда уақыт талабына орай қорғаныс саласында да бұл үрдіс қарқынды қолға алынып жатыр.

Армиядағы «Көрінбейтін мемлекет»

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, «Invisible Government», яғни «Көрінбейтін мемлекет» жобасы шеңберінде министрлік еліміздің Қарулы Күштерімен байланысты барлық қызметті проактивті түрде көрсетіп, іске асыруды қолға алған. Соның бір мысалы – 18 жасқа толған бозбалаларды дәстүрлі форматта әскерге шақыру тоқтатылып, еліміздің барлық өңірінде шақыру учаскелерінде тіркеу проактивті форматта жүргізілмек. Ел Үкіметі Қорғаныс министрлігінің бұл бас­тамасын қолдады.

– Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық өңірінде тіркеу науқанын өткізу проактивті форматта жүзеге асырылатын бола­ды. Енді азаматтарымыз меди­ци­­налық куәландырудан өту, жеке істерге құжаттар жинау үшін әс­кери комиссариатқа арнайы келіп жүр­мейді. Бұл оқушылардың сабақ­­тан қал­мауына мүмкіндік береді. Соны­мен­ қатар жыл сайын­ жергі­лікті атқарушы органдар бөлетін
1 млрд теңгеден астам қа­ра­­жатты үнемдеп, шақыру учас­ке­ле­рі­не тіркелу туралы куәлік­тер­ді алу қажетін жоя­ды, – деді ол.

Қорғаныс министрінің орынбасары азаматтарды әскерге шақыру туралы SMS-хабарламаның заң­ды­­лығы және әскерге шақыру учас­кесіне келу қажеттігі туралы келіп түскен сұрақтарына байланысты хабарлама 1414 қызметі арқылы жүзеге асырылатынын және оның қосымша шара екенін айтады.

Бұған дейін көтеріліп келе жатқан маңызды бастамалардың бірі – мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға уа­қыт­­ша несиелік демалыс­ беру мәсе­лесі. Қорғаныс министр­лі­гінің мәліметінше, биыл әскери қыз­меттің беделі мен тартым­дылығын арттыру мақсатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, мерзімді әскери қызметшілерге банктік қарыздар мен микронесие­лер бойынша төлемдерді кейінге қал­дыру мәселесі өз шешімін тап­қан. Нәтижесінде, мерзімді әскери қыз­метке шақырылған 2 600-дан астам азаматтың несие бойынша төлем­дері кейінге қалдырылды.

– Бұл жоба ұзақ мерзімдік сипатқа ие болғандықтан, алдағы уақытта азаматтың өтінішінсіз проактивті форматта несиелік демалыс беру алгоритмі әзірленді. Бұл несиелік міндеттемелер бо­йынша төлемдерді кейінге ше­геруді неғұрлым жедел ұсынуға және мерзімді әскери қызметтегі аза­маттарды 100% қамтуға мүм­кін­дік береді, – деді Қорғаныс минис­трінің орынбасары Дархан Ахме­диев. Оның айтуынша, бұл алгоритм қазіргі күні даму сатысында.

Министрлік өкілі азаматтарды келісімшарт негізінде әскери қызметке қабылдау бо­йынша «Jauynger.kz» сервисі сынақтан өтіп жатқанын айтты. Қызметтегі «ашықтықты» және «қолжетімділікті» қам­тамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту үшін әзірленген сервистің артықшылығы – ақпараттық жүйелермен өзара интеграциялық іс-қимылдың арқасында ведомствоішілік және ведомствоаралық құжат айналымы автоматтандырылмақ. Сол арқылы мемлекеттік органдардан онлайн режімде шынайы ақпарат алу әскери қызметке кіру мерзімін 3-4 айдан 15-30 күнге дейін қысқартады. Бұл жағдайда адам факторы және оның шешім қабылдауға әсері болмасы анық.

Деректер базасын интеграциялау ел ішінде тұрғылықты жерінің өзгеруіне байланысты әскери комиссариатқа келу қажеттігін жояды. Ведомство өкілінің ақпа­ра­ты бойынша азаматтарды әске­ри есептен шығару және қою тір­кел­ген мекенжайы бойынша автоматты түрде жүзеге асырылады.

– Әскерде болмаған аза­­­мат­­­тар­ға әскери билет алу қа­жет­­­тігі бол­майды. Бұл шара сы­бай­­лас жемқорлық тәуекелдерін айтар­­лық­тай төмендетіп, бюджет қара­жатын үнемдейді. Мұндай жаңа­шыл­дықтар заң тұрғысынан бекіту саты­сында тұр, – деді министрдің орынбасары.

Соңғы уақытта көп көтеріліп жүрген мәселелердің тағы бірі – әскер­дегі әлімжеттік және суицид жасау жағдайлары. Осында келең­сіз оқиғалардың алдын алу үшін Қару­лы Күштерде «Ақ сұңқар» әмбебап психодиагностикалық кешені қолданыла бастады. Ол психологиялық тұрақсыздығы, суицидке бейімі болуы мүмкін адамдарды уақтылы анықтауға арналған. Диагностиканың 60-тан астам құралы бар аталған кешен авто­матты режімде психо­ло­гия­лық зерттеу нәтижесін бермек.

– Мерзімді қызмет сарбаз­да­рының күнделікті қызметін жалпы бақылау үшін Қарулы Күштер орындарында 50 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орна­тылған. Бейнеаналитиканың заманауи технологиялары материал­дың ауқымды көлемін өңдеуге мүм­кіндік береді. Осыған байланысты министрлік тарапынан бейнеаналитика жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл құқық бұзушылықтарды, жарғылық емес қатынастарды уақытында тоқтатуға, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін болдырмауға мүмкіндік береді. Аталған жүйе камера материалдарын талдайды және жоғарыда айтылғандай, оқиғалар анықталған жағдайда жедел шара қабылданады, – дейді министр орынбасары Дархан Ахмедиев.

Бұдан өзге Қорғаныс министр­лігі egov порталындағы жеке кабинетке ұқсас «әскери қызметшінің кабинеті» модулін әзірледі. Бұл – нақты уақыт режімінде әскери қызметшіге қатысты мәліметтерді көруге, қажетті анықтамалар алуға және баянаттар беруге мүмкіндік ұсы­нады. Бұл қызмет түрі қағаз құжат айналымын едәуір қысқар­тып, артық бюрократиялық рәсім­дер­ді болдырмайды.

Соңғы жаңалықтар