Синоптиктердің болжауынша, еліміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сипаты сақталады.
«Атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Қазақстанның батысында ғана жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республикамыз бойынша жел екпін алып, оңтүстік өңірде шаңды дауыл болады деп болжанады. Солтүстік өңірде түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз елдің солтүстігі, орталығында бұршақ жаууы ықтимал», деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Күндіз Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, батысында сынап бағаны +35...39°С, Маңғыстау облысының оңтүстігінде, солтүстік-батысында +38... +41°С көрсетіп, аптап ыстық болады деп болжанады.
Күндіз Жетісу облысының оңтүстігінде, шығысында, Алматы облысының орталығында +40... +42°С қатты ыстық болады.
Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының батысында, шығысында, Павлодар облысының оңтүстігінде, шығысында өрт қаупі жоғары екені ескертіледі.
Маңғыстау, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында, Қостанай облысының оңтүстігінде, орталығында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Атырау өңірінің батысында, шығысында, Ақмола облысының оңтүстігінде, батысында төтенше өрт қаупі сақталады.