Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Балабақшаға қатысты тағы бір мәселе – орын тапшылығы. Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, елімізде 11 320 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда 950 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Ұлттық жобаны іске асыру жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін 223 мың жаңа орын ашылады. Бұл мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қажеттілігінің 70 пайызын жабуға мүмкіндік береді.
– Жыл басынан бері 29 620 орындық 307 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 2 818 орындық үш мемлекеттік, 26 802 орындық 304 жекеменшік ұйым ашылды. Кейінгі 5 жылда жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың ашылуына байланысты балабақшаға жолдама алу тәртібі екі есе төмендегенін атап өту маңызды, – деді Н.Жұмаділдаева.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін балабақша кезегінде тұрғандардың орын алу жүйесін ашық ету де маңызды.
– Бұл – өзекті мәселелердің бірі. Жаңа тетіктер мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұру және қабылдау бойынша мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етеді деп санаймыз. Бірыңғай деректер тізілімі құрылады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды. Отбасының тұрмыстық жағдайына байланысты ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымды таңдауының жаңа тәсілі пысықталып жатыр, – деді департамент директоры.
Балабақшалардың сандық көрсеткіштері ғана емес, сапасы да аса маңызды. Ол білікті мамандарға тікелей байланысты. Елімізде балабақшада жұмыс істейтін 98 мың педагог бар. Олардың 65 мыңы – жоғары білімді маман. Бұл ретте 21 мыңнан астам педагогтің біліктілігін арттыру көзделген. Сонымен қатар кейінгі төрт жылда тәрбиешілердің жалақысы кезең-кезеңімен 25 пайызға өскен. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап жалақы тағы 30 пайызға өседі.
– Білім беру сапасы мұғалімдердің кәсіби құзыреттілік деңгейіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы мектепке дейінгі ұйымдардың педагог мәртебесін, кәсіби әлеуетін және жалақысын арттыру міндетін алға қойды. Биыл мектепке дейінгі ұйымдардың 21 мыңнан астам педагогінің біліктілігін арттыру жоспарланған. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үздік тәжірибелерін тарату үшін 79 ұйымның базасында тұрақты негізде «Құзыреттілік орталықтары» құрылады, – деді Н.Жұмаділдаева.
Мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 2023-2024 жылғы оқу жылын ұйымдастыруда ерекше жағдайлар да ескерілген. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу және оқыту кезінде баланың білім алу қажеттіліктеріне сәйкес, үлгілік оқу, арнайы, жеке/бейімделген білім беру бағдарламалары қолданылады. Сонымен қатар осал отбасылардан шыққан балаларға балабақшаға тегін бару мен тегін тамақтану мүмкіндіктері қарастырылған.
– Әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 97 мың бала мектепке дейінгі ұйымдарға тегін баруға мүмкіндік алады. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы балаларға тегін тамақ беру де маңызды. Қазіргі күні Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және әкімдіктермен жағдайы қиын отбасыларда тұратын балаларды анықтау бойынша бірігіп жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарға баратын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақтандыруды қаржыландыру тетіктерін пысықтау үстінде, – деді Наталья Жұмаділдаева.