Мәселе • 16 Тамыз, 2023

Балқаш көлі: жауапкершіліктен қашқан құзырлы орындар

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Балқаш көлі туристік аймағының жайы – жұрт назарында. Жолы оңалар емес, демалушыларға жөнді жағдай жасалмаған. Осы бағытта былтыр жағалауды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жаңа жоба әзірленген еді. Оның сметалық құжатына бюджеттен 120 млн теңге бөлінген. Әйтсе де бюджеттік бағдарламаның әкімшісі әлі анықталмай отыр. Министрлер жауапкершіліктен қашып, жобаны бір-біріне сілтеп отыр.

Балқаш көлі: жауапкершіліктен қашқан құзырлы орындар

Мұны бізге Жетісу өңірінен сайланған Сенат депутаты Аман­гелді Толамисов айтты. Халық қалаулысы бұл мәселені Сенат отырысында да баяндап, сенатор Ғалиасқар Сарыбаевпен бірлесе бұрынғы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдаған. Әйтсе де әзірге «жабулы қазан» жабулы күйінде.

«Өңірдің өзіне тән мүмкіндігінің бірі туризм саласы болғандықтан, Балқаш көлінің жағалауында «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағын салу өңірдің тың қарқынмен дамуына өз септігін тигізетіні сөзсіз. Егер инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жағдайда бөлмелер қоры 45 мыңға жуық төсек-орынды құрайды. Бұл жобаны іске асыру мақсатында 40,4 млрд теңге инвес­тиция тарту жоспарланып отыр. Бұл мәселе 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті бекіту кезінде талқыланған еді. Біз осы мәселеге қайта оралып отырмыз. Аталған жобаны іске асыруды қолдау туралы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №22-5080 қарары да бар. Алайда орталық деңгейде бюджеттік бағдар­ламалардың әкімшісі әлі анықт­алған жоқ», дейді Амангелді Ғабдікәрімұлы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжі­лісінің отырысында сөйлеген сө­зін­де «Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді. Был­тыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрыл­ғанын білесіздер. Бұл қадам осы ай­мақтарды тың қарқынмен дамы­туға жол ашты. Біз аймақтар ара­сындағы экономикалық теңсіз­дікті азайту үшін тиімді іс-шаралар қабылдауымыз керек. Әр ай­мақтың өзіне тән мүмкіндігін то­лық пайдалану қажет», деген еді. Ал Жетісудың табиғи-кли­маттық жағдайы туризмнің сан түрін өркендетуге қолайлы. Со­ның ішінде рекреациялық, мәдени-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорттық, экоагротуризмді дамы­туға мүмкіндік бар.

Естеріңізде болса, былтыр Президент Жетісуға келген жұмыс сапарында өңір жұртшылығымен кездесіп, әкімдікке туризм саласын дамытуға айрықша мән беру керек екенін баса айтқан-ды. «Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар. «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі – экологиялық туризмді дамыту үшін таптырмайтын жер. Міне, осының бәрі – тұнып тұрған байлық. Әрине, туристер көптеп келу үшін тиісті инфрақұрылым салып, қолайлы жағдай жасау керек», деген еді. Осыған орай қазір өңірде туризм саласына ерекше жағдайлар жасалып жатыр. Әйтсе де осындай кедергілер қолбайлау болып тұр.

Сенатордың айтуынша, Мем­ле­кет басшысының тап­сыр­ма­сын орындаудың орнына министрліктер (Қаржы министр­лігі, Мәдениет және спорт ми­нистрлігі және Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму м­и­нис­трлігі) бір-біріне сілтеме жа­сап отыр. Осы мәселе бойын­ша Мәдениет және спорт минис­трлігінің ұстанымы мынандай: «Қазақстан Республикасы Пре­мьер-министрінің бірінші орын­басары Р.Склярдың тапсырма­сына сәйкес министрлік мүд­делі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде «Қазақстан Республи­касындағы туристік қызмет туралы» заңға және Бюджет кодек­сіне өзгерістер енгізу арқылы жо­ба­ны қаржыландыру және іске асыру мәселесін пысықтайды».

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің ұс­танымы: «235-ші бюджеттік бағ­дарламаға қолдау көрсетіл­мейді, себебі «Қазақстан Респуб­ли­касының туризм саласын да­мытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюд­жеттеріне сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға берілетін нысаналы трансферттер тек қана Алматы облысындағы Алакөл көлінің айналасында орналасқан туристік нысандарды сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыру үшін ғана құрылған еді. Осыған байланысты «Балқаш туристік-рекреациялық аймағының инженерлік-комму­никациялық желілерін салу» жобасын Мәдениет және спорт министрлігінің бюджеттік бағдар­ламалары аясында іске асыру қажет деп санаймыз».

Қаржы министрлігінің ұстанымы: «Жобаны республикалық бюджеттен іске асыру үшін мындай тетіктер қарастырылған: 1) Ұлттық экономика министрлігі ар­қы­лы тапсырыс берушіні кә­сіп­керлерге өзгерту жолымен жо­балау-сметалық құжаттаманы өзгерту, автожол құрылысын алып тастау, оны Индустрия жә­не инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі арқылы іске асыру; 2) Мәдениет және спорт министрлігі арқылы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, қосымша штат бө­ле отырып құзырет беру (бұл рет­­те бастама автожолдар салу, ин­же­­нерлік-коммуникациялық ин­­фра­құрылым жүргізу жөніндегі фун­к­­­­­циялардың қайталануына әкеп соғады). Осылайша, жобаны іске асыру механизмі тұрғысынан қосымша пысықтауды талап етеді».

Бұл ұстанымдар – осы іске қатысы бар үш министрліктің берген жауабы. Егер жоба соңы­на дейін бармаса, жобалық-сме­талық құжаттарға бөлінген қар­жы желге ұшып кеткелі тұр. Ал туризм саласы тағы да тығырыққа тірелмек. Осы ретте сенаторлар қозғаған мәселеге тағы бір көз жүгіртсек.

«Мемлекет басшысы VIII сай­ланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйле­ген сөзінде «Өткен жылы мемле­кеттік аппараттың қызметі мен норма шығару процесін дебюро­кратизация­лау бойынша маңыз­ды жұмыстар басталды. Аса маңыз­ды мәсе­лелер бойын­ша сапалы заңдарды жедел қабыл­дауға қажетті жағдайлар жасалды. Дегенмен, шын мәнінде, дебюрократизация болмағанын мойындау керек. Министрлер шешім қабылдаудан қорқады, жауапкершілікті әріптестеріне немесе қарамағындағыларға аударады», деп нақты атап өткенінің себебі осындай жағдайлар ма деп түсінеміз. Сондықтан осы мәселені тиімді шешу жолдарын қарастырып, бюджеттік бағ­дарламаның әкімшісін анық­тап, жобаның іске асырылуына қолдау көрсетуді сұраймыз. Біз­дің ұсынысымыз, нысана­лы трансферттерді өткізу үшін Мәдениет және спорт министр­лігіне қосымша штаттық бірлік беру және заңнамаға тиісті өзгеріс­тер енгізу мәселесін қарастыру қа­жет. Бұл ретте аталған министр­лік ұсыныс жолдап, нысаналы трансферттерді өткізетін бағ­дарлама ашып, жергілікті атқа­рушы органға қаражатты түсірсе болғаны, ал қалған жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді деп мәлімдеп отыр», делінген сауалда.

Айта кетейік, Жетісу облысының әкімдігі Мәдениет және спорт министрлі­гіне бюджеттік өті­німдерін бірнеше мәрте жолдаған (24.08.2022ж. №03-34/291-И, 06.01.2023ж. №03-34/22-И). Бұл мәселемен жаңа Премьер-министрдің орынбасары хабардар ма екен? Әлде қыруар қаржы желге ұшып кете бермек пе?

 

Жетісу облысы