Саясат • 14 Тамыз, 2023

Шаруа шығыны толық өтеледі

187 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Әлихан Смайылов жергілікті диқандармен жүздесіп, шаруаларды алаңдатқан өзекті мәселелерге ден қойды. Сондай-ақ ол Сеңкібай су арнасы құрылысы барысын тек­серіп, вегетациялық кезеңде суды пайдалану тиімділігін арттыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды.

Шаруа шығыны толық өтеледі

 

Өңірдегі ауылшаруашылық құрылымдарының басшыларымен кездескен Үкімет басшысы субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасы мен минералды тыңайтқыш сатып алу, егістік алқапты сумен қамтамасыз ету және өзге өзекті мәселелерге қатысты ойымен бөлісті. Өз кезегінде шаруалар құрғақшылық салдарынан болған шығынды өтеу мәселесін көтерді.

Көпшілікті алаңдатқан мәселе Үкімет назарынан тыс қалмаған. Құрғақшылық сал­дарынан шығынға батқан шаруалардың мәселесін тың­даған Премьер-министр өңірлік деңгейде төтенше жағдай жариялау және Үкімет резервінен қаражат бөлу есебінен фер­мерлердің шығынын өтеу мә­селесі пысықталып жатқанын сөз етті.

«Жоспарға сәйкес қыркүйек айының соңына дейін барлық шығын есептеліп, тиісті қар­жы бөлінеді. Сондай-ақ рес­публикалық бюджеттен суб­сидияларға қаржы бөлу жә­не оны кешіктірмей төлеу мә­селесін жеделдетіп жатырмыз. Бұл жұмысты Мемлекет басшысы өз бақылауына алған», деді Ә.Смайылов.

Жергілікті жұртты алаң­датқан өзекті мәселенің бірі – «Жасөркен» гидробекетін қалпына келтіру. Сол арқылы суды әділ бөлуге мүмкіндік тумақ. Жамбылдықтардың көкейкесті проблемасы да Премьер-министрдің назарынан тыс қалған жоқ. Ә.Смайыловтың айтуынша, Үкімет резервінен 450 млн теңге қаржы бөлу туралы жауапты министрлікке және әкімдікке тиісті тапсырма берілген.

«Жамбылдықтарды алаңдат­қан мәселені шешудің барлық тетігі қарастырылған. Енді бұл жұмысты кешіктірмей, биыл бастап кету керек», деді Үкімет басшысы.

Диқандармен кездесу барысында Ә.Смайылов бүгінде ұңғымаларды қазуға кеткен шы­ғындарды өтеу үлесін 50-ден 80 пайызға дейін жет­­кізу мүмкіндіктері қарасты­ры­­лып жатқанын жеткізді.

Деректерге сенсек, өңірдегі суармалы жер көлемі 181,8 мың гектарды құрап отыр. 2025 жыл­ға қарай инфрақұрылым нысандарын жөндеу және жаңа 14 су қоймасын салу арқылы тағы да 54,9 мың гектарды айналымға енгізуге мүмкіндік тумақ.

Ағын суды тиімді пайдалану мақсатында бүгінге дейін 54,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілген. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 57 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жерасты суларын тиімді пайдалану, ұң­ғымаларды бұрғылау және басқа да су үнемдеу шараларын жүзеге асыру жергілікті биліктің басты назарында болатынына сендіріп отыр.

Диқандарды ылғал үнем­дейтін технологияларды қол­дануға ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдау көрсе­тіледі. Ол заманауи суару жүйелерін сатып алуға жұм­салған шығындардың 50 пайы­зын өтеуді, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүр­гізуді көздейді. Бірнеше жыл ішінде 385 шаруа қожалығына 5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар жалпы кө­лемі 53,9 мың гектар аумақта маңызы бар суару каналдарын, дренаждық жүйелерді және басқа да құрылыстарды қайта жаңғырту және салу бойын­ша жобаларды пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ұзындығы 21,8 шақырым болатын Сеңкібай каналы 4 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді.

Премьер-министр өңірдегі жұмыс сапары кезінде Тараз қаласының сарқынды суларды сүзу алаңдарының жай-күйімен танысты. Сондай-ақ кәріз-тазарту құрылыстарын салуға дайындық барысын зерделеп, жаңадан бой көтерген облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығына ат басын бұрды.

Таразда сарқынды суларды сүзу алаңдары 1962 жылы са­лынған, бүгінде әбден тозығы жеткен. Олардың жобалық қуаты – тәулігіне 43 мың текше метр, іс жүзінде онда күн сайын шамамен 70-80 мың текше метр сарқынды су жиналады. Мәселені шешу үшін әкімдік жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу жобасын әзірлеген. Қазіргі уақытта қажетті техникалық құжаттама дайындалып жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылы бастау жоспарланып отыр.

Өңірдегі жағдаймен та­нысқан Премьер-министр Таразда өнеркәсіп нысан­дарының көбейіп, халық саны артып келе жатқанын, алайда қалада әлі күнге шешімін таппаған коммуналдық мәсе­лелер бар екенін атап өтті.

«Қалада тазарту қондыр­ғылары жоқ. Бұл өзендер мен жерасты суларының ластануы­на әкеліп соқтыратын үлкен проблемаға айналады. Әкімдік жоспарлы қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын жаңа тазарту қондырғылары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға тездетіп кірісу керек», деді Ә.Смайылов. Сондай-ақ ол «Қазфосфат» ЖШС полигоны мен қалдықтардың жиналуына қатысты түйткілді мәселелерді шешу қажеттігін айтты.

Жұмыс сапары барысында Ә.Смайылов өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің даму барысымен танысып, ірі кәсіпорындарға барды.

2023 жылдың 7 айында өңір­де өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 510,1 млрд теңгені құрап, өсім 7,8 пайзға жеткен. Қазіргі уақытта 838 кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қам­тылғандар саны 43,2 мың адамды құрайды.

Үкімет басшысы өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі – «ЕвроХим Қаратау» ЖШС-не барып, өңірдегі химия са­ласының даму қарқынын бағам­дады.

Жалпы алғанда «ЕвроХим» компаниясы ауқымды инвести­циялық жобаның бірінші кезеңін іске асырған. Тау-кен кешені негізінде жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіру жолға қойылды және қуаттылығы жылына 640 мың тонна орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынды. Инвестиция сомасы 126 млн долларды құрады.

Екінші кезеңде минералды тыңайтқыштар өндіретін химиялық кешеннің құрылысы басталды. Өндіріс қуаттылығы жылына кемінде бір млн тонна өнімге жетпек. Екінші кезеңді іске асыру млрд доллардан аса тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, 1 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Премьер-министр Үкіметтің химия өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асыруға үлкен көңіл бөліп отырғанын, сондықтан жаңа зауыттың жұмысы өңір­дің ғана емес, жалпы рес­публиканың дамуы үшін де маңызды екенін баса айтты.

«Бұл жоба іске асырылса, ауыл шаруашылығы сала­сының қажетті минерал­ды тыңайтқыштарға деген сұра­нысы тиісті деңгейде қамта­масыз етіледі және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндік береді. Сондықтан ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнімді тезірек шығару үшін зауытты уақытылы іске қосудың маңызы зор», деді Ә.Смайылов.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов химия өнер­кәсібінде өнім өндіру көлемінің тұрақты өсу үрдісі байқалып отырғанын, бұл өңірдің Қазақстанда химиялық өнім өндіру бойынша жетекші рөлін қамтамасыз ететінін атап өтті.

Үкімет басшысына «Евро­Хим» және «Шу» автомат­тандырылған газ тарату стансалары құрылысының барысы жайлы ақпарат берілді. Бұл Сарысу және Шу аудандарының 32 елді мекенін (61,7 мың адам), «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-нің жаңа химиялық кешенін және Мойынқұм ауданының 24 елді мекенін (28,7 мың адам) газбен қамтуға мүмкіндік береді.

Шу ауданында Ә.Смайылов «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты. Премьер-министрге «TAS Market» ЖШС-нің кремний кластерін құру бойынша инвестициялық жобасы таныстырылды.

Еліміздегі алғашқы сода шығаратын зауыттың құрылысы да Үкімет басшысының назарына ұсынылды. Жобаны «Yildirim Holding» түрік ком­паниясының еншілес кәсіпорны «QazaqSoda» ЖШС жүзеге асыруда. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі. Өндіріс­тік қуаттылығы – жылына 500 мың тонна. Келешекте жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілері тартылды, су құбырын салу, теміржол инфрақұрылымын жабдықтау жоспарланып отыр.

«Біз бұл жобаларды қол­дай­мыз және жетіспейтін ин­фрақұрылымды тарту бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Мұны бір жыл ішінде іске асыруға болады. Индустрия министрлігі мен ҚТЖ-ға тиісті тапсырма беремін», деп түйіндеді сөзін Ә.Смайылов.

Н.Нұржігітов Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту, жұмыс іс­теп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту, жаңа зауыт­тардың қажеттілігі сынды мәселелердің тұрақты бақы­лауда екенін айтты.

Соңында Премьер-министр­ге өңірде «Ауыл аманаты» жо­­басының іске асырылу барысы туралы ақпарат берілді. Мемлекет басшысының қол­дауы­м­ен әзірленген жоба 2019 жылы Жамбыл облысында іске қосылып, өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін дәлелдеді. Жалпы, 2019-2023 жылдар аралығында облыс бойынша оны жүзеге асыруға 42,3 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 50 ауылдық округтен 11 мыңға жуық адам өз кәсібін ашты.

 

Жамбыл облысы