Балық аулап отбасын асырап отырған кәсіп иелерінің айтары, әлбетте, аз емес, табыстан қағылған соң олардың жағдайы мәз емес. Біраз уақыт бұрын салынған тыйымның салдарынан балықшылар су қоймасына ау салуды армандап жүр. Алайда арманы ақиқатқа айналатын күннің сәулесі көрінбей тұр. Қысқасы, өткел жағалап өзегі талған бес ауылдың балықшылары табысынан қаққандардың әрекетіне ашулы.
Тағдыры мен табысын шалғайдағы Тасөткел су қоймасымен байланыстырған балықшылардың айтуынша, атқамінерлер жасанды көлді жалға алған кәсіпкерлермен келісе алмаған көрінеді. Нәтижесінде, кәсіп иелері жұмыссыз қалған. Сөзіне сенсек, көлге таластың кесірін қатты сезініп отыр.
«Іргедегі Тасөткелге еркін кіретін күн әзірге еш байқалмай тұр. Дәл қазір мәселеміз шешімін табатын күн тезірек туса деп отырмыз. Алайда күн өткен сайын жағдай өзгеріп, ушығып барады. Бүгінде бізді суға жолатпайтын болып алды. Су қоймасын маңайласақ, бізді браконьер секілді көреді. Қысқасы, зардап шегіп отырмыз», дейді балықшылардың бірі Қанат Жексенбай ашуға булығып.
Шыны керек, Тасөткелден балық аулап, отбасының нәпақасын айырған балықшылардың назының да жөні бар сияқты. Тағдырын Тасөткелге байлаған олар өткір мәселенің оңынан шешілгенін мақұл көреді. Алайда сағызша созылған су қоймасындағы жағдай әзірге тұрақталатынға ұқсамай тұр. Өкініштісі де – сол.
«Мұнда жүрген жауаптылардың әрқайсысы бір-бір «құдай» сияқты. Мына шағын көлден олар не іздеп жүр екен? Соны түсіне алар емеспіз. Бәрі біз жан бағып жүрген осы көлге қадалды да қалды ғой. Бұның артында кім тұрғанын кім білсін? Қалай болған күнде де билік басындағылар бізді көлге кіргізуі керек немесе басқа бір жайлы жұмыс тауып берсін. Әр балықшының отбасы бар ғой», дейді тағы бір балықшы Батырбек Садықов мәселенің мәнісіне үңіліп.
Батыр түсінде жау көрсе, балықшы түсінде ау көреді. Таңның атысынан көл жағалап күнелтуге машықтанған кәсіп иелері үшін су қоймасынан шеттетілу трагедиямен тең болып тұрғаны даусыз. Өйткені олар балық аулауды көп адам секілді хобби санап отырған жоқ, кәдімгі кәсібі, жұмысы деп түсінеді. Адал еңбегімен нәпақысын айырып жүрген азаматтардың жанайқайына бас ауыртатын кісі бар ма? Әзірге ондай адамды табу мұң боп тұр.
«Балық аулап жан бағып жүргенімізге қырық жыл болды ғой. Біз үшін бұл – кәдімгі жұмыс. Шынын айту керек, сақтандыруға қатысты төлемақысын өтедік пе, өтедік. Салықты төледік пе, төледік. Бәрін талапқа сәйкес заң аясында істедік қой. Ешқандай құқық бұзушылыққа жол берген емеспіз. Мына бізге: «Бір жарым айдан кейін ашылады. Заңды түрде жұмыстарыңды жалғастырасыңдар деген» еді. Екі ай өтіп кетті ғой. Көзді ашып-жұмғанша қыркүйек айы келіп жетеді. Қысқасы, уақыт шіркін зымырандай зымырап өтіп жатыр», дейді балықшылардың мұңын жеткізген Айтуар Қойгелдиев.
Бүгінгі таңда талапқа сәйкес балықты қармақпен аулауға ғана рұқсат беріліпті. Алайда кәсіпқой балықшылар мұндай әуесқойлық қадаммен күнелткісі келмейді. Айтуынша, қармақпен балық аулау табыс әкелмейді екен. Сол үшін де уақытша болса да көлге кіруге рұқсат беруді талап етіп отыр. Алайда жергілікті билік су қоймасын күтіп ұстауға бекітілген экс басшымен есеп айырыспайынша, мәселені шешу мүмкін емес дегенді тұспалдайды. Айтуынша, кәсіпкер көлге күтім жасамай, балықты көбейтуді назардан тыс қалдырған сыңайлы. Әйткенмен, осындай ірілі-ұсақты мәселелер балықшылардың шамына тиіп тұр.
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, облыстық сотта жеңілген тарап жоғарғы сотқа шағымданып, кассацияға берген көрінеді. Сондықтан мәселенің нақты қашан толықтай шешілетіні әзірге белгісіз сияқты.
Аудан әкімінің сөзі «нақты уақытты айта алмаймын. Өйткені мұнда жұмыс тек заң аясында жүргізіледі», дегенге саяды.
Мемлекет меншігіндегі су қоймасының тізгінін алдағы уақытта кім қолға ұстайтыны әзірге белгісіз болып тұр. Жалға алған кәсіпкер мен жергілікті билік арасындағы мәселе толыққанды шешімін таппайынша, көлге қатысты конкурс жарияланбайды. Соған қарағанда балықшылар көтерген мәселе жуық арада оңынан шешіле қоймайтын сияқты. Ал уақыт кәсіп иелері айтқандай зымырап өтіп жатыр...
Жамбыл облысы,
Шу ауданы