Егемен Қазақстан • 17 Тамыз, 2023

«Хат қоржын»

195 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Мына қамшының сабындай қысқа өмірде көзден кетсе де, көңілден кетпейтін ерекше, дара адамдар бар. Солардың бірі – өр мінезімен, ерекше болмысымен халқының есінде қалған біртуар тұлға, халық жазушысы Шерағаң – Шерхан аға Мұртаза болатын.

«Қимас сәттер өткенді еске алады» дегендей, бірде «Шалқар» радиосын тыңдап отырсам, «Дарабоз» хабарынан Шерағаң туралы айтылып жатыр екен. Радио тыңдаушылардың сұранысымен бұл хабар эфир арқылы бірнеше рет берілді.

Өз басым Ш.Мұртазаны талай рет көру бақытына ие болдым. Студент кезімізде ағаны кездесу кештерінде көріп жүргеніміз болмаса, қасына баруға именетінбіз. Бәлкім, бұл ауыл баласына тән ұяңдықтан да болар. Есесіне кейіннен Шерағаңмен дәмдес болып, әсерлі әңгімелерін тыңдаудың да сәті түсті.

Ол кезде аудан әкімдігінде аппарат басшысы болып істейтінмін. Түскі үзілістен келсем, екінші қабаттағы үлкен залда екі адам отыр. Тани кеттім, Шерағаң мен танымал журналист Әділ Дүйсенбек аға. Көршілес Жамбыл облысының Сарысу ауданынан келе жатқан беттері екен. Аздаған шаруалары болып, осында аялдаған көрінеді. Дәл сол күні аудан әкімі Шымкентке жиналысқа кеткен еді. Дереу орнындағы Ниязәлі Дүйсенбекке хабарладым. Шерағаңның келгенін естіген жұрт бірінен кейін бірі келіп, құрметті меймандарға сәлем беріп, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. Қонақтар аудандық орталықтандырылған кітапхананы аралап көріп, оның жекешелендіру науқанынан аман қалғанын білгенде ризашылықтарын жасыра алмады. Кейіннен ол туралы Шерағаң жазды да.

Кешке таман өз оқырмандарымен есте қалар әсерлі кездесу өткізген Шерағаң ертесіне асығыс аттанып кетті. Таспаға түскен аяу­лы бейне Нияз ініміздің жеке архивінде сақтаулы.

        

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

Созақ ауданының құрметті азаматы

Түркістан облысы

 

 

Университет және ауыл мектебі

Cексен жылдан астам тарихы бар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында іскер, білікті мамандар мен кәсіби шеберлігі келіскен ұстаздар даярлайтын білім ордасына айналды. Осындай іргелі оқу орнының кезінде Атырау облысындағы ауыл мектептеріне қамқорлықты күшейту туралы үндеу жариялауын заңды деп білеміз. Ал аталған үндеудің сонау Асхат Иманғалиев ректор болып тұрған кезде  жарияланғанын да айта кеткен жөн.

Ауыл мектебі мен университет арасындағы байланысты сөз еткенде, оның да өзіндік сүрлеуі қалыптасқанын байқаймыз. Жоғары оқу орнында ширек ғасырдан бері «Университеттік білім беру жүйесін реформалау жағдайында болашақ мұғалімді ауыл мектебіне даярлауды жетілдіру» бағдарламасы (ғылыми жетекшісі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қ.Б.Сейталиев) жүзеге асырылып келеді. Жалпы, бұл мәселені зерттеп, зерделеуге ғалым ұстаздар белсене қатысты. Атап айтар болсақ, университет базасында аталған бағдарлама негізінде өткен жылдары ауыл мектебінің келелі мәселелерін талқылаған республикалық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді.

Университеттегі жалпы және халықтық педагогика кафедрасының жанында «Университет және ауыл мектебі» жоғары педагогикалық білім беру проблемаларының лабораториясы жұмыс істеді. Осы лаборатория көлемінде «Университет – колледж – гимназия» оқу, ғылыми-педагогикалық кешені құрылған болатын. Университетімізде екі жылда бір рет өткізілетін «Досмұхамедов оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында да ауыл мектебі мен мұғалімінің мәртебесі назардан тыс қалған емес.

Әрине, осындай игілікті шаралар және  ауыл мектебі мен университет арасындағы игілікті істердің орындалуы – университет ректоратының толыққанды жұмысының нәтижесі. Алдағы уақытта да университет тарапынан  ауыл мектебіне деген қамқорлықтың жарасымды жалғасын таба беретіні сөзсіз.

 

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы университеттің доценті

 

АТЫРАУ

 

 

Әке өнегесі – ұлға ұлағат

Қазақ «Әке көрген оқ жонар» дейді. Әкенің ұлға беретін тәрбиесін бірде-бір институт не басқа бір адам бере алмайды. «Әкесіз өскен» деген сөзден қашқан қазақ ұл баласын елі мен жерін қорғайтын ержүрек болып өссін деген ниетпен оны әке бауырынан ажыратпаған.

Қазақтың анасы да әулие ғой. Отбасында балаларын «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөзбен оның қасиетін ұқтырып, мәртебесін биіктеткен. Сондықтан қазақ баласы әке қасиетін біліп өсті. Сөйткен ұлтымызда бұл күні жалғызілікті ер кісілер саны 60 мыңнан асып жығылыпты. Ал 300 мыңға жуық әке өз бауыр еті – баласын асырай алмай, бас сауғалап қашып жүр екен. Бұл тіркелгендері. Ал тіркелмегендері қанша десеңізші.

Осыған қынжылған ел «ұл тәрбиесін дұрыстау керек» деп жиі айтып жүр. Оның себептерін де алға тартады. Бірі әйел тәрбиесінде өсетін ұлдардың көбеюінен десе, енді бірі қоғамдық жұмыста әйел мәртебесінің тым биіктеуінен дейді. Табыс табатын әйелге күйеудің керегі жоқ деген де пікір бар. Сондықтан әкеге тек материалдық қажеттілікті өтейтін жан ретінде қарайтын сана қалыптасты. Соның кесірінен ұл баланың тәрбиесі мен мінезі босаң дейді келесі біреулер.

Баршаға топырақ шашпаймыз, бірақ бүгінде қиюы қашқан отбасы институтын кезінде біраз шетелдік ғалым зерттесе керек. 1920 жылы қазақтың дәстүрлі қалыптасқан отбасылық өмір сүру салтындағы ерлердің орнын зерттеген М.Олкотт «Қазақ ерлері досқа адал, батыр, аңкау, бірақ дұшпанына қатал болып келеді. Ата-анасын қатты сыйлайды. Қазақ ерлеріне ата-анасының айтқаны заң. Жарына адал. Отбасын аң аулап асырайды. Балаларын өте жақсы көретін болып келеді», деп жазған екен («Қазақтар шетел әдебиетінде». Көшім Есмағамбетов). Ал қазіргі жағдай сол айтқандарға сәйкес келе ме, әлде жоқ па? Қалай ойлайсыз, оқырман?

 

Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,

журналист

АСТАНА