Өткен жылы Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылында болған оқиға кезінде 7 жасар немересін құтқаруға ұмтылған 61 жастағы қария немересімен бірге бақиға аттанған болатын. Әрине, бұл шомылу маусымы кезінде өңірде тіркелген алғашқы кісі өлімі емес. Әйткенмен, дәл осы Жасөркендегі оқиға қоғамдық резонанс тудырған еді.
Төтенше жағдайлар департаменті келтірген деректерге зер салсақ, сала қызметкерлері шомылу маусымы кезінде тынбай жұмыс істейді. Алайда азаматтардың сақтықты ұмытуы оқыс оқиқаға ұшыратып жатады.
«Биылғы шомылу маусымы кезінде 11 елді мекенде жұмыс істейтін 12 жағажай белгіленген болатын. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында брифингтер өткіздік. Өңірдегі телеарналар мен радио арқылы мамандар түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып тұрады. Сондай-ақ телеарналарда ескерту сипатындағы бейнероликтер көрсетіліп, басылымдарда мақалалар жарияланады. Тиісті жерлерге тыйым салу белгілері бар ақпараттық стендтер орнатылады. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару бөлімшелері ерікті құтқарушылармен бірлесіп, шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда жүйелі түрде патрульдеу жұмыстарын ұйымдастырды. Облыстық Ішкі істер департаменті жергілікті полиция учаскелік қызметінің учаскелік инспекторларының қатысуымен рейдтік іс-шаралар, азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады», дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаев атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып.
Департамент басшысы келтірген деректерге сүйенсек, шомылу маусымы кезінде кісі шығынын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыс аз емес екен. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 440, 412, 582 баптарына сәйкес, заңсыз әрекет жасаған азаматтарға 174,2 мың теңге сомасында 17 айыппұл салыныпты. Айта берсек, тындырылған тірлік жеткілікті. Керек дерекке көз жүгіртсек, облыс бойынша су айдындарының демалуға және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Тыйым салынған» деген секілді өзге де мәтінмен тыйым салатын 360 белгі және 45 ақпараттық стенд орнатылыпты.
Облыс орталығы Тараз қаласындағы «Дельфин» және «Тараз Арена» спорт кешенінің базасында 955 бала жүзудің барлық тәсілін меңгерген. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Жедел құтқару жасағының» мамандары Қаратау қаласындағы «Жартас» су қоймасында және Жаңатастағы «Комсомольское» қалалық жағажайында 100 балаға суда жүзу тәсілдерін үйреткен. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 26 миллион 100 мың теңге қарастырылған. Жедел құтқару жасағының құрал-сайманы да жеткілікті сияқты...
Әрине, тілге тиек етсек, жауапты департамент өкілдері суға шомылу маусымы кезінде кірпік қақпай жұмыс істеп отырғандай көрінеді. Солай да шығар. Алайда департамент басшысы келтірген деректер жаға ұстатпай қоймайды. Қазіргі кезге дейін өңірде 3 адам суға батып кетіпті. Оның ішінде жасөспірім бала да бар.
Шомылу маусымы кезінде ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмаса, тиісті мамандар жұмысқа жауапкершілікпен қараса игі.