Қазақстан • 28 Тамыз, 2023

Конституциялық сот – құқық қорғаудың әрі тетігі, әрі кепілі

807 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Конституциялық сот – ел азаматтарының конституциялық құқықтарының қорғалуының кепілі әрі Ата заңымыздың ережелерінің мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын орган. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елімізде жұмыс істеген бұл демократиялық құрылым 1995 жылы қабылданған Конституцияда Конституциялық кеңеске айналды, ал сот пен кеңестің құзіреті жер мен көктей еді.

Конституциялық сот –  құқық қорғаудың әрі тетігі, әрі кепілі

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елімізде 2022 жылы қолға алын­ған конституциялық рефор­ма­ның нәтижесінде Консти­ту­ция­лық соттың қайта қалпына келтірілуі ең бір қажетті бастама бол­ғаны анық. Бұл – әділетті Қа­зақ­­станды құру кезеңін­де құ­қық­тық мемлекетті қалып­тас­ты­ру жо­­лын­дағы нық қадам.

Конститу­ция­лық сот жекелеген істерді қара­май­ды. Ол жалпы заңнаманың Ата за­ңы­мызға сәйкестігін қада­ға­­лай­ды. Өйткені белгілі бір нор­ма­тивтік-құқықтық құжаттың кей ережелері еліміздің Негізгі заңына қайшы келіп қалуы мүм­кін. Тіпті осы құжатты негіз­ге алып, отандастарымыздың тағ­ды­рын шешкен сот шешімдері де шығып кеткен болуы ықтимал. Осы кезеңде құқығы шектелген тұлға Конституциялық сотқа жү­гіну арқылы алдымен әлгі тағ­дыр­шешті баптың күшін до­ға­рып, содан соң ол бапқа сүйенген шешімнің күшін жоя алады. «Конституциялық сот азамат­тар­дың Конституцияда бекітіл­ген құқықтары мен бостан­дықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Рес­публикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Респуб­ли­ка Конституциясына сәй­кес­тігін олардың өтініш­тері бо­­йынша қарайды» (Консти­ту­­цияның 72-бабының 3-тар­ма­ғы). Сонымен қатар «Қа­зақ­стан Республикасының Конс­­ти­туциялық соты туралы» 2022 жылы 5 қарашадағы Конс­титуциялық заңның 45-бабы­ның 4-тармағына сәйкес: «Егер аза­маттың сотқа алдын ала жү­гінуі заңның тиісті ереже­ле­рінің императивтілігіне байланысты нақты жағдайда оның Қа­зақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын заңды өзгеше қолдануға алып келмесе, аза­мат­тың жүгінуіне жол беріледі», делінген.

Осы бапқа сүйене отырып, біз, яғни осы мақала авторлары, ақпан айында Конституциялық сотқа жүгіндік. Ондағы мәселе Қылмыстық кодекстің 161, 179, 180, 256-баптарының Конс­ти­ту­цияға сәйкестігіне күмән­да­на­тын­дай негіз болды.

Бізге жауап берген Конститу­циялық сот аппараты «Норма­тивтік-құқықтық актілер мәтін­дерінің сәйкестігін тексеру Конституциялық соттың құзы­ре­тіне жатпайды», деген уәжбен бұл мәселені жылы жауып қойды. Бұл жауап жоғарыдағы кү­мәнді сейілтпеді. Бірақ бізді толғандырған бұл жауап қана емес, мәселенің бұлайша өрбуі­не алып келген түйткілді үш мәселе бар еді. Шешілуге тиісті мәселелердің болуы да заңды. Бұл мәселелер Конституция мен Конституциялық сот тура­лы конституциялық заңның ақ­таң­дақтарын, жете реттелмеген, толықтыруды қажет ететін тұс­тарының бар екенін, сонымен қатар Конституциялық сот жұ­­мысын ұйымдастыруда кей кемшіліктің бар екенін аң­ғар­тады. Әрекет бар жерде қай­шы­лық­тың болуы, қайшылық бар жерде шешімнің сұрануы заңды.

Үш мәселеге жеке-жеке тоқ­та­лып өтсек.

Біріншіден, «Конс­титу­ция­лық сот қай биліктің тармағы?» деген сұ­рақ туындайды. Заманауи мем­лекеттің моделінде билік – заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп бір-бірінен тә­уел­­сіз, бірін-бірі тепе-теңдікте ұс­тай­тын үш тармаққа бөлінеді. Аты «Конституциялық сот» бол­­ған соң да, он бір судьядан тұ­­ра­тын орган болған соң да сот би­лі­гіне жатады деген қисынды ой келеді.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» заңның 1-бабы «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Консти­ту­ция­лық Соты Қазақстан Рес­пуб­ликасының бүкіл аумағында Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касы Конс­ти­ту­ция­сы­ның үстемдігін қам­тамасыз етеді», деп қана шек­те­леді. Оның сот жүйесіне енетін­дігі немесе енбейтіндігі, не болмаса басқа биліктің тармағы екен­дігі яки мүлде бөлек үш тар­мақ­қа енбейтін орган екен­дігі туралы мәселе ашық қалдырылған.

Ал 1991 жылы 16 желтоқ­сан­да қабылданған «Қазақ­стан Республикасының мемлекет­тік тәуелсіздігі туралы» Заң­да Кон­ституциялық сот Кон­с­ти­ту­ция­ны сот арқылы қорғайтын жо­ғары орган ретінде бекі­тіл­ген еді. 1993 жылғы Кон­сти­ту­ция да, 1992 жылғы «Қа­зақ­стан Республикасының Кон­­ституциялық соты туралы» Заң да оны жұмбақтамай сот би­лігіне жататынын анық жаз­­ған болатын. Сол сияқты 1992 жылдың 5 маусымында қа­был­данып, 1995 жылдың 19 қа­занында күшін жойған «Қа­зақстан Республикасының Кон­ституциялық соты туралы» За­ңы­ның 1-бабына сәйкес «Кон­сти­­туциялық сот – Консти­ту­ция­ны қорғау бойынша сот билігінің жоғарғы органы».

Конституциялық соттың құ­қық­тық мәртебесі нақты айқын­далмай кеткенмен, оның сот еке­ні күмән тудырмайды. Бұдан екін­ші мәселе туындайды. Сот­қа жүгінген азаматтың сотқа жүгінуінің заңдылығын немесе заңсыздығын соттың өзі шешу керек, яғни соттың судьясы мемлекет атынан, өз қаулысымен (ұй­ғарымымен) істің барысына жауап беру керек. Ал үшінші бір тұлғаның бұл іске араласуына жол жоқ.

Енді сұрақ: онда не үшін ел азаматтарының жолданымын Консти­туциялық соттың судья­сы емес, Конституциялық сот ап­параты қарайды? Сіз­дер­­дің жолданымдарыңыз «Кон­­­ституциялық соттың құзы­ре­ті­не жатпайды», деп қоры­тын­­­дылайды. Бұл орайда сізде «Конс­титуциялық сот аппара­ты Конституциялық соттың бір құ­­рылымдық бөлшегі емес пе?» деген сұрақтың туындауы заңды. Оны Конституциялық сот туралы конституциялық заң­­­ның өзінен қарайық. Заңның 18-бабы Конституциялық сот­тың аппаратына арналып, онда: «Конституциялық соттың аппараты – Конституциялық сот­тың қызметін құқықтық, ақ­парат­тық-анықтамалық, ғы­лы­ми-консультативтік және өзге де қамтамасыз етуді жүзеге асы­­ратын мемлекеттік орган. Конституциялық соттың аппа­раты мемлекеттік меке­ме­нің ұйымдық-құқықтық ны­са­нын­да­ғы заңды тұлға», делінген. Ал бұған не айтасыз? Конс­ти­ту­ция­лық соттың ішін­де­гі аппараты өзінше бөлек мемлекеттік орган және іргесі бөлек заңды тұлға екен. Құқықтық техника жағынан қарағанда бұл – өрес­кел қате. Отаудың ішінен отау тігіл­мейді. Біз сотқа жүгін­дік, ал бізге мүлде басқа бір мем­ле­кеттік орган (заңды тұлға) жауап берді. Бұл қаншалықты қисынды? Ең болмағанда онда Конституциялық соттың бір судьясының аты-жөні мен қо­лы және Конституциялық сот­тың мөрі тұрса, күмән тумас еді. Бізге берілген жауапта Конституциялық соттың аппарат басшысы З.Өтебаеваның аты-жөні көрсетілген. Одан бөлек, бұл тек үшінші тұлғаның араласуы ғана емес, түптеп келгенде азаматтардың сотқа жүгі­ну құқығының бұзылуы деп бағаласақ та болады. Өйткені «Әр­кімнің өз құқықтары мен бос­тан­дықтарының сот арқы­лы қор­ғалуына құқығы бар» (Кон­сти­­­туцияның 13-бабы 2-тар­мағы).

Осы жағдай «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Консти­ту­ция­лық соты туралы» Кон­с­ти­ту­циялық заңы­ның 18, 47-бап­та­рының Конституцияға сай еместігі туралы Конституция­лық сотқа жүгіну ықтималдығын арттырады.

Өзге сотқа жүгінген кезде атал­­ған мәселені Азаматтық про­­­­­цес­тік кодекстің қалай ше­ше­­­­­тінін қарастырайық. Аза­мат­тық процестік кодекстің 150-ба­бы­­ның 2-бөлігіне орай (Талап қоюды қабылдау) «Талап қою­ды бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдап, судья ...азаматтық іс қозғау туралы ұйға­рым шығарады», ал егер де қажетті талаптарға жауап бер­­­месе, «Судья талап қоюды қа­­­был­даудан бас тартады» (АПК 151-бабының 1-бөлігі). Егер де одан да бөлек талапты қай­­­та­ра­тындай жағдай болса, АПК 152-бабының 1-бөлігіне сүйеніп, «Судья талап қоюды қай­тарады».І

Істің қабылдауы мен одан бас тарту мәселесіне бөтен бір орган немесе тұлға мүлде араласпайды, барлық жағдайда мәселені сол соттың судьясы (немесе төра­ғасы) шешеді. Өйткені «Қа­зақ­стан Республикасында сот төре­лі­гін тек сот қана жүзеге асырады» (Конституцияның 75-ба­бы­ның 1-тармағы).

Енді бұл мәселе республика аумағында 1992-1995 жылдар ара­лығында жұмыс істеген Кон­сти­туциялық соттың тәжіри­бе­сінде қалай реттелгенін қа­рап көрелік. 1992 жылдың 5 мау­­сымында қабылданған «Қа­зақ­тан Республикасындағы Кон­сти­ту­циялық сот ісі туралы» Заңның 22-бабына сәйкес «Түскен жолданым … Конституциялық со­ты­ның судьясына жіберіледі. Жол­данымды тексере келе бес күндік мерзім ішінде судья өзі Конституциялық сот ісін қозғау туралы ұйғарым шығарады… немесе Конституциялық сот ісін қозғаудан бас тарту туралы ұйға­рым шығарып, материалдарды жүгінушіге қайтарады».

Мұнда да жолданымның тағ­дырын тек Конституциялық сот­­­­тың судьясы шешеді. Сон­дық­­­т­ан да құқықтық мемлекетті құ­ру жо­лындағы саяси батыл ше­шім­дер­ге бет түзеген болсақ, онда бетпе-бет келген мәсе­ле­лер­ге де тік қарап, өр­кениет­ті жолмен шешуіміз керек. Проб­ле­ма­дан жалтару, басқа арнаға бұру опа бермесі анық.

Енді үшінші түйткілге ке­ле­йік. Біз Қылмыстық кодекстің 161, 179, 180, 256-баптарының Конс­ти­туцияға сәйкестігіне, яғни оның 14-бабындағы «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі теңдігі» қағидасына сәйкестігіне күмән келтіріп, Конституциялық сотқа жүгіндік. Қылмыстық кодекстің ресми мәтіндеріндегі бірқатар ереже Конституцияда баяндалған, кепілдік берілген адам мен аза­маттың құқықтары мен бос­тан­дықтарына қайшы келеді. Атап айтқанда, Конституцияның 14-бабы: «1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. 2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», деп бекітеді.

Дегенмен Қылмыстық ко­декс­тің бір­қатар бабының ресми мә­тін­дері бұл қағиданы бұзып тұр. Кодекстің 161-бабының 1-бөлі­гінің диспозициясы «бас­қыншылық соғысты тұ­тан­дыруға насихат жүргiзу неме­се жария түрде шақыру» әрекеттерін қыл­мыс деп таниды. Бұл баптың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жария түрде шақыру әрекетінің жекеше түрдегі қалпын баяндайды, ал орыс тіліндегі нұс­қа­сы көпше түрдегі кейпіне жү­­гінеді («Пропаганда или пуб­лич­ные призывы к развязыванию агрессивной войны»). Яғни қылмыстық процесс мемлекеттік тілде жүргізіліп, ҚК мемлекеттік тілдегі нұсқасы басшылыққа алынса, кісінің жасаған бір ғана әрекеті оны қылмыстық жауап­ты­лыққа тарту үшін жетіп жатыр, ал егер қылмыстық процесс орыс тілінде жүргізіліп, ко­декстің орыс тіліндегі нұсқасы басшылыққа алынса, қылмыстық жауаптылық туындау үшін бір ғана әрекет емес, бірнеше, яғни екі және одан да көп әрекет болу керек.

ҚК 4-бабында (Қылмыстық жауап­тылықтың негiзi) бе­кі­тіл­ген қағидатқа орай «Қыл­мыстық заң­ды ұқсастығы бойынша қол­­дануға жол берілмейді», яғни заң­дағы жазылған әрекет дәл­ме-дәл болуы керек. Бұл да сая­си қуғын-сүргіннің ащы са­ба­ғы, кезіндегі боздақтарды әре­кеті қылмысқа ұқсайды деп соттаған болатын. Мемлекеттік тілдегі кодекс қылмыстық құқық бұзу­шылық құрамы болуы үшін бір ғана көрсетілген әрекет жет­­кілікті деп есептесе, орыс тілін­де­гі кодекс ол үшін дәл сол әре­­кетті бірнеше рет жасауды талап етеді. Бұл бап дәл осы кү­йінде адам мен азаматтың заң мен сот алдындағы теңдігін тілдік себептермен бұзып тұр, яғни Конституцияға қайшы ке­ліп тұр.

Дәл осы «жария түрде шақы­ру» әрекетінің екі мәтінде сәй­кес­пеушілігі көрсетілген ҚК 161-бабында ғана емес, одан өзге жо­ғарыда көрсетілген бірнеше бапта ұшырасады.

Конституциялық соттың ап­па­раты қабылдамау себебін былай деп уәждейді: «... мәтін­дер­дің сәйкестігі туралы сұрақ туындаған жағдайда, сіздер ғылыми-лингвистикалық сарап­та­ма жүргізу үшін құзі­рет­ті ор­­гандарға жүгінуге құқы­лы­сыз­дар. Норма­тивтік-құ­қық­тық актілер мәтін­де­рінің сәй­кестігін тексеру Конс­ти­ту­ция­лық соттың құзыре­тіне жатпайды».

Осы екі сөйлемге бөлек-бөлек жауап берейік. Иә, біз «мә­тін­дер­дің сәйкестігі туралы сұрақ туындаған жағдайда ғылыми-лингвистикалық сараптама жүр­гізу үшін құзіретті органдарға жүгінуге» құқылымыз. Сөздің көпше түрі мен жекеше тү­рін ажырату үшін сараптама жасатып, ол сараптаманың қоры­тын­дысын алдық делік, онда мә­тіндер бір-біріне сәйкес емес деген қорытынды бар делік. Ары қарай не істейміз? Жеке тұлғаның заң шығару баста­ма­шылығы құқығы жоқ, яғни жеке адам «мына заңның мына жерін өзгерту керек» дейтін құзыреті жоқ. Ондай құқық Пре­зи­дентке, Парламент депутатта­рына және Үкіметке ғана беріл­ген. Қарапайым пенденің өзгеше амалдармен шешу мүм­кін­дігі болмағанда және ол адам мен азаматтың конституцияда бекі­тілген құқықтарына қатысты болса, оны түзету үшін ұмтыла алатын жалғыз ғана механизм – Конституциялық сотқа жү­гіну. Мемлекет өзін құқықтық, демократиялық деп жариялаған соң осы тетікті іске қосып тұр. Дәл осы күйінде алғашқы сөйлем «дәрменсіздігіңді мойында да ары қарай жасай бер» деген сыңайлы.

Ал екінші сөйлемдегі уәжге біз жолданымның ішінде Кон­с­­титуциялық кеңестің қау­лы­сына сүйене отырып, жауап берген болатынбыз. Өйткені Конституциялық сот қайта оралып, Конституциялық кеңестің жұ­мысы тоқтағанмен оның нор­ма­тивтік қаулыларының бар­лығы өз күшінде қалды. Конс­титуциялық сотқа жүгіну бары­сын­да назарды тек мәтінге немесе мәтіндердің сәйкес­ті­гіне аударған жоқпыз. Ол біздің та­рапымыздан заң­дағы конс­ти­ту­циялық құқықтарды елемеу болар еді. Біз осы арқылы азамат­тардың құқықтары шек­теліп тұрғанына назар аудардық. Осыларды баян­­дай келе жолданымды былай жал­ға­ған болатынбыз: «Қазақстан Рес­публикасы Конституциялық Ке­­ңесiнiң 1997 жылы 8 ма­мыр­дағы №10/2 қаулысына түсiн­дiр­ме беру туралы» қосымша қау­лысының 1-тармағының 5-абзацына орай «Қазақ және орыс тiлдерiн пайдаланудағы теңдiк сондай-ақ нормативтiк-құқықтық актi­лердiң қазақ және орыс тiлде­рiн­дегi мәтiндерiнiң заңдық ма­ңы­зы тең екенiн де бiлдiредi. Сол сияқты Конституциялық Ке­­ңес­тiң 2007 жылы 14 ақпан­дағы №2 қаулысынан келiп шы­ғатыны, егер қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң сәй­кес­сiздiгi құқықтық норманың тұ­жырымдамалық мазмұнын бұр­ма­лап, оны бiржақты түсiнуге мүмкiншiлiк бермейтiн болса, онда Негiзгi заңның 7-бабының 2-тармағын негiзге ала отырып, мұндай норма белгiленген тәр­тiппен Конституцияға сәйкес емес деп танылуы мүмкiн». Біз осыны еске салдық.

Конституциялық кеңес қау­лы­сында «нормативтiк-құқық­тық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң заң­дық маңызы тең», деп тұрса Конституциялық сотқа жүгінуден басқа амал да, заңды тетік те жоқ. Егер де «қайшылық туған жағ­дай­да басымдық мемлекеттік тілге беріледі» деген ереже болса, онда ешқайда жүгініп те керек емес еді.

Конституциялық соттың қай­та қалпына келтірілуі әділетті Қазақстанның құқық саласына қан жүгірткені аян. Дегенмен дамудың заңдылығына сәйкес мәселелердің қордаланып ке­­ле жатқаны, оны дер кезінде шешу керек екені анық. Біздің мақсат – кінәрат іздеу емес, елде құқықтық мемлекеттің инс­титуттары қайта қалыптасу ке­зеңінде туындаған мәселені бірігіп шешу. Бұл – бәрімізге ортақ парыз.

 

Марат АХМАДИ,

Алмас ЖҰМАҒАЛИ,

«Maqsut Narikbayev University»-нің ассистент-профессорлары