Мәдениет • 07 Тамыз, 2023

«Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар»

474 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мелодия адам баласын еліктіріп қана қой­майды, кейде тіпті ерітіп, елжіретіп те жібереді. Өйткені сазда да сөз бар. Ал әні мен сөзі қатар үйлескен шығарма кімді де болсын, бей­жай қалдырмайтыны анық. Оған ешкімнің таласы жоқ та шығар.

«Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ эстрадасына жаңа бір леппен келген трио – «АБК». Алғашқы «үштік» кезінде тарап кеткенімен, сол жылдарда трендке айналған әндері әлі де жұрттың жадынан өшкен жоқ. Себебі әдемі әннің ғұмыры қашанда ұзақ. Ал «АБК» қазақ меломендерінің құлақ құрышын қандыратын талай әнді шырқады...

Әйгілі топтың орындауында елдің жүрегіне жеткен ғажап ән жиырма жылдан астам уақыт бұрын шын мәнінде хитке айналғанына ешкімнің таласы жоқ. Дискі мен флешканың дәуірі тумай тұрған уақыт, яғни автокөлік атаулыда кассета толып тұратын. Сол кезде ескі магнитафоннан «Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар» әні жиі шырқалатын. Музыканың құдіреті де сол шығар, баяу ырғақты әннің мәтіні мен әуені тыңдарманын бірден өзіне баурап алатын.

Әннің мәтіні расында да адам баласының көңіл ауанын астан-кестен ететіні даусыз. Тыңдап отырып, лирикалық туындының сарқылмас сағынышпен астасып жататынын бірден аңғарасың. Ал «өз жүрегің өз кеудеңе сыймастан, ұйықтай алмай шықтың ба әлде сағынып» деп келетін екі тармақтан алыстағы ғашықтың үнін бірден еститінің тағы рас. Ғашықтық ғазалдың өн бойындағы терең мазмұн әуенге сөз жазылмағанын, кәдімгі өлеңге ән жазылғанын аңғар­тып тұратындай көрінетін.

Елу жылдан астам уақыт бұрын жазылған ән әлі күнге дейін түрлі іс-шарада шырқалып жатады. Әрине, әртүрлі әншілердің орындауында. Сан түрлі дауыс пен әр алуан бояу бірден аңғарылады.

Кейбір әншілер уақыттың ағымына сай шығар­маның орындалуына жаңаша бір элементтер қос­қанымен, бізге байырғы үн, ескі ритм ыстық көрінеді де тұрады. Өйткені туындыда өмір бар. Сонысымен де адамды өзіне тартатын магниті шығар... Ақын мен композитордың жан әлеміндегі ностальгияның үйлесімі тыңдарманға бірден сезіледі. Сонысымен шынайы көрінеді.

«Кірпігімнен, кірпігімнен тулап

жатты тамшылар,

Бәз біреулер бұған сірә таң шығар, таң шығар.

Сені аңсаған, сені аңсаған, көңілімде еріген,

Аңсаулардың моншағы да бар шығар, бар шығар.

Тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар.

 

Іздейсің сен, іздеп жүрсің сабыла,

Жанарыңнан арман оты жағылар.

Өз жүрегің өз кеудеңе сыймастан,

Ұйықтай алмай шықтың ба әлде сағынып?» деп келетін жолдар расында да адам жанының емшісіндей көрінетіні бар.

Деректерге көз жүгіртсек, композитор Ахмадияр Есмұқанов әннің мәтінін Өтеген Күмісбаевтың «Ақ моншақ» атты жыр жинағынан алыпты. Біраз уақыт кеудесін кернеген шығармаға мәтін тап­қанда композитор төбесі көкке екі елі жеткендей қуанған екен. БАҚ-та жазылған мәліметтерге зер салсақ, ақын жазған өлеңнің атауы «Юность» мейманханасындағы жаңбырлы түн» деп аталған. Композитор оны «Тамшылар» деп өзгертіпті.

Әннің өлмейтін туындыға айналуы үшін композитор ізденістің ізіне түскені жөн-ақ. Ахмадияр Есмұқановтың әлдекімдерге тапсырыс бермей, ізденгені, ақыры іздегенін тапқаны расында да талай әншіге үлгі екеніне күмән жоқ.

«Аңсаулардың моншағы да бар шығар, тереземді ұрмаңдаршы, тамшылар»... Ақында қиял мен қисын болмаса, өлеңнің түпкі мазмұны қайдан ашылсын? Мұндағы «аңсаулардың моншағы да», «терезені ұрған тамшылар да» жанарға кептелген түйіршіктей сағыныш тамшысын еріксіз еске түсіретіні ақиқат...

Зымырандай зулаған жылдар жылыстай береді. Алайда шын өнер қанша уақыт өтсе де өлмейтіні анық. Бір емес, бірнеше буынның сүйікті әніне айналған «Тамшылар» қай кезде де тыңдарманның, өнерсүйер қауымның жүрегінен өшпейтіні даусыз. Өйткені сарқылмас сағыныштан дүниеге келген тамаша туынды кез келген адамның бойындағы ностальгиялық сәттер мен сезімнің шоғын үрлей түседі. Ретро әннің бір құдіреті де сонда жатқан шығар деп пайымдаймыз. Кім білсін, расында да солай болар...