Соның бір дәлелі – Атырау облысы Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан, уақыт тұрғысынан б.з.д. ІІ – І ғасыр аралығына жататын Аралтөбе қорғандары. Бұл нысан 12 бөліктен тұрады.
Осылардың ішінен таңдап алынған үш қорғанға 1999 жылы археолог Зейнолла Самашев қазба жұмыстары жүргізіп, бірінші қорғаннан – адам сүйектерін, қанжардың сынығын, жүзден астам оғы бар қорамсақ, екінші қорғаннан – садақ жебелерін, қыш құмыралар, моншақтар және б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. жатқызылған темір қылыш тапты.
Ал жартылай тоналған үшінші қорғаннан – Алтын адамның мүрдесі қазып алыныпты. Аралтөбеден табылған Алтын адамның сауыт-сайманын безендіріп тұрған алтын жапсырмалар мен асатаяғы және құрбандыққа шалынған екі жылқы мен бүркіттің сүйек қалдықтары зерттеушілер назарын аударады.
45-55 жас шамасындағы көсемнің киімі – алтын заттармен безендірілуімен қатар, шашын түйген байламшасы, қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесі де алтынмен апталған. «Бұндай қымбат артефактілер – адамның тайпа көсемі екендігіне дәлел», дейді мамандар.
Сөйтіп, ғылыми ортада «Сармат көсемі» деген атқа ие құнды жәдігердің ғылыми жаңғыртпасы (З.Самашев, Қ.Алтынбеков) жасалды. Бұл істі атқарғанда, сарматтар мен Ерте Темір дәуіріндегі басқа да тайпалардың жерлеу орнынан алынған материалдарға сүйене отырып, көсемге әуелі сәнді көйлек жабылып, оның сыртынан алтын әшекейлі қысқа күртеше мен бұтына тар шалбар кигізіліпті.
Одан кейін беліне алтынды белдік тағылып, оның доғалығына қошқар мүсіні жапсырылады. Ал аяғына қысқа қонышты былғары етік сай келсе, көсемнің алдына қазбадан табылған темір қылыш көлденең тартылып, сол жақ бүйіріне қорамсағымен қоса садақ асындырылып, оң қолына алтын пластиналы ұзын асатаяқ ұстатылған екен.