Әскер • 18 Тамыз, 2023

«Штаттан тыс» шекарашы

221 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

1992 жылы 18 тамызда Президент Жарлығымен Шығыс шекара округі негізінде Қазақстан Шекара әскері құрылды. Айтулы дата мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне 2012 жылы 29 тамызда енгізілді. Ел шетін қорғау тек әскердің ғана міндеті ме?

«Штаттан тыс» шекарашы

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Үш қазақ

Бұл – самырсыны сам­саған, қарағайы сыңсыған Мар­қакөлдің маңында өмір бойы желдің өтінде, елдің шетінде, шекараның шебінде ғұмыр кешкен Асқар ақсақалдың басынан өткен өзгеше кейіптегі баян. Былайғы өмірде көпке қадірлі, әрлі-берлі өткен ел ат басын бұрып, арнайы сәлем бере кететін қазыналы қарияның жұрт білмейтін бір қыры, ол – өкімет сеніп тапсырған құпия қызметі еді. Дәлірегі – штаттан тыс шекара барлаушысы. Жұрт үшін ел шетін қорғап жүретін «халық шекарашысы». Алайда ол белгілі бір мекеменің сенімді «көз-құлағы» болған адам-тұғын. Әрине, ол кісі қазір бұл өмірде жоқ болған соң оның маңызы жоғалды деп, барлық құпиясын түгел жа­йып сала алмаймыз. Тіпті солай еттік деген күннің өзінде әрбір детальды, құжаттық деректі түгел ақтарып ашу мүмкін емес. Бұл біздің мақсатымыз да емес. Тек ол кісінің басынан өткен екі түрлі оқиға ғана.

Жаздың жаймашуақ бір күні Асқар қария таң қылаң бере ала атына мініп, Алтайдың ақбас тауын бөктерлеп жотаға өрлейді. Қария тау басына жетпей, үйреншікті бір жықпылға ала атының ауыздығын шығарады да, тұсауын салып, өзі жаяулап Дүрбітөбеге жетеді.

Тө­ңіректі барлай-шолып (дүрбімен) отырған қарияның қырағы көзіне үш адам түседі. Киім киісі бөтен, іс-әрекеті күдікті көрінген соң, күні бойы олардың әр қимылын қақпақылдап жата береді. Ымырт үйірілгенде әлгі үш бейтаныс бір қолатқа келіп, қос тігіп ас қамына кіріскен сәтте ақсақал үстерінен түседі. Маузердің үңірейген ұңғысы олардың зәре-құтын ұшырады. Асқар қария өзі де өте сұсты адам-тұғын. Әсіресе түксиген бүркіт қабағы, өткір көзі, қаулай біткен қаба сақалы – оны даланың жыртқыш тағысына ұқсататын. Қапияда басып қалған «сақалды жауға» қайран қылып, құтылмасын білген үшеу шарасыз бері­леді. Үлкендеу біреуі күбірлеп тіл қат­пақ болып еді, қария зекіп тастаған. Сонымен үшеуінің қолын артына байлап, алдына салып айдап, үйіне алып келеді.

Асекеңнің үлкен ақбоз үйінің қасын­да бес қанат қосалқы үйі бар еді, әлгі үшеуді сонда енгізеді. Қолдарын шешіп, жайғастырады. Қонақтарда үн жоқ, өң-түстен жұрдай. Қосалқы үйге бөтен еш­кім кірмейді, тек кемпірі алғаш кіріп келгенде бөтен адамдарды көріп, тік­сі­ніп қалған. Көзінің қырымен қарай жүріп, дастарқан жайып, сырлы тегенеден сапырып зерен толы қымыз ұсынған. Бір заматта Асқар қария тоқты жетектеп үйге кіреді, қол жайып бата сұраған. Төр жақта отырған мосқалдау біреуі қысқа ғана бата мәзіретін жасайды. Бірақ аң-таң. Тұтқынға түсіп отыр. Әйтесе де, жүзінде биттей жылауы жоқ әлгі шал бұларға малға бата істетті. Бейтаныс қонақтар күні бойы кенезесі кеуіп шөлдеп келсе де, көмейлеріне тас тығылып қалғандай, сұғынып сусын да іше алмайды.

 «Мына шал тамаққа әбден тойғызып алып көретін болды» деп түйген ортада отырған қырық жас шамасындағы біреуі. Ал Асекең нағыз қасапшының өзі, әп-сәтте тоқтыны бұтарлып, етті қазанға тү­гел салғызған. Үй ішінде ләм деген үн жоқ. Бұл үнсіздік үшеудің үрейін одан бетер үдете түседі.

Асекең өзі де бел шешіп, малдасын құ­­рып жайғасқан сәтте ғана гүр етіп тіл қатады:

– Қымыз алыңдар, түге, – деген күнқақ­ты кепесін шешіп жатып.

Бұлар тілін жұтып қойғандай. Болар болмас «рахмет, іштік» дегендей болады.

– Ал жігіттер, жол болсын! Байқай­мын, бұл жақтың адамы емес­сіңдер. Қайдан, не шайтан қуып келген адам­сың­дар, – деп, қария «тергеуін» бастады.

Жөн сұрасады. Үлкені – Әден, інісі – Бәден, ал үшіншісі Әденнің баласы – Қарқын деген екен. Руы – найман – жарболды. Десе де бұлар қоян бұлтаққа салып, «адасып кетіппіз», «байқамай шекарадан бері өтіп кетіппіз», «жоқ іздеп жүр едік» дегендей құйдай өтіріктеріне қария қатты қаһарланады.

– Ау, исі мұсылман емессің бе, өзің бірге туған Жарболды екенсің, неге сөздің расын айтпай, рабайсыз қылық танытып отырсыңдар? Мен сендердің нені өтірік көкіп отырғандарыңды жақсы білем! Мына белді ассаң, иек астында әскери пост тұр. Ұстатып жіберсем... – дей бергені сол екен, олар жалбарынып қоя берді.

– Исі бір қазақпыз, шыбын жанымызды қиыңыз. Егер олай істесеңіз, олар бізді Қытайға тапсырады. Ал Қытайдың заңында адамшылық, аяушылық деген жоқ, екі сөздің біріне келмей атады да тастайды, – дейді мосқалы кемсеңдеп. Алайда Асқар қарияның жүзінен биттей аяушылық байқалмайды. Тек кемпірі ғана шалына бір, жалбарынып отыр­ған­дарға бір жаутаңдап қарап қойғаны болмаса. Жас тоқтының еті бір бұрқ етіп, дастарқанға келеді.

– Ал әуелі ас ішіп, әлденіп алайық. «Аш адамнан ақыл сұрама» деген, сон­дан соң пешенелеріңе жазғанын көре­сіңдер, – дейді қария.

Ет жеп, сорпа ішіп болған соң Асқар қария көп ойланып отырған жоқ:

– Жігіттер, сендер күні бойы біздің жерден мия тамырын қаздыңдар, асыл-жаһұт тас тердіңдер, бәрін көріп-біліп отырмын. Өтірігіңді айтсаң да, өлердегі сөзіңді айттың, жетті. Қаны бір қазақсың ғой.   Бір жолға кешу болсын. Қазір мен сендерді, шекара тұсына жеткізіп тас­тайын. Бұдан кейін көзіме түссеңдер, айтпады демеңдер!

Тұтқындар бұл сөздің шыны қайсы, өтірігі қайсы сенбей, бір-біріне үрпиіп-үдірие қараған. Тек жетер жерге жеткенде ғана шалдың аяғына жығылып, үшеуі бар білген алғысын жаудыра берген.

– Мен сендерді, сендер мені көрме­дің­дер, ағайын. Ал қош аман болыңдар! – деп, қария қара түнге сіңеді.

Бұл – Асқар қарияның қызметінде бір рет істеген «қылмысы» екен.

 

Жеті дүнген

Масатыдай құлпырған Марқакөл маңындағы «жеті дүнген оқиғасы» көпке дейін аңыз болып айтылып жүріпті. «Тауы да алтын Алтайдың, тасы да ал­тын, ескен желі Сауырдың қоңыр сал­қын» деген сөз бекер айтылмаған-ды. Салқын әрі алтынды үйек. Кезінде атақты Әбілпейіз сұлтанның ұрпағы Әжі төре таудан ағатын бұлаққа қойдың жүнін тастап қояды екен де (таспен бас­тырып) күзде су тартылған кезде жүнді жинап алып, кептіріп арасынан ұсақ алтынды екшеп алыпты деген дерек бар, бұрынғылардан жеткен. Мұны бір кезде белгілі жазушы Таласбек Әсемқұлов та тәптіштеп тұрып жазып еді.

Ертеректе сол маңда Алтын науа деген жерден жеті дүнген алтын сүзіп жат­қан жерінен қолға түсіпті. Бұларды қолға түсірген сол маңдағы шекарашылар екен. Екі сержант, алты шерік. Олардың ішінде тек екеуі ғана қазақ (қатардағы әскер) көрінеді, қалғаны орыс-орман әртүрлі. Сонымен бұлар жеті дүнгеннің алтауын көгендеп байлап тастайды. Тек біреуі 8-9 жас шамасындағы маңқасы аққан бала екен, оны «не қылар дейсің» деп қол-аяғын бос қойыпты. Бір емес жеті шекара бұзушыны қолға түсірген әскерилер есі шығып қуанады. Екі сержант қанжығасындағы шишаларын шығарып, бұл жеңісін тойлауды бастап кетеді. Екі әскерді постқа жібереді, зас­та­вадан арнаулы мамандар мен бастық­тарға жедел хабарлама беріп, оқиға орнына келтіру үшін.

Ал бұлардың бүкіл әрекетін сыртынан бақылап жүрген Асқар қария жақынырақ келіп, тың тыңдапты. Екі сержант, екі әскерге бір, тұтқындарға бір ән салғызып отырған көрінеді. Сөйтіп, бұлар алма-кезек ән айтып, ырғын-жырғын болып жата береді. Асекең тұтқынның әнін біраз тыңдайды да дереу үйіне қайтып кетеді...

Түннің бір уағы болады. Алтай таулары жаз болса да салқын. «Ескен желі Сауырдың қоңыр салқын» деп айттық қой. Бәрі бір-біріне тығылып, бұйығып ұйқыға кетеді, тек екі әскер ғана кезекпен күзетте тұрады. Түн ауа күзеттегі әс­­кердің 5 минут көзі ілініп кетеді, ке­нет дүр еткен дауыс шығады, көзін ашса, қарауылдап тұрған тұтқындардың бірі де жоқ, мұндай желаяқ болар ма, айқалайлап жанындағыларды оятқанша олар тоғайға кіріп, ізім-қайым жоқ болып кетеді. Сөйтіп, алты әскери тұт­қын­дардың жұртын сипап қалады. Артынан қуғанымен ұстау қиын, одан әрі жүрсе, Қытай шекарасы тұр, басқа емес әскерилер қаруымен бөтен елдің шекарасына баса көктеп кіре алмайды, онда тіпті іс насырға шабуы мүмкін. Сөйтіп, аңырып тұрғанда шығыстың таңы атып, орталықтан шақыртқан бір топ адам жетеді. Тұтқын түгіл түгі жоқ, сопа бастары салбырап бұлар тұр... Орден, медаль алып, шен-шекпеніміз өседі деп тұрғанда ұйқы дұшпан орға жықты. Бұлар өстіп тұра берсін, ендігі сөзді Асқар ақсақалдан тыңдаңыздар.

Бір-екі ән тыңдап, дереу үйіне қайтып кеткен қария қасына барымта-сырымтаның талайын көрген, екі жырынды жігітті ертіп, бір жықпылға ертерек жетіп, қару-жарағын сайлап, жата береді. Таң сыз бере жеті дүнген дәл сол жерге үздік-создық жетіп, ентігін басып тұрғанда үшеуі үш жағынан қару кезеніп шыға келеді. Қашқындар аң-таң болып, тұрып қалады. Дереу қол-аяғын қайыс арқанмен байлап, постқа алып жүреді. Келсе, әскери посттың маңы у-шу, орталықтан келген оқалы киім киген шенділер жазалайтынын жазалап, шенін алатынын шенін алыпты. Екі сержант істі болып, олар кеткен. Ал жеті дүнгенді алдына салып айдап әкелген Асқар қарияны орталықтан келген оқалы генерал арқасынан қағып, бірден жанына ерген екі серігімен қоса марапаттап, жарқыратып кеудесіне орден тағады. Бір әредік генерал қарияны жеке қабылдап, бір қауым уақыт сөйлесіпті. Ол жерде не айтылғанын ешкім білмейді... Тек қария тұтқындарды қалай ұстап алғанын ғана сұрағандарға былай баяндап беріпті.

Жеті дүнгеннің ішіндегі үлкен біреуі ән айтып отырғанда, олардың түн­де қашатынын ұғады. Өйткені қария жас кезінде арнаулы оқу-жаттығудан өткен, қытайшадан аз-кем хабары бар бо­лып шығады. Тұтқындардың үлкені жанындағыларға қытайша ән айтқан болып, кеңес беріп, жоспар құрады. Жанындағы балаға айтыпты: «Сен жа­ның­дағы адамның қолын шешесің, ол жанындағының қолын шешіп жат­қан­да сен оның аяғындағы жіпті шешесің, сөйтіп жалғастыра бересіңдер, қара­уыл­да­ғы шерік сәл көз ілген кезде мен белгі беремін, сол сәтте тоғайға қарай бытырап-тарап қашамыз, сол күйі Қытай шекарасына қарай баруға болмайды, тоғайдан өткен соң солға жүрсеңдер қаға беріс тұмсықта үлкен жартас бар, соның түбіне жиналамыз, одан әрі жоспар құрып, елге қашамыз» дейді. Қария олардың осы «кілтін» тауып қойған.

Бұл – Асқар қарияның басынан өткен көп шытырман оқиғасының бірі ғана...

* * *

1995 жылы, күндердің бірінде қария аудан орталығына барса, бір жас жігіт жүгіріп келіп сәлем береді:

– Ақсақал, мені таныдыңыз ба, – депті тісі ақсия күліп.

Қария қапелімде жыға тани қоймаса да шырамытады бір көрген бала.

– Осыдан біраз жыл бұрын, үйле­ріңіз­де құдайы қонақ болып, бір тоқты жеп кетіп едік. Жарболды Әденнің баласымын, – дейді.

Ақсақал шыт жаңа амандасып, Әден мен Бәденнің аман-саулығын сұрап:

– Айтпақшы сен мұнда қайдан жүр­сің? – дейді.

Сөйтсе Қарқының Қытайдан елге көшіп келіп жатқан беті екен. Әкесі Әден қайтыс болыпты, ал Бәденді қытай­лар түрмеге қамаған көрінеді. Содан Қарқынды Асқар ақсақал ауылына шақырып, ерулігін беріп, еншісіне бір ұрғашы тайыншасын атап, қамқорлығын аямапты, тіпті бір отауындай болып кетіпті. Мен бұл оқиғаны Қарқын ағаның өз аузынан естідім, қазір елуді еңсеріп қалған ел ағасы болып отыр екен. Ал Асқар қария бертінге дейін өмір сүріпті, 94 жас жасап, шөбере-шөпшегінің алқа­уында өмірден озыпты. Өлеріндегі жалғыз өсиеті: «Сүйегімді Дүрбітөбеге жерлеңдер, өлсем де елімнің шетін күзетіп жатайын» депті. Дүрбітөбенің басындағы жалғыз бейіт сол қарияның мәңгілік дамыл тапқан жері екен, оған да аялдап бет сипаудың реті келді.

Осылайда үн-түнсіз жүріп, ел шетін қорғаған, жақынына жанашыр, жауына қатал Асқар ақсақалдың туған неме­ресі Айбат Асқаров та бүгінде ата жолын жалғап ҰҚК шекара қызметінде абыройлы қызмет атқарып жүр.