Қоғам • 04 Тамыз, 2023

Алаяқтар алшаңдай бере ме?

290 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Статистикалық деректерге қарағанда Солтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы интернет-алаяқтықтың 61 оқиғасы тіркелген болса, былтыр оның саны 781 оқиғаға жетіпті. Ал осы жылдың алғашқы жартысында 400 қылмыс тіркелген. Осының өзінен алаяқтықтың осы түрі жылдам өсіп отырғанын көруге болады.

Алаяқтар алшаңдай бере ме?

Мамандар халықпен ақпа­рат­тық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында алаяқтықты 13,8 пайызға азайттық дегенімен, жылдың алғашқы жартысында 400 болса, жылдың аяғында 800 болуы мүмкін ғой, бұл былтырғыдан артық болып кетеді емес пе десек, криминалдық полиция былтырғы жартыжылдықта алаяқтықтың саны 464 болғанын айтады.

Қалай десек те, алаяқтық азаяр емес. Оның құрбаны бола­тын­дар­дың көбі облыс орталығының тұр­ғын­дары. Өйткені бұлар интернет арқылы сауданы көбірек жасайды. Бір қызығы, бұрын алаяқтыққа жасы үлкен, қарт адамдар ұшы­ра­са, қазір қылмыстың үлкен үлесі 40 пен 60 жас арасындағы адам­дар­ға ауысыпты. Ал алаяқтық жасай­тындардың негізгі үлесі 20 мен 35 жас аралығындағы жас­тар көрінеді. Биыл олардың 32-сі ұс­та­лып,­ жауапқа тартылып үлгер­ді, ал былтыр барлығы 22 алаяқ ұс­тал­ған көрінеді.

Биылғы қаңтар айында облыс­ орталығында «CyberPol» атты поли­ция қызметкерлерінің тобы құры­лып, олар тек интернет алаяқ­тықпен күресуге мамандануда. Жарты жылда ғана олар «Крыша.кз» сайты бойынша пәтерлерді жалған жалға беру алаяқтығын 14 рет жаса­ған­ темір­­таулық 32 жастағы тұр­ғын­ды, Петропавлдың өзінен «Инс­та­грам» әлеуметтік желісінде 10 рет­ өтірік тауарлар сатқан 20 жа­сар тұрғынды, «Жол-көлік оқиғасы» деген жалған ақпарат арқылы 10 рет тұрғындарды алдап, ақшасын қаққан 31 жас­та­ғы павлодарлықты және т.б. ұс­тап, істерін сотқа жеткізген. Осы «жол-көлік оқиғасы» деп атал­ған алаяқтықты қолданған Петро­павлдың 19 жастағы тұрғыны жал­ғыз тұратын 56 жастағы әйел адам­ды алдап, оның 16,5 млн теңге қаражатын қақшып кеткен. Оқиға былай болады. Түскі тамақ­қа келген әйелдің үйіндегі теле­фонға «жаны қысылып», жылам­сыраған әйел дауысы бөлек тұра­тын қызының апатқа ұшырап, маши­насымен бір қызды соғып және өзі де жапа шеккенін айтады. Қылмыстық іс қозғамау үшін жапа шеккен қызға жасалатын отаның құнын жедел төлеу керек екенін ескертеді. Сонымен бірге қызымен 5 минуттан кейін қосатынын айтады. Мұндайда жан қала ма, есі шығып кеткен әйел қызының қалтафонына қоңы­рау соғуды да ойламайды. Бес минутқа жетпейтін уақытта соғылған қоңыраудан бір әйелдер мен еркектердің абыр-сабыр дауыстары естіледі және қызының даусына ұқсайтын бір дауыс: «Мама-мама, я в больнице» деп ышқынады. Әрі қарай асыққан бір еркек телефон құлағын алып, қазір бір жігіт келіп, ақшаны алатынын айтып, байланысты шорт үзеді. Есі әбден шыққан әйел үйіндегі барлық ақшасын жиып, ұзамай келген бейтаныс жігіттің қолына бәрін ұстатып қоя берген... Арада шамалы уақыт өткен соң қызы өзінің үйінен жайбарақат хабарласып, жай сұрайды. Сонда ғана алданғанын білген әйел жанұшырып полицияға жетеді. Полиция алаяқты ізін суытпай ұстағанда, оның үйінен 9,8 млн теңге алынған. Қалғанын алаяқ таныстарының шоттарына аударып үлгерген екен.

Ал халық көптен бері құлақ­тан­ған «банк қызметкері» болып жалған қоңырау соғушылар қазір өздерінің «шеберліктерін» арт­тыра түскен. Олар қазір жәбір­ле­нушіні «Анидеск», «Тай­м­фьюер», «Рудеск» және т.б. бағ­дар­ламаларды жүктеуге көн­ді­реді екен, сосын осы бағ­дар­­ламалардың көмегімен өз құрбанының мобильді құрыл­ғы­сына қашықтан қол жеткізе ал­а­ды. Ондайдың бір мысалына облыс орталығының 52 жастағы бір тұрғынының басынан өткен жайды айтуға болады. Оған да қыл­мыскер түс кезінде қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік қыз­метінің маманымын деп таныс­тырған, сосын бір алаяқтар оның атына банкте шот ашқанын айтқан. Содан кейін ол ұялы теле­фон­ға қаржылық «вирусты жоюға арналған» қосымшаны орнатуды «жанашырлықпен» білдіріп және сол арқылы несиелерді жою­ды ұсынған. Белгісіз ер адам­ның барлық нұсқауын орын­да­ған­нан­ кейін жәбірленуші өзінің есеп­­шотынан 830 000 теңгесі қолды болғанын көреді...

Интернет алаяқтықтың та­ғы­ бір кеңінен тарап келе жат­қан түрі – жәбірленушіні «Кү­мән­ді қаржылық жобаларға қатыс­ты­ру». Мұндайда алаяқтар танымал әлеуметтік желілерде (Инс­та­грам) және бейнехос­тингтерде (YouTube) жарнама орналас­ты­рып, өз құрбандарын қо­лайлы, пайдалы жағдайлармен қызық­ты­рады. Республиканың әрбір тұр­ғынына дивидендтер төлей­тін­дігі туралы ақпараттар жария­лай­­ды, танымал адамдармен бей­не­­көріністер жариялап, сол арқылы өз ақпаратының сенімін арт­тырады.

Облыс орталығының 42 жас­та­ғы тұрғыны осындай­ әре­кет­ке­ тап болады. Ол әлеуметтік желі­де­гі жарнаманың өтірігіне алданып, сілтеме бойынша өткен. Біраз уақыттан кейін оған белгісіз адам қоңырау шалып, олардың мәмі­ле­лер жасап жатқанын айтып, қосым­ша ақша табуды ұсынған. Басын­да кірген соң үміттенген жәбір­ленуші бұл ұсынысқа қызы­ғу­­шылық танытқан. Әрі қарай жәбі­р­ленушіге жұмыс шарттары түсіндіріліп, ақша салу және биржалық платформада сауда-саттыққа қатысуға ақша аударт­қан. Шамамен бір апта «жұ­мыс істегеннен» кейін жас жігіт ешқандай табыс таппаған, кері­сін­ше 2 200 000 теңге сомасында ақша­сынан айырылған.