Ғылым • 11 Тамыз, 2023

Ғылым мен білім қос қанаты

362 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарындағы отандық білім мен ғылымның дамуын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Бақытжан Жұмағұловсыз көзге елестетудің өзі қиын. Оның есімі білім берудің деңгейлері мен ғылымды жаңғыртуға тіке­лей қатысушы әрі ұйымдастырушы ретінде қоғамға белгілі. Тар­лан тұлғаның тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыпта­суы мен дамуына, партиялық құрылыс ісіне сіңірген еңбегі де орасан зор.

Ғылым мен білім қос қанаты

Бақытжан Тұрсынұлы өзі­нің тынымсыз еңбегі, ерекше алғыр­лығы мен қажыр-қайраты, ой-сана қазынасының көк­жиегі мен стратегиялық көрегендігінің арқасында қарапайым ауыл баласынан мемлекет деңгейіндегі қайраткер дәрежесіне көтерілді. Академик Б.Жұмағұловтың төл туындысының бірі – ел еге­­мен­дігімен бірге ашылған Ұлт­тық инженерлік академия. Бү­гінгі таңда академия отандық ин­же­нер­лік ойлар штабына, техника мен технология саласында идея­­лар мен шешімдерді тудыратын орталыққа, халықаралық қауым­дастыққа беделді ғылыми бір­лес­тікке айналды. Бұл елі үшін ту­ған арда азаматтың аса көрнекті ға­лым, ардақты академиктің жар­қын жеңістерінің бір парасы ғана.

Бақытжан Тұрсынұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің ректоры болған жылдары отандық ғылым мен білімнің байырғы қарашаңырағының келбеті толық өзгеріп, көптеген ауқымды да келелі істер атқарылды. Бүгiнгiнiң тiлiмeн aйтсaқ, Бақытжан Тұрсынұлын «дaғдaрыстық мeнeджeр» дeп aтaуғa толық нeгiз бaр. Өйткені оның қолтаңбасы қалған әрбір жұмыс нәтиже беріп, өрісін кеңейте түсетін. Ең бастысы, университеттің үш жылға арналған түбегейлі жаңашылдық бастамаларға толы даму стратегиясы 2,5 жылда мерзімінен бұрын орындалды. Қызметтес болған кезеңдерде ол кісінің тұлғалық қасиеттерін танып-білу, түйсінуге мол мүмкіндік туды.

Білім мен ғылымды қос қанатына айналдырған Бақытжан Тұрсынұлы Білім және ғылым министрі болған кезеңде, яғни 2010-2013 жылдары, осынау ел болашағы үшін маңызды саланы өркениетті мемлекеттер өлшемімен шендестіру бағытында өзекті өзгерістерді жүзеге асырды. Ғалымдар мен­ ұстаздар қауымы, бүкіл ел игілігін көріп келе жатқан ұлан-ғайыр жұмыстардың бір­қа­тарын ортаға сала кетуді орынды деп білемін. Министрдің басшылығымен 2010 жылғы 7 желтоқсанда қабылданған тұңғыш 10 жылдық жоба білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасы еліміздегі білім саласының дамуындағы жаңа кезеңі мен бағыттарын айқындап берді. Осының нәти­жесінде еуро­палық білім кеңіс­ті­гіне инте­грациялануды жеделдету мақсатында жоғары оқу орын­дарына академиялық еркін­дік пен автономия беру, зерт­теу университетін құру, білім алушылардың сыртқы ака­демиялық ұтқырлығын қар­жы­ландыру сынды жаңашыл бас­тамалар қысқа уақытта өзі­нің қисынды шешімін тапты.­ Мұның бәрі біздің бүгінгі үй­рен­шікті ортамыз, объективті нақ­тылығымыз.

Ел дамуының стратегиялық мін­дет­те­рін қамтитын бағ­дар­ла­­­маның жобасын жетілдіру ба­ры­сында Бақытжан Тұрсын­ұлы­­ның негізгі позициялар (12 жыл­дық орта мектепке көшу, ҰБТ-ны жетілдіру, сапаны бақылау вертикалін енгізу, Ұлт­тық біліктілік жүйесін құру, т.б.) бойынша сараланған ұсы­ныстарын Мемлекет басшы­сына баяндап, өз көзқараста­рын Үкімет отырыстарында табан­ды­лықпен қорғағанына қанықпыз.

Бүкіл саналы ғұмырын отан­дық ғылымның дамуына арнаған ерекше қасиет иесі ретінде министр алғашқы күндерден бас­тап «Ғылым туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу жұмыстарын аяқтауға күш салды. Ел ғылы­мында соңғы 50 жыл ішінде болмаған түбегейлі өзгерістерге толы жаңа заң 2011 жыл­ғы­ ­ 18 ақпанда қабылданды. Елі­мізде тұң­ғыш рет зерттеулерді қар­жы­­­лан­ды­рудың (базалық, гранттық, бағ­­дар­ла­ма­лық-нысаналы) көп­ар­­­налы жүйе­­сі, ұлт­тық ғылыми кеңестер, жа­ңа ғылы­ми­ атақтар айналымға енгі­зі­ліп, ғы­лы­ми­ жарияланымдардың халық­ара­лық­­ жүйе­сі­нің (WoS, Scopus, т.б.) есі­­гі­ айқара ашылуы – жаңа тетіктердің же­­місі.

Бақытжан Тұрсынұлы Пар­ламент Сенатының депутаты­ әрі Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым ко­митетінің мүшесі ретінде елі­міздегі адами капиталды да­мытуға бағытталған көптеген заңның сапалы қабылдануына кенен­ тәжірибесі, кемел пайымы мен өрісі кең ойы, сұңғыла саясаткерлігімен барынша атсалысты. Бұл тұрғыда «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының, тұңғыш «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануында, «Білім туралы» және «Ғылым туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуде еңбегі зор. Өйткені қойылған межені мәре сызығына дейін үздік тәмамдау – Тұрсынұлына тән қасиет.

Сенатта өткен парламенттік тың­дау­лар­да Ата заңымызға, қолданыстағы «Тілдер туралы» заңға қайшы келмейтін арнайы «Ана тілі туралы» заң, отбасылық құндылықтарды дамыту мақсатында «Отбасы институты туралы» заң, Білім және ғылым кодексін қабылдау туралы ұлтымыздың рухани құндылықтарына қатысты тың ұсыныстар айтып, байыпты бас­тамалар көтергені және жоға­ры оқу орындарына арналған оқулықтарды қазақ тіліне аудару жұмыстарына қаржы бөлу, мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау үшін тиісті шараларды қабылдау, ада­ми капиталды дамытуға бағытталған сауал­дарын Үкіметке жолдағаны бар­ша­ға аян.

Заман ағымын дәл болжау, күрделі мәсе­лелерді шешудің сара жолын сәтті таба білу – бойына табиғаттың берген тартуы. Демек еліміздің ғылым және тех­но­логиялық саясаты ауқымындағы жа­ңа міндеттерін шешу ісіне даңғайыр ой­ иесі өзінің қомақты олжасын әлі де сала бермек.

Бақытжан Тұрсынұлы Сыр өңіріндегі іргелі жоғары оқу орны – Қорқыт ата уни­вер­ситетімен ұзақ жылдан бері тығыз әріптестік байланыста. Білім мен ғылымның жанашыр қамқоршысының уни­вер­ситеттің Құрметті профессоры екені ұжым үшін үлкен мәртебе. Тұрпaты бөлeк тұлғaғa aзaмaт дeсeң дe жaрaсaды, қaзaнaт дeсeң дe жaрaсaды. Қaй­рaткeр болмaқ – қызмeттeн eмeс. Қaйрaткeрлiк – eл-жұрт, мeмлeкeт дeгeн iргeлi ойдaн. Қазақ елінің ғылымы мен білімі жолында аянбай тер төгіп келе жатқан Бақытжан Тұрсынұлына жетпіс жасында қажымас қайрат пен жаңа шығармашылық табыс­тар, мықты денсаулық, отбасына бақ-береке мен қуанышқа толы сәттер тілейміз!

 

Бейбіткүл КАРИМОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректор