Елдік пен бірлік жырға арқау болған додада өңірдің үкілі үміті саналатын талантты жастар әдемі шумақтарымен дараланып, салмақты сөз, пайымды ой айтқаны көңілге қонды. Уақытында оқушылар арасындағы айтыстарда жұлдызы жарқыраған жас ақындардың деңгейі өскенін анық аңғардық.
Жыр додасының қорытындысында шулық Айым Көшербай қатарластарына қарағанда оқ бойы озық өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болса, жуалылық Дидар Апбасов екінші орынға лайық деп танылды. Ал байзақтық Ернұр Бейсенов, таластық Айсұлу Жүнісбек, тараздық Медеу Мырзатай, жамбылдық Елік Нұрмағамбетов үздік үштікті қорытындылады. Қалған алты ақынға арнайы жүлде табысталды.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы және Жамбыл ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған облыстық айтыста жас таланттардың талпынысы зор екеніне көз жеткіздік. «Жалпы алғанда Жамбыл жері ән мен жырдың елі ғой. Басқарма тарапынан атамұра өнерге аңсары ауған жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге қашан да дайынбыз. Өйткені өңір жастары – біздің мақтанышымыз», дейді облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Жамбыл облысы