Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазіргі таңда ислам ғылымы әр бағытта зерттеліп, оған білікті ғалымдарымыздан бастап елшіл азаматтарға дейін үлес қосып келеді. Солардың бірі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Нарбай Тағайұлы. Жақында ғалымның «Исламдағы рухани жаңғыру», «Тақуалыққа бастар жол», «Құрандағы қиямет пен қиялдағы қиямет», «Біз тақуалық мектебіндеміз, бірақ жақсы оқушы емеспіз», «Өмір өнегесі немесе сіз іздеген кітап» сынды бес кітаптан тұратын жинағы көзіқарақты оқырманға жол тартты. Автор кітапта ислам дінін ел әдебиеті мұралары мен ұлттық таным арқылы түсіндіріп, мағынасын ашуға ұмтылады. Ұлтымыздың рухани саулығы үшін діни білім нәрі бағалы құндылық екенін баян етеді.
– Менің мақсатым – жалғанда жаңылыс баспай, туралықпен жасағысы келетіндерге кеңес беріп, демеу. Біздікі аят-хадисті құрметтегендердің, ұлттық салт-дәстүрді сыйлағандардың өнегелі өмірін насихаттау, пенделердің өмірдегі кемшіліктерінен пікір түю. Адамдарға қайыр жасау – елге қайыр жасау. Бұл ұлтымыздың кемін толтыру, азын көбейту, күшін арттыру, жаманын жақсарту. Бізге ең қажеті – тілдегі емес, жүректегі шынайы имандылық, – дейді автор.
Хамса-жинақтағы дін мен ұлттық ем-дом, дін мен бейнелеу өнері, сондай-ақ атадан балаға жеткен мақал-мәтелдеріміздің имандылық негіздері байыпты түсіндіріледі. Байырғы Бұқара аймағын жайлаған қазақтардың этнографиясы мен таным-түсінігінен мағлұмат беретін едәуір тарихи-тұрмыстық материалдар да көрініс тапқан.