Өндіріс • 18 Тамыз, 2023

Натрий цианидін өндіретін тұңғыш зауыт

376 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша натрий цианидін өндіретін алғашқы әрі жалғыз зауыт «Talas Investment Company» ЖШС шетелден тасымалданған шикізатқа деген тәуелділікті түбі­рі­мен жойды. Алтын өндірісіне айрықша қажет бағалы металды басқа қоспалардан ажырату үшін қолданылатын реагент Әулиеата жерінде өндіріле бастағанына да он жылға жуықтады.

Натрий цианидін өндіретін тұңғыш зауыт

«Talas Investment Company» ЖШС десе, алтын өндіру өнер­кәсібі, сондай-ақ басқа да біршама өн­дірісте пайдаланылатын, им­порт­тық тауар саналатын химия өнеркәсібінің өңірдегі алғашқы кәсіп­орны ойға оралатыны рас. Серік­тестік ашылғалы өңір экономи­касына айтарлықтай табыс түсі­ріп отыр. 2014 жылы іске қо­сылған зауыттың жұмысы әуел­ден-ақ жолға қойылғаны мәлім. Қанатын кеңге жайған кәсіпорын бүгінде үзіліссіз, қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Деректерге сенсек, ал­ғаш­қы жартыжылдықта зауыт қыз­мет­керлерінің еселі еңбегінің арқа­сында 5 688 тонна натрий цианиді және 2 375 тонна аммоний сульфаты өндіріліпті. Жауап­ты мамандар өнім көлемін жыл соңына дейін еселеп арттыруға ниеттеніп отыр.

Зауыт басшыларының ай­туын­ша, кәсіпорынның жылдық қуаты 15 мың тонна натрий циа­ни­дін өндіруге қауқарлы екен. Қазіргі таңда өндіріс оша­ғында 557 азамат тұрақты жұ­мыспен қамтылған. Алдағы уақытта қыз­меткерлердің саны тағы да арта түспек. Өйткені мұнда қол­ға алынатын жұмыс ауқымы ұлғаймақ.

«Өңір экономикасының өркен­деуі мен жергілікті жерде­гі халық­тың әл-ауқатының көте­ріл­уі өн­діріс орындары санының артуымен тіке­лей байланысты. Жаңа зауыт ашылса, жұмыссыз жүрген азаматтар үшін екі қол­ға бір күрек табылады. Сол тұрғыдан алып қарағанда «Talas Investment Company» ЖШС зауытының екінші кезеңі ірі жоба екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қазіргі кезде облысқа ірі инвестициялар тартуға баса назар аударып отырмыз. Өңір басшысы Нұржан Нұр­жігітовтің ықпалымен биыл Жамбыл өңіріне 572 млрд теңгеден аса инвестиция тартылады деген жос­­парымыз бар», дейді облыс әкі­мінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

Ірі зауыттың екінші кезеңінің уақыт капсуласын салу салтанатты рәсіміне қатысқан мәртебелі меймандар алып жоба жүзеге асқан кезде өндіріс қуаты екі есеге дейін артатынын растап отыр. Тиісінше жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтіледі. Бұл – әрине, жергілікті халық үшін жағымды жаңалық. Қысқасы, Талас ауданында тағы бір ірі өндіріс ошағының құрылысы басталды.

«Зауыт өндіретін өнімге деген сұраныс жыл өткен сайын арта түскенін аңғарып отырмыз. Сол себепті ірі кәсіпорынның екінші кезеңінің құрылысы басталды. Жалпы, бұған дейін серіктестік жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндіруге қауқарлы болса, екінші кезеңнің құрылысы аяқталғаннан кейін жұмыс ауқымы екі есеге артады. Нақтырақ айтар болсақ, өндірілетін өнім 30 мың тоннаға жетеді», дейді Талас аудандық кәсіпкерлік және өнер­кәсіп бө­лімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Уақытында үдемелі ин­дус­­трия­­лық-инновациялық да­му бағдарламасы аясында бой көтер­ген зауытта әуелде 400-ден аса адам еңбек етсе, қа­зір­гі таңда жұмысшылардың саны 557 адамға же­тіп отыр. Осы көрсеткішке қарап-ақ ірі өндіріс ошағының жұ­мы­сы жүйеленгенін байқау қиын емес.

Еліміздің химия өнер­кә­сібінде натрий цианидін өнді­ре­тін тұңғыш зауыт ретінде тіркелген «Talas Investment Company» ЖШС-ның өндіріс орнын қытайлық мамандар құрастырған еді. Деректерге сенсек, өндіріс ошағы қалдықсыз техно­логияға негізделген. Ма­ман­дар­дың айтуын­­ша, кәсіп­орын­ға қажетті шикізат ретінде газ бен кен қоспалары пайдала­нылады. Нә­тижесінде, түйір­шік­тел­ген құр­­ғақ натрий цианиді шығары­ла­ды. Жоғары температурада ажы­ратылған аммоний сульфатын тыңайтқыш ре­тінде пайдалануға бо­лады екен. Өндіріс ошағының өңір экологиясына ешқандай зия­ны жоқ.

Кәсіпорын басшылары өнді­рілген өнімді экспортқа шығару­ды жолға қойған. Қазіргі таңда зауыт өнімінің 30-40
пайызы Ресей Федерациясына сондай-ақ Моң­ғолия, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан елдеріне жөнел­тіліп жатыр.

Зауыттың екінші кезеңінің құры­лыс жұмысын жүзеге асыру үшін қажетті инвестиция 25,8 млрд теңгені құраған. Кәсіпорын жұмысын бастаған кезде қосым­ша 300 азамат жұмыспен қам­тыл­мақ. Жауапты азаматтар жұ­мыс­шыларды таңдау кезінде жер­гілікті тұрғындарға басымдық берілетінін алға тартып отыр. Кәсіпорынның екінші кезеңі 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы