Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Ал өндіруші сектордағы тікелей шетелдік инвестиция ағыны мен мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының жалғасуы инвестициялық белсенділікке қолдау көрсетпек. Ал инфляцияның жоғары деңгейі, қарыз жүктемесінің артуы, үй шаруашылықтары берешектерінің өсуі тұтынушылық шығындар өсімін тежеуі мүмкін.
«Азық-түліктің және импорттық аралық тауарлардың жоғары бағасына байланысты 2023 жылы инфляция жоғары деңгейде қалады. Ішінара әртүрлі сектордағы жалақының жоғарылауы және бюджеттік қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары нәтижесінде инфляция 90-жылдардың аяғынан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді. Баға барлық сала бойынша өсті, бірақ инфляция өсімінің басты факторы – азық-түлік бағалары. Болжам бойынша 2023 жылы инфляция 4-6 пайыз мақсатты диапазонынан жоғары болып қала береді және мақсатты диапазонға 2024 жылы оралады. Дегенмен жеткізудегі қиындық 2023 жылы азаяды деген болжам бар, бұл ретте инфляциялық күтулерді басқару үшін шектеулі ақша-несие саясатын сақтау маңызды», деп түсіндіреді Дүниежүзілік банк сарапшылары.
Олар бірнеше тәуекелді бөле-жара атайды. Соның алғашқысы – Каспий құбыр консорциумына (КТК) төніп тұрған қатер. КТК жұмысындағы одан әрі үзіліс өндіріс пен бюджет кірістеріндегі ысыраптарға әкелуі, осылайша өсу үшін төмендеу тәуекелдерін тудыруы ықтимал. Ішкі инфляцияның жоғары деңгейінің жалғасуы, әсіресе ең осал үй шаруашылықтары үшін күрделі мәселе болып саналады және әлеуметтік толқулар қаупін арттыруы мүмкін. Бұл тәуекелді азайту үшін қатаң ақша-несие саясаты мен күшейтілген фискалдық бақылауды жалғастыру, сонымен қатар әлеуметтік бағдарламаларды мақсатты бағыттау қажет болуы мүмкін. Геосаяси шиеленіс, энергетикалық дағдарыс және жоғары инфляция жағдайында жаһандық қаржылық жағдайдың шиеленісе түсуі валюталарға қысым жасауы, салдарынан капитал ағынының ықтимал құбылмалылығын тудыруы мүмкін.
«Геосаяси қақтығыстың күшеюіне байланысты жақын перспективада сауда-логистикалық маршруттарды әртараптандыру және жеткізу тізбектерінің балама көздерін дамыту үлкен маңызға ие болады. Тығыз экономикалық байланысы және географиялық жақындығына орай Қазақстан ресейлік экономикалық инфрақұрылымға тым тәуелді. ЕО-дан жіберілген тауарлар Қазақстанға келіп жетуі үшін Ресей территориясын басып өтуі керек. Сондықтан жеткізу тізбегінің бұзылуы Қазақстанға ауыр зардабын тигізеді. Ресей шабуылының соңғы кезеңі Ресейге қарсы санкциялардың күшеюіне әкелуі мүмкін, бұл қазірдің өзінде бұзылған жеткізу тізбегінде проблемалар тудырып жатыр. Батыстық инвесторлар Қазақстан компаниялары санкцияларды айналып өту үшін пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенгендіктен мұндай күйзеліс-тәуекелден бас тартуды арттырып, елдегі бизнеске кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан жеткізу тізбектерінің орнықтылығын арттыру үшін балама сауда-логистикалық бағыттарды дамыту өте маңызды», дейді батыс сарапшылары.
Бұл ретте олар Қазақстан орта мерзімді даму проблемаларын шешу үшін құрылымдық реформаларды жүзеге асыруы керек деп есептейді.
«Экономиканың өсімі негізінен кейінгі онжылдықтағы өнімділіктің төмен деңгейімен шектеліп, даму перспективаларын азайтты. 2000-2007 жылдардағы 10 пайыз жылдық өсіммен салыстырғанда, 2008 жылғы банк дағдарысынан және құрылыс нарығының күйреуінен кейін ІЖӨ-нің орташа нақты өсімі 4 пайыздан төмендеді. Шикізатқа тәуелді экономиканың құрылымдық кемшіліктерінің бірі – адам капиталы көрсеткіштерінің төмендеуі (әсіресе, пандемия кезінде қатты білінді). Мектептердің жабылуы және оқу процесінің бұзылуы осыған дейін білім саласында қол жеткізген жетістіктерге залалын тигізді. Пандемиядан туындаған білім сапасындағы түйткілдер аз қамтылған үй шаруашылықтарына пропорционалды түрде әсер етті, осылайша әлеуметтік теңсіздікті күшейтті. Қаңтардағы наразылықтар да бүкіл елде адами капиталды дамытуды барынша қамтитын реформалар қажеттігін көрсетеді», дейді Дүниежүзілік банк.
Экономика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан өңірде көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту және көлік дәліздерін жаңғырту үшін зор күш-жігер жұмсап жатыр.
«Біздің еліміз арқылы Еуропадан Орталық Азияға, Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға ең қысқа жолдар өтеді. Тиімді транзиттік трансконтинентальды дәліздер мен маршруттар желісі құрылды. Қазақстан бойынша 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді, оның ішінде 5 теміржол және 8 автокөлік дәлізі бар. 2017 жылдан бастап Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния және Польша сияқты елдерден басқа теміржол, теңіз әкімшіліктері мен логистикалық операторлардың қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік маршрутының халықаралық қауымдастығы жұмыс істейді», дейді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов «Egemen Qazaqstan» тілшісіне берген жауабында.
Оның айтуынша, Қазақстан – шетел инвестициясын тарту бойынша Орталық Азияда көш ілгері позицияда.
«Инвесторлар үшін бизнесті жүргізудің қолайлы жағдайлары бар қауіпсіз елде жұмыс істеу маңызды екені анық. ЮНКТАД-тың 2022 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанға таза тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) ағыны кейінгі 5 жылда рекордтық 6,1 млрд долларды құрады, бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 83 пайызға жоғары. Бұл – посткеңестік кеңістік елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Посткеңестік кеңістікте таза ТШИ ағыны бойынша Қазақстан бірінші орынды алады. Осы ұстанымды сақтау үшін Қазақстан Үкіметі тұрақты негізде қаржылық (түрлі субсидиялар, табыс салығынан, қосымша құн салығынан, жер салығынан және мүлік салығынан босату) және қаржылық емес ынталандыруларды (жер учаскесі мен инфрақұрылым) ұсына отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетеді. Сондай-ақ әлемдегі геосаяси ахуал және инвестициялар үшін өңірлік күрес жағдайында Ресей мен Беларусьте қызметін тоқтату туралы жариялаған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықаралық корпорацияларды Қазақстанға орналастыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», деп жауап берді министрлік өкілі.
Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша қазіргі уақытта Қазақстанды инвестициялау үшін перспективалы ел ретінде қарастыратын әлемнің 38 елінен 401 ірі компанияның тізбесі қалыптастырылған. Әрине, жаһандық тәуекелдер тек Қазақстанға ғана қысым жасап жатқан жоқ. Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, 2022 жылы 2,8 пайызды құраған әлемдік экономика өсімі 2023 жылы 1,8 пайызға дейін төмендейді.
«Еуроаймақ, Қытай және Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестері өсу перспективалары мен әлемдік шикізат бағасына әсер ететін экономикалық әлсіздік кезеңін бастан өткеріп жатыр. Ресейден келетін табиғи газ жеткізілімінің тоқтауына және өнеркәсіптік өндіріске жағымсыз әсер еткен инфляцияның күрт өсіміне қарамастан Еуроаймақ рецессия тырнағына ілікпей қалды. Үй шаруашылықтары мен кәсіпорындарға деген қысымды төмендеткен айтарлықтай бюджеттік қолдау өңір экономикасына көмектесті. Қыстың жылы болуы және жеткізу көздерінің әртараптандырылуы энергетикалық ресурстар бағасының төмендеуіне септесті. Дегенмен 2023 жылы өсім қарқыны нөлге дейін төмендейді, сосын 2024 жылы қайтадан 1,6 пайызға артады деп күтіледі. 2023 жылға арналған болжам энергиямен қамтамасыз етудегі үзілістерге және жоғары инфляцияға байланысты белгісіздік жағдайында тұр. Бұл ақша-несие саясатын одан әрі қатайтуды талап етуі мүмкін, ал ол өз кезегінде іскерлік көңіл күй мен тұрмыстық тұтынуды азайтады», дейді сарапшылар.