Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы алдындағы маңызды турнирде Андрей Скабелка шәкірттері соңғы ойында Нижнекамскінің «Нефтехимик» клубымен шеберлік байқасып, қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Елордалық клуб сапынан ойындағы үш шайбаны да биылғы маусымда «Барысқа» қайта оралған шабуылшы Роман Старченко соғып, хет-трик авторы атанды.
Осылайша, жерлестеріміз Омбыдағы турнирдің барлық матчында қарсыластарынан басым түсіп, «Блинов кубогінің» бас жүлдесін иеленді. Айта кетейік, «Барыс» ҚХЛ-дің 2023/2024 жылғы маусымындағы алғашқы ойынын 2 қыркүйек күні өз айдынында Өфенің «Салават Юлаев» командасымен өткізеді.