Абай • 14 Тамыз, 2023

Мереке айрықша атап өтілді

433 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өскеменде таң бозынан кітапхана аула­ларында хакімнің өлеңіне жазылған әуезді әндер орындалып, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Ал этноауылдағы дәулетті қазақ үйінде негізгі іс-шара өтті.

Мереке айрықша атап өтілді

Суретті түсірген автор

Айта кетейік, мұндағы дәулетті қазақтың үйі Абайдың Жидебайдағы үйінің көшірмесі. Ішкі бөлмелері, ауласы, ауласында тұрған арбасына дейін дәл жасалған. Маңына барсаңыз, Абай заманының рухына дейін сезіліп тұрады.

Абай күні аясында этноауылда түрлі қолөнер бұйымдарының көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Қылқа­лам шеберлері Абайдың портретін бей­нелеп, шығармаларына қарай ил­люстрациялар жасады. Бәрінен де ағаш шебері Бақыт Кеңшілікұлы жасаған Абайдың домбырасына көпшілік қызыға қарады. Кейбіреу шертіп кө­ріп, қалай жасалғанын сұрасты. Ше­бердің айтуынша, Абайдың дом­бы­ра­сы шағын болғандықтан, әншілер та­рапынан сұраныс көбейе бастаған екен.

«Қолыңызға ұстап тұрған Абай­дың домбырасы жеті түрлі ағаштан жасалған. Кейінгі жылдары әншілер алып жүруге ыңғайлы деп, жиі тап­сы­рыс беретін болды. Алайда күйден гөрі әнге жақсы», дейді қолөнер ше­бері Бақыт Кеңшілікұлы.

Ән демекші, салтанатты іс-шараның сәні әнмен кірді. Шығыстың сал серісі Дархан Садырбаев Абайдың «Бойы бұл­ғаң», «Сегізаяқ» әндерін орындап, көрермен қошеметіне ие болды. Соны­мен қатар Абай өлеңдерінен үзінді­лер оқылды, қарасөздерін еске түсірдік. Жүргізушілер жиналған көрермендерге Абайдың өмір жолы, шығармашылығы туралы сұрақтар қойып, жауап берген тапқырларға кәдесыйлар үлестірді.

Әлбетте, Абай күні облыс орталы­ғын­да ғана емес, Шығыс Қазақстанның барлық ауданында өз деңгейінде аталып өтті.

 

ӨСКЕМЕН