Университет • 22 Тамыз, 2023

Аграрлық университеттің жаңа кезеңі

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің құрамына алты ірі ғылыми-зерттеу институты мен екі тәжірибелік шаруашылық берілді.

Аграрлық университеттің жаңа кезеңі

Олар – Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өз тәжірибелік шаруашылығымен бірге, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты, Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерт­теу институты, Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақ­тар­ды дамыту ғылыми-зерттеу институты және «Меркі» ЖШС-ның тәжірибелік шаруашылығы.

Осылайша, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сәйкес Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­вер­ситеті қазіргі заманғы функцио­нал­­дық ин­тег­ра­ция­ланған жүйе саналатын сапалы зерттеу университетінің жаңа дең­ге­йіне көтерілді. Яғни ғылым – білім – өндіріс (зертхана – аудитория – тәжірибелік шаруашылық) бағытында жұмыс істе­мек. Университеттердің дәл осындай клас­сикалық моделі ғылым мен білімді дамы­ту­дың ұлттық стратегиясының негізгі басым­ды­ғы бола алады.

Біріншіден, студенттер заманауи жоғары білім алып, ғылыми тәжірибеге ие болады. Болашақта білікті, бәсекеге қабілетті кадр атана отырып, агроөнеркәсіп саласының интеллектуалды элитасын құрайды. Екінші­ден, ғылымға жас таланттардың келуі кү­ше­йіп, қазіргі нарықта қажетті ғылыми зерт­теулердің тиімділігі мен сұранысы артады. Үшіншіден, интеграциялық үдеріс­терді күшейту мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің барлық әлеуеті – ғылыми зерттеу орталықтары, заманауи зертханалары, жас ғалымдарға арналған жатақханалар болашақта практи­калық дағдылары қалыптасқан жоғары оқу орнының еншілес ұйымдарымен бірлесіп пайдаланылады.

Бұл ретте, ғылыми-зерттеу институттары мен университет ғалымдарының бір­лескен ғылыми әзірлемелерінің нәти­желері өндіріске енгізіліп қана қоймай, жаңа білім беру бағдарламаларының пай­да болуына ықпал етеді. Өз кезегінде бұл ғылыми кадр­ларды даярлау сапасын арт­тыру­ға мүмкіндік береді. Ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік өн­дірістік шаруашылықтар бұдан былай «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орта­лы­ғын» ұстауға дивидендтер төлемейді. Бұл қомақты қаражат өз ұжымдарының дамуы­на қалдырылады.