Заңнамаға түзету енгізілуі керек
Демек Парламент мәселемен айналысып жатыр, ал Үкімет «неге нақты қимылдамай отыр?» деген сұрақ туады. Әу баста «Қазақстанда жасалған» ұлттық жобасы ел тауарларын ішкі нарықта қорғау мен ілгерілету үшін ойластырылғанын еске сала берудің өзі артық. Аталған жобаның жұмысқа кіріскеніне бір жылдай уақыт өтсе де, құзырлы министрліктер әлі де өзекті мәселеден бейхабар ма деген ой тумақ. Өйткені қиын жағдайды тарқату жолдарын отандық аграршылар мен тамақ өндірушілердің өздері іздеуге мәжбүр.
Жоғарыда атап өткендей, елордада Қазақстанның ірі салалық одақтары мен тамақ өнімдерін өндірушілер қауымдастықтарының басшылары Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев және комитет мүшесі, «Amanat» партиясының аграрлық-өнеркәсіптік кешені жөніндегі кеңесінің басшысы Нұржан Әшімбетовпен кездескенін ел біліп отыр.
Салалық одақтар мен қауымдастықтардың басшылары жанайқайы құзырлы мекемелердің құлағына жететініне сеніп отыр. Өйткені ел аумағында отандық өндірушілер үшін қолайсыз ахуал қалыптасып қалғаны бесенеден белгілі. Ал ірі сауда желілерінде импорттық тауарларға жол ашық. Өз кезегінде Парламент өкілдері де қазір бөлшек саудада қалыптасқан жағдай қолайсыз екенін және заңнамалық шаралармен түзетілуге тиіс екенін айтудай айтып отыр.
Осы арада Астанада өткен кездесуден соң араға бір апта салып Павлодарда «Amanat» партиясының республикалық агроөнеркәсіптік кешен кеңесі мен ҚР азық-түлік секторының салалық одақтар альянсы бірлескен көшпелі отырысы болғанын да айта кеткен жөн. Өйткені осы басқосу барысында да ішкі нарықты қорғау үшін нақты заңнамалық шешу жолдары айтылған. Қатысушылар отандық супермаркеттерде импорттық төмен сортты (Павлодар облысындағы сауда сөрелеріндегі импорттық азық-түліктің үлесі 70%-ға дейін жетеді) өнімдердің толып жатқаны, ал сапалы отандық өнімдерге орын жетіспейтіні аталған. Еліміздің талай тұрғыны арзан, төмен сортты өнімдерді тұтынудың салдарынан денсаулығына зиян келтіріп отырғаны да рас. Көтерілген мәселелерге орай Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Парламентте «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» жаңа заңды әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылатынын, оған депутаттармен қатар салалық өндірістік қауымдастықтардың өкілдері кіретінін мәлімдеген.
«Отандық азық-түлік өндірісін ұлғайту және оны жергілікті сауда арқылы кедергісіз өткізуге жағдай жасайтын кез келді. Бұл үшін бірқатар қолданыстағы заңдар мен заңнамалық актілерді пысықтау қажет. Біз осы мәселелерді АӨК жөніндегі республикалық кеңес деңгейінде реттеу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Біз қажетті сараптамалық-құқықтық бағалаудан кейін заңнамаға тиісті түзетулер енгізуге ниеттіміз», деді Н.Әшімбетов.
Онлайн тыңдау мәселені шешудің жолы емес
Ал ішкі нарықты қорғау мен реттеуге жауапты мемлекеттік қызметкерлер не дейді? Өкінішке қарай, олар «Ашық НҚА» порталы арқылы кеңінен жарнамаланған «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасын қайта-қайта мыжи бергеннен әрі аса алмай отыр. Сонымен қатар бір жылға жуық жұмыс барысында шенеуніктер қалалар мен аудан орталықтарында пайдасы жоқ «ашық жәрмеңкелерді» өткізген. Бағдарлама авторларының алдында қойылған міндеттерінің ешқайсысы отандық өндірушіні қолдау және жергілікті өндірісті ынталандыру мәселесіне шешім бола алмады.
«Мәселен, өндірушілер бағдарламаға импорттық азық-түлікке қатысты мемлекеттік бақылауды күшейту шартын енгізуді ұсынады. Егер сөрелерді отандық ГОСТ пен заңдарға сәйкес келмейтін импорттық контрафактіден және өнімдерден тазартатын болсақ, отандық тауарлар үшін нарықты қосымша 30%-ға дейін босатып беруге мүмкіндік бар», дейді «Қазақстанның құс өсірушілер одағы» заңды және жеке тұлғалар бірлестігінің президенті Руслан Шарипов.
Парламенттегілер мәселені заңнамалық деңгейде шешуге кірісіп кеткен көрінеді, алайда мемлекеттегі аталған бағыт бойынша жауапты тұлғалар өндірушілердің көтерген мәселелерін шешуге ниетті емес.
Қарапайым мысал келтіріп өтсек, пандемиядан кейін мемлекеттік бағдарламалар мен заң жобаларын дайындау бойынша талқылаулар мен қоғамдық тыңдаулар мемлекеттік қызметкерлер белсенді түрде қолданып жүрген онлайн форматқа ауыстырылды. Онлайн тыңдаулар сол күні ұйымдастырылып, қатысушылардың дайындалуына мүмкіндік бермеген. Сондай-ақ осы онлайн-талқылаулар барысында интернет әдеттегідей нашар ұстап, нәтижесінде ешкім ешкімді тыңдай алмаумен аяқталып отырған деседі. Ешкім хаттаманы және айтылған ұсыныстар мен ескертулерді есепке алмай, соныңда бұл тыңдаулардың барлығы жалған формалдылыққа айналып кеткен.
Қордаланған мәселелерге қатысты «Қазақстанның Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников: «Ресми түрде талқылаулар өтеді және бизнес те қатысып жатқан сынай танытып, өндірушілер де өз пікірін білдіріп отырғанмен, мәселе шешіліп жатқан жоқ. Шенеуніктер өздеріне қалай ыңғайлы солай әрекет етіп жатыр. Олар мемлекеттік бағдарламаның тыңдаулар мен келісімдерден өтіп жатқанын растау үшін «онлайн түрде сытылып шығу» амалын ойлап тапқан», деді.
Руслан Шарипов импорттық өнімдер мен отандық өнімдерді тексеруде мүлдем әділетсіз жағдай қалыптасқанын жасырмайды. СЭС органдары өз өндірушілерін үнемі және бірнеше рет тексеріп отыр. Ал импорттық тауар тек бір рет, яғни Қазақстан нарығына шыққан сәтте ғана тексеріледі. Осыдан кейін бірнеше жыл ішінде жеткізуші бұл өнімді бақылаусыз әкеле алады деген сөз. Демек біздің нарыққа үлкен мөлшерде күмәнді сападағы азық-түлік келіп түседі. Бір ғана мысал, «Қазақстанның Құс өсірушілер одағы» импорттық мұздатылған тауықты өндірушілердің өзі өнімді 40%-ға дейін сумен немесе тұзды ерітіндімен толтыратынын ескертеді.
Саудагер отандық өндірушіден артық па?
Жалпы, осынау құбылысты экономика тілімен өте қарапайым түсіндіре кетуге болады. Сауда желілері үшін ең арзан тауарды (сауда маржасы) сату коммерциялық тұрғыдан тиімдірек, сондықтан олар сапалы қазақстандық тауарды емес, импорттық азық-түлікті демпингтік бағамен сатып алуды жөн көреді. Мұндай жағдайда импортпен бәсекелесу экономикалық тұрғыдан мүмкін емес.
Ең қызығы, тиісті ведомстволардағы мемлекеттік қызметкерлер өндірушілерді емес, саудагерлер тарапын қолдап отыр. Олар өндірушілердің мәселелерін жете ұғынып түсінгісі де келмейді. Еркін нарықты сылтауратып жағдайды еш өзгертуге болмайтынын алға тартқан. Әрине, ешкім де еркін саудаға қарсылық тудырып отырған жоқ, бірақ нарықты сапамен қамтамасыз етіп, ретке келтірудің уақыты келген секілді. Өз қалауынша отандық өнімді ысырып, шетелдік өнімдерге басымдық беріп жүрген сауда желілерінің қызметін заңнамалық тұрғыдан реттейтін де уақыт келді емес пе? Бұл мәселенің шешімі табылмайынша қазақстандық өндірушілер сауда сөрелеріндегі баға бәсекелестігіне төтеп бере алмайтыны анық.
Солтүстік Қазақстан облысының келтірілген деректеріне үңілсек, кейінгі жылдары осындай саясаттың нәтижесінде 15 ет өнімдерін өңдеушілердің жетеуі банкротқа ұшыраған. Ал бұл жалпы санның жартысынан көбін құрап тұр.
«Отандық, жергілікті өндірушілер шетелдіктермен салыстырғанда сауда желілерімен қарым-қатынасы басынан қолайсыз, ұтылушы позициясында тұр. Мұндай жағдай еш жерде жоқ. Кім және не себепті осындай жағдай туғызғаны да түсініксіз. Бірақ кез келген жағдайда сауда желілері импорттық тауарлармен сауда жасаған кезде аталған ережелерді қолданып келеді. Нәтижесінде, кейбір өңірлердегі супермаркеттер сөрелерінде ет, консерві және шұжық өнімдерінің 80%-ы – Қазақстандікі емес. Бұл – нонсенс. Меніңше, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасында жергілікті өндірушілердің өндірісті кеңейтуіне жағдай тудыру үшін импорттық өнімге бақылауды түбегейлі күшейтетін шаралар мен бастамалар пакеті болуға тиіс. Азық-түлік өнеркәсібі саласындағы отандық кәсіпорындарға басымдық қажет», дейді «Қазақстан Ет одағының» басшысы Мақсұт Бақтыбаев.
Өндірушілер қазақстандық өнім жеткізушілерді шеттетіп отырғанын айтып, олардың импортпен бәсекеге түсе алмайтынын жеткізеді.
«Қазіргі таңда сауда желілері пост-төлем бойынша қатаң шарттар қойып, есеп-айырысуды да кешеуілдететіндері тағы бар. Кәсіпорын өнімді шығарады, салық төлейді, қызметкерлерге жалақы береді, өнімді жеткізуге де төлейтінін ескеретін болсақ, сауда желілері сатып алушыға өнім сатылғаннан кейін сол жеткізілген тауарға бірнеше айдан соң төлем жасайтыны ақылға сыймайды», дейді «Қазақстан Сүт одағының» төрағасы Владимир Кожевников.
Ал Руслан Шарипов мемлекеттік деңгейде Ішкі сауда субъектілері арасындағы қаржылық қатынастардың ашықтығын бақылау қажеттігін алға тартып отыр.
«Атап айтқанда, «Сауда қызметі туралы» заңнан «сыйақы» ұғымын алып тастау керек. Бұл тауарды жеткізушінің сауда желілеріне ретробонустар төлеуін және жалпы кез келген бонустарды төлеуді немесе тауарға байланысты қосымша қызметтерді көрсетуді қамтиды. Сондай-ақ қолданыстағы бағалар тізімінен сатып алу бағасына жеңілдіктер жасауға тыйым салу керек (сауда компаниялары келісімшарттарды осындай манипуляциялар арқылы іске асырады). Сауда желілерінің жұмысын реттеу индексі ретінде тек «сауда үстемесі» ұғымын қалдыру керек, ол дамыған елдердегідей қатаң шектелуге тиіс», дейді ол.
Сондай-ақ «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысты «Amanat» партиясы да дәл осы тәсілді ұстанады. Бірақ неге Үкімет үнсіз отыр? Бастапқыда жол картасы шеңберіндегі «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасында азық-түлік супермаркеттеріндегі сауда сөрелерінің кемінде 50%-ы қазақстандық тауарларға ешбір шартсыз берілуге тиіс нормасын қатаң бекіту ұсынылғанын еске салғанымыз жөн. Алайда бұл сөйлем кейінірек бағдарлама мәтінінен алынып тасталған.
Сонымен қатар бұл тәсіл (дамыған елдердегідей сауда желілеріне тек үстемеақы қалдыру) ең дұрысы болып саналады. Өйткені іс жүзінде үстемеақы деңгейі – бұл сауда желілері арасындағы «бәсекелестік аумағы». Яғни шартты түрде айтсақ, кейбіреулер тауарды кез келген қызметсіз 15%-ға, ал басқалары ұсынылған орны мен жоғары қызметіне сай 25%-ға дейін бағалай алады. Сатып алушы өнімді өзіне ыңғайлы және тиімдірек болатын жерден таңдайды. Басқаша айтқанда, үстеме бағаны басқаша реттеу мен шектеу көзделмейді, әрине, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді есептемегенде. Бұл жағдайда ірі сауда желілері сауда үстемесін барынша төмендетіп, дамыған елдердегідей тұтынушыны өзіне тартуға тырысатын еді. Қазіргі уақытта Қазақстанда қолданыстағы нормаларға байланысты ірі сауда желілері бағаны төмендетіп, тұтынушыларға ерекше ұсыныстар мен жоғары қызмет көрсетудің орнына өздерінің ыңғайына қарай нарықты толықтай монополиялауға көшкен. Егер де нарықта бәсекелестік әділетті түрде жүрсе, онда сауда компанияларымен байланысты сұрақ та туындамаған болар. Мәселен, қазақстандық өнімді жеткізуші бір желімен келісе алмаған жағдайда, екіншісі оны қуана қабылдайтын жағдай туар еді. Бірақ қазіргі жағдаймен өлшейтін болсақ, әр аймақтағы бір-екі ірі сауда желісімен бұл мүмкін емес.
Бейіндік бағыттағы мемлекеттік органдардың халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету қауіпсіздігі, тұтынушының денсаулығын қорғауға және қазақстандық нарық секторының мүддесін қамтамасыз етудегі қарым-қатынасы, жұмсартып айтқанның өзінде ақылға қонбайды. Отандық азық-түлік өндірушілер экономиканың маңызды сегменті бола тұра, сауда министрлігінде болсын, осы саладағы саясатты анықтайтын басқа да мемлекеттік құрылымдар да қандай да бір себептермен саудагерлердің мүдделерін бірінші орынға қояды. Бұл жағдай – ештеңе өндірмейтін «сатып алу-сату» деп аталатын индустрияның жеңісі мен жемісі, ал отандық өнім шығарушы кәсіпорындармен бірге Қазақстан тұрғындарының жеңілісінің сипаты. Қорыта айтқанда, «Қазақстанда жасалған» жобасының жүзеге аспай отырғанына отандық өндірушілерді жеткілікті қорғай алмаған. Жауапты орындар кінәлі.
АЛМАТЫ