Медицина • 22 Тамыз, 2023

АИТВ инфекциясын жедел анықтайтын тест

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Статистика көрсеткендей, АИТВ жұқтырғандардың 30%-ы бұл аурумен ­ауыратынын білмей жүре береді. Мұндай жағдайда аурудың қозып, ЖИТС-ке айналу қаупі жоғары. Сондай-ақ дертінен бейхабар адамдар басқаларға да қауіп төндіреді. Бұл қатердің алдын алатын амал – АИТВ инфекциясын анықтайтын экспресс әдіс.

АИТВ инфекциясын жедел анықтайтын тест

Адамның иммун тапшылы­ғы вирусын анықтауға арнал­ған экспресс-тесттердің дамуы төрт сатыдан өтті. Алғашқы сатысын­да реагенттер се­зім­талдығы төмен болды және тек 1-ви­русқа анти­денелерді анықтай алды. Бұл ретте қандағы антиденелерді анық­тау инфекция жұқтырғаннан 63 күннен кейін мүмкін болды. Екін­ші сатысын­да химиялық зат­тар аса сезімтал болды, бірақ АИТВ-1 және АИТВ-2 ан­ти­­денелері 42 күннен кейін анық­талды. Үшінші сатысында әртүрлі иммуноглобулиндерді (G және M клас­тары) және ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік туды. Ал төртін­ші сатысында тест жүйелері одан са­йын жетілдіріліп, антиденелерді де, антигендерді де анықтай алатын болды. Бұл сынақтардың сезімталдығы кем дегенде 98%-ды құрайды, яғни АИТВ инфекциясын жұқтырған алғашқы күн­дерден-ақ анықтауға болады.

Зертханалар мен клиникаларда қол­данылатын ең кең тараған, АИТВ инфекциясын жоғары дәл­дікпен жылдам анықтайтын тест «Onsite HIV ag/ab4» деп аталады. Бұл тесттің нәтижелері былай шығуы мүмкін:

– Сынақ жолағында қызыл сызық (C белгіленген) болмаса немесе бұл өте әлсіз болса, онда «Ag» немесе «Ab» деп белгіленген жолақтарға қарамастан, тандау нәтижесі «Анықталмаған» болып шығады. Мұндайда тестті қайта тапсыру керек;

– Сынақ жолағында ашық және анық көрінетін қызыл жолақ көр­се­тіл­се және «Ag» немесе «Ab» деп бел­гі­ленген жолақтар болмаса, нәтиже – «Теріс» болып шыққаны. Яғни АИТВ-инфекциясының белгілері жоқ;

– Егер сынақ жолағында ашық және анық көрінетін қызыл сы­зықты (С белгісі) көрсетсе және қызыл немесе сұр-қызыл «Ag» немесе «Ab» деген бел­гіленген жо­лақтардың кез келгенінде кө­рінсе, онда сынақ нәтижесі «Оң» дегенді біл­діреді.

АИТВ диагнозын қою үшін тек жедел тест нәтижелерін пайдалану мүмкін емес. Бұл үшін АИТВ-инфекция орталығында тест тапсыру арқылы қосымша тексерулер қажет. Осы тал­дау­­дың нәтижесінде дерт анық­тал­ған жағдайда дәрігер анти­­­рет­ровирустық терапияны таға­йын­дайды, иммунитет тапшы­лығының дәре­жесін бағалайды және науқастың дина­микалық мониторингін жүргізеді.

Жалпы, дәрігердің ұсыныс­тарын қаперге алып, AРВ препараттарын қа­былдау режімін ұстанған жөн. Бұл – АИТВ-инфек­циясы бар ағзаның күйін бақы­лаудың және вирустың жы­ныс­тық серіктеске берілуін бол­дырмаудың жалғыз жолы.

 

Майра МОШКАЛОВА,

АИТВ инфекциясының

алдын алу орталығы

сенім пунктінің медбикесі