Шыны керек, қай өңірде болсын білім саласына қыруар қаржы бөлінеді. Әрине, мұның болашақ ұрпақтың білікті маман ретінде қалыптасуы үшін салынып жатқан инвестиция екеніне дау жоқ. Әйтсе де ағарту саласында қордаланған проблема да жетерлік. Ауылдардағы аядай мектептің жайын айтқан жұрт елді мекендерге жаңа мектеп ауадай қажеттігін де тілге тиек етіп жүр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында білім саласындағы өзекті мәселелерді мүмкіндігінше жедел шешу қажеттігіне назар аударғаны есімізде. «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек», деген еді.
Жамбыл облысында орта білім беру ұйымдарына қатысты мәселе аз емес. Оның кейбірі әлеуметтік желілерде де көтеріліп жүр. Мәселен, Тараз қаласына қарасты Қызылабад алқабындағы аядай мектептің жайы кімді де болса алаңдатады. Төрт жүзден астам оқушысы бар алқаптың балалары төрт бөлмелі мектепке қалай сыйсын? Ал ұстаздар қашанғы тар мектепте табанынан таусылып еңбек етеді? Қуықтай мектепте сыймаған оқушылар амалдың жоқтығынан облыс орталығына қатынап оқуға мәжбүр.
Біршама уақыт бұрын ауыл тұрғындары еліміздегі ең шағын мектептердің бірінде балалардың білім алуы екіталай екенін ашына айтқан еді. Не асханасы, не спорт алаңы, не мәжіліс залы, не кітапханасы жоқ мектепте ауыл балаларының көйлегі көк, көңілі тоқ болмайтыны екі бастан аян. Аты бар болғанымен, заты жоқ мектеп 45-50 оқушыға арналған. Бір сөзбен айтсақ, оқу ордасы алқаптағы төрт жүз баланың сегізден бірін ғана қабылдауға қауқарлы.
Елді мекен тұрғындарының есін алған мектептің мәселесін уақытында облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектен сұраған болатынбыз. Оның айтуынша, ауылдықтарды алаңдатқан мәселе 2025 жылы ғана шешімін таппақ.
– Аталған мәселе көтерілген соң өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жергілікті халықпен кездесу өткізді. Арнайы барып, оқу ордасының жай-күйімен таныстық. Мектеп әрине, ескі. Жаңа мектеп салуға тапсырма берілді. Биыл немесе келесі жылы білім ордасы бой көтереді деп кесіп айтуға болмас. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу керек. 300 орындық білім ордасын саламыз деген тұжырымға келдік, – дейді білім басқармасының басшысы.
Елді мекендегі өткір мәселеге өңір басшысы Нұржан Нұржігітов те назар аударғаны белгілі. Жергілікті халықпен жүздескен облыс әкімі мәселені мүмкіндігінше ертерек шешуге күш салатынын, алайда дәл қай уақытта ауылға жаңа мектеп салынатынын тап басып айта алмайтынын жеткізген еді.
– Қызылабадтағы білім ошағының қазіргі уақыттағы жағдайын ескере отырып, жаңа мектепті бір жыл ерте салуға, яғни 2025 жылдан 2024 жылға ауыстыруға әрекет ететін боламыз. Бұл үшін жауапты министрлікпен етене жұмыс істейміз. Қолдан келгенше аянбаймыз. Алайда бұл оңай шаруа емес, – деген еді өңір басшысы көктем мезгілінде жергілікті жұртпен кездесуде.
Иә, Президент Жолдауындағы жолдарға көз жүгіртсек, 2025 жылға дейін кемінде еліміз бойынша 800 немесе 1000 мектеп салынуға тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай болған күнде де жүзеге асатынына ешкімнің таласы жоқ. Ал Қызылабадтағы мектеп мәселесі 2025 жылға қалмай, ертерек шешіле ме, әлде Президент тапсырмасына сәйкес межелі уақытта жұрт жаңа мектептің игілігін көре ме? Кім білсін? Әзірге ауыл халқы аядай мектепті қанағат ете тұрмақ.
Расында, Әулиеатаның білім саласында өткір мәселенің аз емес екенін жоғарыда айттық. Біршама уақыт бұрын жамбылдық ұстаздардың 9 ай бойы заңсыз жалақы алғаны туралы ақпарат тараған болатын. Құқық қорғау органдарының өкілдері жергілікті ұстаздар 24 млн теңге көлеміндегі еңбекақыны заңсыз алғанын анықтаған. Білім басқармасының басшысынан бұл мәселенің жай-жапсарын да сұраған едік.
– Бұл үйде оқытылатын балаларға қатысты шыққан кемшілік болатын. Тексеру жұмыстары 2020-2022 жылдар бойынша жүргізілді. Нәтижесінде, алғашқыда 24 млн теңге көлемінде кемшілік анықталса, кейін бұл сомаға тағы 4 млн теңге қосылып, жалпы 28 млн теңге заңсыз жалақы ретінде берілгені нақтыланды. Бұл қаражат толықтай мемлекетке қайтарылды. Бұл жерде екі мәселе бар екенін ұмытпаған ләзім. Ұстаздардың да проблемасы аз емес. Біз кейіннен тексерсек, бала сол кезде ем алып жатқан. Ал оқушы ем алып жатқан кезде ұстаз қалай сабақ береді? Осындай түйткілдерге қатысты жағдайды кәсіподақпен бірге ақылдасып реттемекпіз. Өйткені мұндай жағдайда ұстазды кінәлау қисынсыз. Мұғалім де жалақы алуы керек. Әйткенмен сабақты өткізбегеніне байланысты олар бәрін қайтарып отыр. Бұл мәселеге қатысты жауапты басшылар тиісті деңгейде жазаланды, – деді басқарма басшысы.
Әрине, ұстаздың еңбегі бағалануы керек. Алайда жауапты азаматтардың сабақ өткізбеген ұстаздарға жалақыны заңсыз бергені кімді де болса ойландырса керек-ті. Өйткені мемлекеттің әрбір тиыны қадағалануға тиіс.
Қалай алып қарасақ та, білім саласында бас ауыртатын проблема аз емес. Жоғарыда айтқанымыздай, соңғы деректерге көз жүгіртсек, өңірдегі алты мектеп жаңа оқу жылын бастауға дайын емес. Салдарынан кейбір мектептердің балалары онлайн оқу форматына көшуі мүмкін деседі. Ал онлайн оқу оқушылар үшін тиімді ме?
Президент былтырғы Жолдауында білім саласына алдағы үш жылда 1,2 трлн теңге жұмсалатынан шегелеп айтқаны мәлім. «Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті», деген Президент сөзінің жаны бар.
Онлайн оқытудың өзіндік проблемасы жеткілікті. Өңірдің бас педагогі Мейірхан Өмірбек жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстары аяқталмайтын мектеп оқушыларының мәселесін шешудің балама жолын таба ма, әлде ата-аналар шынымен балаларды пандемия кезіндегідей қашықтан оқытуға мәжбүр бола ма? Оны уақыт көрсетеді.
Өткен жылы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қарақат ауылы мен аудан орталығы Құлан ауылындағы Құлан мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары «Манастың» жырындай созылып еді. Салдарынан оқушылар басқа мектептерге сенделген. Жауаптылар биыл тағы да сол «дәстүрден» жаңылмай отырғаны жанға батады.