«Отбасы Банкіне» 10 пайыз көлемінде салым салып, жаңа пәтерге қол жеткізген азаматтарға арналған тұрғын үйлерді қалалық әкімдік салған. Барлық жағдай жасалған пәтердің бір шаршы метрі нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Нақтырақ айтар болсақ, қоныс тойын тойлағандар пәтердің әрбір шаршы метрі үшін 160 мың теңгеден төлемек.
Шаһардағы ең үлкен шағын ауданға қоныс аударған жаңа пәтер иелерін облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов пен Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов құттықтап, қуанышқа ортақтасты.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, соңғы төрт жылдың бедерінде қала бойынша 5 800 тұрғын пәтерлі болған.
«Кейінгі төрт жылда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 844 азамат баспаналы болғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар пәтер кезегінде тұрған 1 956 отбасы бақыт шамын жақты. Осы жылы қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жыл қорытындысында 2 820 пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезге дейін 460 пәтерлі 6 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталды. Еліміз бойынша қолжетімді тұрғын үй саясатын дамытуға айрықша басымдық беріліп отырғаны белгілі. Бүгінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында шаһардың біраз тұрғыны «Ұлы Дала» шағын ауданынан баспаналы болып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да лайықты жалғасын табады», дейді Тараз қаласының әкімі Б.Орынбеков.
«Отбасы Банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов келтірген деректерге сәйкес аталған бағдарлама бойынша Жамбыл облысында биыл 342 отбасы жаңа пәтерге қоныстанады. Олардың таңдауына 460 пәтер ұсынылады. Бүгінгі таңда «2-10-20» бағдарламасы аясында еліміз бойынша 16 мыңнан аса отбасы жеке пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Банк қызметкерлері мұқтаж азаматтарға қолдан келген көмекті аяған жоқ. Бағдарламаға қатысушылар үшін жағымды жаңалық бар екенін айта кеткен ләзім. Биыл банкке республикалық бюджеттен 20 млрд теңге қаражат бөлінді. Бағдарламаға қызыққан басқа қатысушылар 2 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген заем ала алады. Алдағы уақытта жаңа өтінімдерді қабылдау басталады. Бұл туралы қосымша хабарлаймыз. Бұған қоса тұрғындар нарықтық бағдарлама арқылы 50 пайыз салым салып, пәтер ала алатынын да айта кеткен жөн. Оған барлық азамат қатыса алады», дейді «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес «2-10-20» бағдарламасының шарттарына өзгерістер енгізілген. Енді жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар санаттары бойынша тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар да бағдарламаға қатыса алады.
Қаладағы ең үлкен шағын ауданға қоныстанған жаңа пәтер иелерінің қуанышында шек жоқ. Аңсаған арманына жеткен олардың бал-бұл жанған жүзінен шаттықтың табы айқын сезіледі.
«Кез келген адам өзінің жеке үйінің болғанын қалайды ғой. Жантайып жатқан адамға бақ қонбайтыны әлімсақтан аян. Біраз жыл бұрын «Отбасы Банкке» қажетті сомадағы салымды салуды бастадым. Ал 2020 жылы кезекке тұрдым. Шынын айту керек, банктің менеджерлері бізге бар ынтасымен көмек көрсетті. Олар бар білгенін бізге түсіндіріп, баспаналы болуымызға атсалысты. Алланың қалауымен бүгін сол қуанышты күнге де жетіп отырған жайымыз бар. Банк әуелі өтініш иелерін резервке қояды, кейін негізгі тізімге қосады. Мен үш бөлмелі пәтерді 16 жылға алып отырмын. Алайда үстіндегі үстемеақысы 2 пайыз екенін ескерсек, мен үшін өте тиімді. Осы санатқа жататын барлық отбасы баспаналы болса деген тілегім бар. Өйткені әр қазақ бақытты ғұмыр кешуге лайықты», дейді бес баланың анасы Қаламқас Аметалиева.
Биыл Жамбыл облысының 5 400-ден аса тұрғыны болашақта жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатында жаңа депозиттер ашқан.
«Үш жыл бұрын кезекке тұрудың нәтижесінде бүгін үш бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Ерінбей салым салған адам мақсатына жетеді екен. «2-10-20» бағдарламасы аясында бүгін расымен де бақытты күй кешіп тұрмыз. Көпбалалы отбасыларға қолдан келген көмегін аямай, кеңес берген банк қызметкерлерінің еңбегі жана берсін. Барлық көпбалалы отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа кенелсін. Жаңа үйге қоныс аударғандардың дені уақытында жалдамалы пәтерде тұрғаны белгілі. Қысқасы, ерінбей салым салған осы санаттағы отбасылардың еңбегі елеусіз қалмайтынына ешқандай күмән жоқ», дейді төрт баланың анасы Алтыншаш Құлахметова.
Уақыт өткен сайын «2-10-20» бағдарламасы аясында баспаналы болып жатқан отбасылардың саны арта түсті. Жамбыл облысында биылдың өзінде тиісті санатқа жататын 300-ден аса отбасының жаңа үйге көшетіні жанға жылу ұялатады.
Тараз