«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Образец ауылында жол апатының белгілеріне ұқсас сыртқы зақымдары бар Toyota Land Cruiser автокөлігі анықталды. Автокөліктің иесі - Петропавл қаласының 39 жастағы тұрғыны ұсталды. Жауап ала келе ер адам екі жаяу жүргіншіні қағып кеткенін және оқиға орнынан кетіп қалғанын мойындады. Жүргізілген медициналық куәландыру Тoyota Land Cruiser жүргізушісінің алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті», делінген СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
5 тамызда сағат 23:40-та Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Қарақоға мен Надежка ауылдарының арасындағы жолдың шетінде еш қимылсыз екі адамның жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнынан полиция қызметкерлері осы ауданның 38 және 35 жастағы тұрғындарын, ер адам мен әйел адамның денесін анықтады.
Сонымен қатар оқиға орнынан алыс емес жерде балаларға арналған қоларбада жатқан кішкентай бала табылды. Ол жедел жәрдем көлігімен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. 2022 жылы туған бала жарақаттар алмағаны белгілі болды. Қазір бала орталық аудандық аурухананың балалар бөлімінде жатыр.