Аймақтар • 16 Тамыз, 2023

Сексеуіл көбейген жыл

288 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жуырда Түркістанда өткен халықаралық конференцияда мамандар Арал теңізінің тартылуы, түбінің тұздануы оған жақын орналасқан көрші мемлекеттер мен еліміздің бірнеше өңіріне, оның ішінде Түркістан облысындағы бірқатар аудан, елді мекендерге де табиғи кері әсерін тигізіп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірді. Арал ұлтанына өсімдіктер егу және сексеуіл алқабын отырғызу – тұздың ұшпауына тосқауыл болатын жалғыз жол екені де айтылды. Бұл орайда Президент тапсырмасына сәйкес Арал аймағы экологиясын оңалту бағытында 2025 жылға дейін аңқасы кепкен теңіздің 1,1 млн гектар аумағына сексеуіл тұқымы егілуге тиіс.

Сексеуіл көбейген жыл

Иә, облыста бүгінде тұзданумен қатар қоршаған ортаны құм көшкінінен сақтайтын бірден-бір амал алқаптарға өсімдіктер, оның ішінде сексеуіл көшеттерін егу мен тұқымын себу болып отыр. Осы орайда өңірде сексеуіл орманының алқабы ұлғайғанын айта кетелік. Мысалы, былтыр Отырар орманшылары 5 700 гектар жерге сексеуіл дәнін сеуіп, оны жасыл желекке айналдырып отыр. Нәтижесінде, шөлді аймақта құм көшкіні басылған.

Табиғат қорғаушылары сексеуіл алқабын сақтап, мүмкіндігінше кеңейтуге ерекше мән беруде. Сондай-ақ 2022-2023 жылдар аралығында жергілікті тұқымбақтан жасыл желекке 4 643 600 дана сексеуіл көшеті егілген. Ғасыр басында, яғни 2000 жылдары сексеуілдің құрып кету қаупі төнген соң, елімізде оны кесуге тыйым салынды. Ол кезде 5 жылға жарияланған мораторий жыл сайын ұзартылып келеді. Қазіргі таңда сексеуілді сатуға да тыйым салынған.

Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне қарасты орман қоры жерлерінде кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 33 мың гектарға 41 млн-нан аса ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Кейінгі жылдары 11 мың гектар алқапқа 14 млн сексеуіл көшеті отырғызылыпты. Олар­дың орташа өнімділігі 70-75 пайызды құра­ған. Ал Созақ орман шаруашылығына тиесілі 32 мың гектар жерге 2021-2025 жылдар аралығында 40 млн ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Созақ ауданының климаттық ерекшелігіне байланысты негізінен қара сексеуіл егіледі. Алдыңғы жылдан бастап бүгінге дейін 8 500 гектар алқапқа 10 млн 400 мың түп сексеуіл көшеті отырғызылған. Биыл күз айларында сексеуіл тұқымы себілетін және көшеті отырғызылатын 6 250 гектар жер жыртылып, дайындалған. Оның 4 200 гектарына 21 тонна сексеуіл тұқымы себіледі.

«Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жүнісхан Әлімбековтің мәлімдеуінше, былтыр егілген 4 650 гектар орман екпелерінің шығымы 73,3 пайыз болған. Теріскейдегі орман қоры жері 3 орманшылыққа бекітілген. Созақ, Шолаққорған және Мойынқұм орман шаруашылығының әрқайсысында 400 мың гектарға жетеғабыл сексеуіл тоғайлары бар. Үш орманшылықта да өртке қарсы бекеттер ұйымдастырылып, толығымен қажетті техникалармен жабдықталған.

Құмда өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, соның үшеуi Қазақстанда өседi екен. Бұлар – ақ, қара және зайсан сексеуiлдерi. Түркістан облысында ең үлкен сексеуілді алқап Созақ өңірінде шоғырланған.

«Сексеуілдің табиғатқа тигізер пайдасы орасан. Біріншіден, бұл құм көшкіндерін ұстап тұрады. Алайда мұның өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сондықтан мұны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс. Мәселен, былтыр егілген сексеуілдің тамыры – 1 метр. Тамырын 15-20 метрге терең жайғанда өсе бастайды. Сексеуiлдер қоршаған ортаның тепе-теңдiгiн сақтап тұруда ерекше рөл атқарады. Дүлей соққан желден құм көштерiн тоқтатады. Жалпы, сексеуіл ағашының бір түбі құм көшкіндерінің 4 тонна құмынан сақтайтыны дәлелденген. Яғни сексеуілді жойып алу шөл аумағының өсуіне әкеледі. Сексеуіл Қазақстан ормандарының 48 пайызын алып жатыр. Біздің мекемеге қарасты орман қоры жері – 356 962 гектар. Орманды жерлерде жүзген, жыңғыл, сораң, теріскен сияқты ағаш-бұталардың басқа да түрлері бар. Ал өте көп тараған ағаш түрі – қара сексеуіл, ол орманмен көмкерілген жерлердің 70 пайызға жуығын алып жатыр. Сексеуіл ағашы – сусымалы құмды аймақтардағы елді мекендерді құм басып қалу қаупінің алдын алатын бірден-бір өсімдік. Оларды қорғаныш ететiн жан-жануарлар мен жәндiктер қаншама?! Әсiресе түз тағылары киiктерге сексеуiлдер арасы өсiп-өнуге өте қолайлы. Сексеуілді алқап аң-құстардың мекен етуіне ғана қолайлы емес, мал шаруашылығында жайылым ретінде пайдалануға өте тиімді. Созақ ауданының жергілікті тұрғындарының негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Осыған байланысты құмды, сексеуілді алқап мал шаруашылығына өте қолайлы екені дәлелденген. Әсіресе табиғаты қатал Созақ жерінде қыс мезгілінде шаруалар төрт түлік малын құмды-сексеуілді жерлерге апарып қыстатады. Бұған себеп ондай жерлер таулы және жазық далаға қарағанда дауыл-желсіз жылы болады. Осы құмды жерлердің сақталуына сексеуіл ағашының өсіп тұруы үлкен ықпал етеді», дейді Ж.Әлімбеков.

Ауылдық орман қоры жерлерінде жыл сайын 1 720 шақырым жерге минералды жолақтар жүргізіліп, аса қауіпті аймақтарға қойылған өрт қарауылдау бекеттерінде тәулік бойы мекеме қызметкерлерінен кезекшіліктер ұйымдастырылыпты. Ор­манды сұғанақтықтан қорғау мақсатында жүргізілген рейдтер барысында өткен жы­лы 61 түрлі заңбұзушылықтар анықталып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылған. Келтірілген шығындар өтелген. Ал биыл жыл басынан бері 35 оқиға тіркеліп тиісті шаралар қабылданды. Рейдтерді жүргізу үшін мекеме қызметкерлері 6 патрульдік автөкөлікпен, 34 рациямен және GPS-нави­гатор құрылғыларымен қамтамасыз етілген.

«Мекемемізде сексеуіл ормандарын, аң-құстарды қорғау, өсімін молайту бағытында қазіргі таңда 55 орман күзеті қызметкерлері жүйелі жұмыс атқаруда. Кейінгі жылдары орман қорғау және өсімін молайту жұмыс­та­рына және экологиялық жағдайдың жақса­руы­на айтарлықтай үлес қосатын орман шаруа­шылығы мекемесіне Президентіміздің қолдауымен мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Мекеменің материалдық базасы толықтырылып, орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы өсті», дейді Жүнісхан Мырзаханұлы.

Орман шаруашылығы саласында шешімін күткен мәселер де бар. Атап айтсақ, күзетші-қорықшылардың қарауындағы орман айналымының көлемі өте үлкен. Әр орманшыға 40 мың гектарға дейін айналымды күзету жүктеліп отыр. Қазақ орман орналастыру мекемесінің мамандары 2020-2021 жылдары жүргізген орман орналастыру жұмыстары бойынша әрбір орманшының қарауына берілетін айналым көлемі 20 мың гектардан аспауы керек. Ал қазір созақтық орманшылар екі бірдей айналымды күзетіп, күтім жасауда. Бұл орман-қорықшылардың жұмысына айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Яғни мекемеге орманшылар, өрт сөндірушілер, автокөлік жүргізушілері сияқты қырыққа жуық маман қажет. Бұл жөнінде, яғни қосымша жұмыс орындарын ашу қажеттігі туралы түсіндірме жазбасымен бірге арнайы құжат Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау комитетіне жолданыпты. Сонымен қатар орман-қорықшы күзетшілеріне орман айналымдарына бақылау жасап, оны күзетуіне арнайы автокөлік, мотоцикл сынды көлік құралдарының жетіспеушілігі де байқа­лады. Орманшылар алдағы уақытта бұл мә­се­лелерді комитет қарауына алып, тиіс­ті шешімдердің шығарылуынан үмітті.

Айта кетейік, биыл облыстағы орман алқа­бының 20 300 гектар жеріне 32 млн 214 мың дана ағаш егіледі. Өткен жылы 16 200 гектар жерге 23 млн 818 мың дана ағаш егу және себу жұмыстары толығымен атқарылған еді.

 

Түркістан облысы