Теннис • 28 Тамыз, 2023

«Үлкен дулығада» бақ сынайды

73 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен еліміздің ерлер арасында­ғы екінші, әлемнің 128-ракеткасы Тимофей Скатов өз карьерасында алғаш рет «Үлкен дулыға» санатында­ғы АҚШ ашық біріншілігінің негізгі кезеңіне жолдама алды.

«Үлкен дулығада» бақ сынайды

 

US Open турнирінің іріктеу сайыстарында бақ сынаған 22 жастағы отандасымыз алғашқы бәсекесінде жапониялық Каити Утиданы екі сетте 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірсе, екінші матчта италиялық Рауль Бранкаччионы жарыс жолынан ығыстырды – 6:4, 6:3. Ал негізгі кезеңге жолдама беретін кездесуде АТР 250 Astana Open 2021 турнирінің финалисі аустралиялық Джеймс Даквортпен шеберлік байқасып, 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Скатов өз спорттық жолында алғаш рет АҚШ ашық чемпионатында ойнайтын болды. Оның қарсыласы кейін анықталады. Өкінішке қарай, іріктеу сайыстарында өнер көрсеткен тағы бір отандасымыз Михаил Кукушкин екінші кездесуінде франциялық Энцо Кокодан жеңіліп қалды – 6:7, 2:6.

Ал бүгін Нью-Йоркте жалауы желбірейтін АҚШ ашық чемпионатының алғашқы айналымында еліміздің қос бірінші ракеткалары – Елена Рыбакина мен Александр Бублик алғашқы ойындарын өткізеді. Елена әлемдік рейтингте 37-орында тұрған украиналық Марта Костюкпен кездессе, Бублик бірінші айналымда US Open 2020 турнирінің жеңімпазы Доминик Тиммен ойнайды.