Аймақтар • 10 Тамыз, 2023

«Таразитану» айлығы

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұжымының ұйытқы болуымен қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әкім Таразидің 90 жылдық мерейтойына орай «Бір өңір – бір кітап» акциясы аясында «Асыл сөздің ұстасы» тақырыбында әдеби кеш өткізілді. Іс-шара барысында қаламгер шығармашылығын зерделеу айы ресми түрде ашылғаны хабарланды.

«Таразитану» айлығы

Әкім Таразидің өлмес туын­дылары мен шығармашы­лық жолын өңір тұрғындары, әсіресе жастар арасында кеңі­нен насихаттау мақсатында ұйым­дастырылған әдеби кешке жер­гілікті қаламгерлер қа­ты­сып, жазушының қазақ әде­биетіндегі рөлі жайлы тол­ғамды ойларын ортаға салды.

Іс-шараға қатысқан мәр­тебелі меймандар зобалаң мен зұлматқа толы жылдарда дү­ние есігін ашқан қаламгер­дің балалық шағы Екінші дү­ние­жүзілік соғыс жылдары­мен тұспа-тұс келгенін, дәуір сырын жанымен ұққан жазу­шының, дара суреткердің шы­ғар­малары қай уақытта да қа­лың оқырманның жүрегінен орын тапқанын сөз етті.

Қай жанрға қалам тербесе де, қатарластарына ұқсамауға тырысып, фәни жалғанның шындығын өзінше көркем бей­нелеп, замандастарының әр­түрлі образын жасап, олардың ішкі әлеміне терең үңілген қа­лам­гер туралы ақын, жазушы Ұлар­бек Нұрғалымұлы да өз пікі­рін бейнеүндеу арқылы жол­дап, алдыңғы толқын шы­ғар­малары туралы ойымен бөлісті.

Әдеби кеш барысында Қазақ ұлттық өнер универ­сите­тінің профессоры, Қазақстан кинемотографистер одағы­ның мүшесі Назира Мұқышева ­да бейнежолдау арқылы Әкім Таразидің ұлттық кинемато­графия орталығының жұмы­сын жолға қойып, «Арман-атаман», «Тұлпардың ізі» фильмдерін түсіріп, «Қараш-қараш оқиғасы» фильмін жа­сауға қатысқанын жеткізді.

Іс-шара соңында кітапхана қызметкерлері жер­гілікті жас­тарды классик жазу­шы­ның құнды дүниелерін оқу­ға ша­қырып, «Таразитану» айлы­ғын ашық деп жариялады.

 

ТАРАЗ