Медицина • 29 Тамыз, 2023

Мекеме көп, маман тапшы

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Жетісай ауданында жеке инвестор есебінен заманауи медициналық орталық салынады. «Al-Razi Medikal» ЖШС 3 гектар жерге емхана мен көпбейінді реабилитациялық орталық салуды көздеп отыр. Жоба құны – 7 млрд теңге.

Мекеме көп, маман тапшы

Емханада 800 келушіге ар­налған диагностикалық ор­та­лық орналасады. Ал 96 төсектік орынға лайықталған көп­бейінді реабилитациялық орта­лықта физиотерапия, онкология, кардиология, инсульт орталығы, жарақат бөлімшелері ашылады. Жаңа 200 жұмыс орны ашылады, оның 50-і – бейінді дәрігерлер. Медициналық орталық екі жыл­дың ішінде салынады. Клиника заманауи үлгідегі медициналық жабдықтармен толық қамта­масыз етіледі. Сондай-ақ Мем­лекет басшысының тапсырмасымен Сарыағашта республикалық бюджет есебінен перинаталды орталығы бар көпсалалы медициналық кешен салынып жатыр. 10 гектар жерде бой көтеретін кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Ал Түркістан қаласында салынып жатқан 570 төсектік орынды көпбейінді аурухана құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілмек.

Сонымен қатар облыс орта­лығында облыстық балалар ауруханасының және «Ана мен бала» орталығының да ғи­ма­раттарын салу жоспарланып отыр. Өткен жылдың өзінде облыста «Дені сау ұлт – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде медициналық пунктер мен дәрі­герлік амбулаториялармен қамту мақсатында 29 ауылда 31 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілді. Оның 17-сінің құрылысы жоспарға сәйкес аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Шардара ауданында тәулігіне 150 адам қабылдауға қауқарлы, құра­мында жедел жәрдем стансасы бар, құрылысы аяқталған қалалық емхана қолданысқа берілді. «Ауыл – Ел бесігі» бағ­дар­ламасы аясында былтыр Түлкібас ауданы Састөбе кентіндегі 75 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылы­сы толық аяқталып пайдалануға тапсырылды. Тағы 4 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіледі. Былтыр 5 нысан күрделі жөндеуден өтсе, биыл тағы 2 нысанға жөндеу жүр­гі­зіледі. Облыста 2024 жылға қа­рай – Жетісай, Сарыағаш, Сай­рам және Ордабасы аудан­да­рында төрт жаңа көп­бейін­­ді ауданаралық аурухана құры­лады. Бұлар көрші аудан­дар­дың тұрғындарына да қыз­мет етеді. Жыл соңына дейін құ­ры­лысы аяқталып, пайдала­нуға берілетін Түркістан облыс­тық көпбейінді ауруханасы Созақ, Отырар және Сауран аудандарының тұрғындары үшін осы функцияларды орындайды. Ауданаралық ауруханаларды іске қосу Шымкент пен Түркістандағы медициналық мекемелердің жүктемелерін біршама азайтуға мүмкіндік береді. Яғни денсаулық саласына қолдау көрсетудің нә­тижесінде медициналық мекемелер қатары арта түскен. Әрине, бұл бағыттағы мемлекеттік сая­­­­сат­ты халық қолдап, жасал­ған қо­лайлы жағдайларға риза­шы­лығын білдіріп жатыр. Алай­да осы салынып жатқан, пай­далануға берілген мекемелерде, алынып жатқан заманауи құрал-жаб­дықтарды меңгерген сапалы қыз­мет атқаратын маман тапшы.

Түркістан облысында, әсіре­се бейінді мамандар арасында 258 маман, анестезиолог-реаниматолог, офтальмолог, лор, кардиохирург, травматолог, кардиолог, невропатолог, нефролог, онколог, патологоана­том, радиолог, неонатолог, же­дел жәрдем дәрігері секілді кадрлар жетіспейді. Оның бір­ден-бір себебін облыстық ден­саулық сақтау басқармасы резидентурада оқыту мерзімінің ұзақтығымен байланыстырады. Бұл орайда, яғни тапшылықты жою мақсатында биыл жергі­лікті бюджет есебінен бірінші рет 60 грант бөлінген.

 

Түркістан облысы